Алуа Балқыбекова, Канело, Пойыз. 21 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Қазақстанда ұлттық нақышта әрленген пойыз жүре бастады.

Көнеден мерекеленіп келе жатқан Наурыз мейрамы қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша ұлттық нақышта безендірілген электр пойызын іске қосты.

Жайлы сапарлау үшін вагондар ауа баптайтын қондырғылармен, биодәретханалармен жабдықталған. Пойыз жолаушылары сапарлау барысында ойын-сауық контент пен пайдалы ақпаратпен жабдықталған vputi.kz мультимедиялық порталды пайдалана алады.

«Наурыз» электр пойызы – бұл «Жолаушылар тасымалы» АҚ, ҚР ПІБ «Бурабай Даму» ЖШС, Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының бірлескен жобасы. Ол ішкі туризмді насихаттау мақсатында жүзеге асырылады.

Наурыз мейрамында жақсы жаңалық екен, иә?😍😍😍

2️⃣ Канело Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтады.

Кәсіпқой бокстан екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Сауль Канело Альварес Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтады.

«Әлемге әйгілі боксшы, абсолютті чемпион, досымыз Сауль (Канело) Альварес Қазақстан халқын көктеммен бірге келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады. Ал Suleimen Promotions командасы өз кезегінде қазақы дәстүр бойынша боксшыға құрмет көрсетіп, шапан жапты, сый-сияпат көрсетті», – делінген желідегі жазбада.

Канело да Қазақстан халқын қазақ тілінде құттықтап: «Наурыз мейрамы құтты болсын, Қазақстан! Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын! Мен барлығыңызды құшақтаймын!» – деді.

Ал сен қазақ тілін қаншалықты жетік білесің?🤔🤔🤔

3️⃣ Алуа Балқыбекова бокстан әлем чемпионатының ширек финалына шықты.

Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Алуа Балқыбекова рингке шықты.

Алуа 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік, Еуропа чемпионы Юлия Чумгалаковамен жұдырықтасты. Алғашқы екі раундта төрешілер қазақстандық боксшы басым деп тапты. Қорытынды есеп те өзгерген жоқ – 4:1, А.Балқыбекованың пайдасында.

Осылайша, екінші жекпе-жегін де сәтті өткізген Алуа Балқыбекова ширек финалға жолдама алды.

Енді финалға шығып, жеңіспен оралуын тілейміз!✊✊✊