Анатолий Букреев, Соңғы қоңырау, Ассамблея ТВ.18 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 Қаңтар, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстан мектептеріндегі соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру ұсынылды.

Мәжілісмен Аманжол Әлтай Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында қазақстандық мектептердегі соңғы қоңырауды 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды ұсынды. Өйткені, Қазақстанда 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

«31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бір қызығы, Білім министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы бұйрығына сәйкес мектептерде соңғы қоңырау 31 мамырға белгіленген. Бұл қате шешім. Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырауды 1 маусымға немесе 30 мамырға ауыстыру керек. Бұл талқылауды қажет етпейтін әділ мәлімдеме», – деді Аманжол Әлтай.
Сонымен бірге ол Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге қатысты Үкіметке бірнеше ұсыныс білдірді.
Атап айтқанда:

– Жалпы халықтық үнсіз еске алу минутын ұйымдастыруды;
- Телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетуді;
- Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялауды;
- Мектептердегі соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыруды;
Cонымен қатар, 31 мамыр күні ұстаз – сабағын, дін өкілдері – уағызын, министрлер мен әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер мен жеке секторлар сол күнгі жиналысын, жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске еске алумен бастауын сұрады.

Ал сен бұл ойға қалай қарайсың?🤔

2️⃣ Қазақстан халқы ассамблеясы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ассамблея ТВ» телеарнасын іске қосты.

Бұл туралы Astana TV Astanatv.kz хабарлады.

Жаңа телеарнаның негізгі мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін қалыптастыру және кеңінен насихаттау.

«Ассамблея ТВ» телеарнасының бас продюссері Саида Үкібаеваның айтуынша, жаңа арна былтыр қазан айында ресми түрде өз жұмысын бастаған болатын.

«Осы уақытқа дейін бірталай танымдық-мәдени ағартушылық бағдарламаларды контенттерді қазақстандық көрермендердің назарына ұсынып келеді. Қазіргі мәселе біздің осы бағдарламаларды қазақ тілінде жүргізу бірінші орында тұр. Соған байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді Үкібаева.

Жаңа телеарна!👍🔥

3️⃣ Медеуде төрт рет Эверест шыңын бағындырған альпинист Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды.

Мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Ол Анатолий Букреевті құзға шығар алдында сәл демалып тұрған кейпінде бейнелеген. Альпинистің қолы мұз шапқышқа тиіп тұр. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен және қолдауымен орнатылды.
«Аты аңызға айналған жерлесіміз, альпинист Анатолий Букреевке арналған мүсін композицияны орнату туралы бастамамен белгілі меценат, кәсіпкер Нұрлан Смағұлов әкімдікке өтініш білдіргенде, біз бұл идеяны зор ынтамен қолдадық. Анатолий Букреев шын мәнінде аты аңызға айналған адам. Ол еліміздің, қаламыздың, тауымыздың, спортымыздың даңқын асқақтатты», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Мүсінді көрдің бе?😍