Қандас, Фильм, Оқушы. 24 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 мая, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Әлихан Бөкейханов туралы толықметражды фильмнің түсірілімі басталды.

Белгілі қазақстандық  кинорежиссёр, кинематограф әрі продюсер Мұрат Бидосов «Әлихан» толықметражды фильмнің түсірілімі басталғанын мәлімдеді.

Бұл қуанышты жаңалықты режиссер әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Әлихан» — толықметражды фильм! Бұған дейін «Тар заман» тарихи сериалын түсіргеніміз көрерменнің есінде болар. Осы сериалды қолға алған кезде көптеген тарихи деректер мен мағұлыматтар жинадық. Шыны керек, бұл деректер біраз фильмге азық боларлық дүниелер екенін сол кездің өзінде аңғарған болатынбыз. Енді «Әлихан» толықметражды фильмінің сценарийін жазып бітіріп, съемкаға дайындық жұмысына қызу кірісіп кеттік. Жобаға кәсіби тарихшылар тартылып,олардың талғам-таразысынан, сүзгісінен өтті. Осы картинаны жүзеге асыруға аянбай қол ұшын созған азаматтарға мың алғыс!”, — деді Мұрат Бидосов.

Айта кетейік, Мұрат Бидосов —
алаш қайраткерлерінің өмір жолын, ұлтқа белгілі әйгілі тұлғалардың тағдырын арқау еткен бірнеше телесериалдың режиссері. Бұған дейін оның басшылығымен “Тар заман”, “Кейкі” және “Абай” туындылары көрерменге жол тарты.

Бәріміз туындының көпке таралуына үлес қосайық!🔥

2️⃣ Биыл 186 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді.

Ғани Бейсембаев бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, балалардың өз мұғалімдеріне, мектеп ұжымына, ата-аналарына алғыс айтуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 95 күміс, 128 қола медаль бар. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін!», — деді ол өз құттықтауында.

Министр сондай-ақ су тасқынымен күресте алдыңғы қатарда болып, көмекке жұмылған қазақстандық педагогтерге алғысын білдірді.
«Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін!», — деді Ғани Бейсембаев.

Бітіруші түлектерге сәттілік тілейміз!👍

3️⃣ Осы жылы алты мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.

1 мамырдағы жағдай бойынша 5 926 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 134,3 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (50,3%) Қытайдан, 33,4% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан 5,2% – Моңғолиядан , 3,4% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,6%-ды және зейнеткерлер 9,5%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,1%-ы жалпы орта білімді, және 5,3%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Құтты болсын!👏🏻