Ангелина Лукас, Шахматшылар, Бек Нұрмағамбет.23-ші қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 23 Қазан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Бек Нұрмағамбет мексикалық қарсыласын нокаутқа түсірді.

Нұрмағамбет мексикалық боксшы Лусиано Араухомен (6-5-3, 3 КО) жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек Мексиканың астанасында супер орта салмақ дәрежесі бойынша өтті. Боксшыларға 8 раунд берілді. Бірақ қазақстандық боксшы өз қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Осылайша, Бек Нұрмағамбет кәсіпқой бокстағы сегізінші жекпе-жекте жеңіске жетіп отыр. Ал Лусиано Араухо алтыншы рет жеңілді. 24 жастағы Нұрмағамбет былтыр супер орта салмақта WBA International титулын ұтып алған болатын.

Айта кетері, бұған дейін Әбілхан Аманқұл (2-0, 2 КО) Мехикода өткен жекпе-жекте жеңіске жеткен. Ол да жергілікті боксшы Йеассон Сервантесті (6-1, 3 КО) екінші раундта нокаутқа жіберді.

Бүгінгі жекпе-жекті тамашалай алдың ба? 😍

2️⃣ Қазақстандық боксшы қыз Ангелина Лукас UBO International белбеуін жеңіп алды.

Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен бокс кешінде Лукас украиналық Алена Гуриеваға (1-3) қарсы шығып, қарсыласын екінші раундта жеңді.

«Бүгін мен өзімнің алғашқы чемпиондық титулымды жеңіп алдым. Алла қаласа, Қазақстанға тағы көп титул сыйлаймын! Алға Қазақстан», – дейді Лукас.

Айта кетері, Ангелина Лукас өзінің алғашқы жекпе-жегін 2021 жылы елордада өткізді. Сол кезде ол төрешілер шешімімен украиналық боксшы Светлана Василевскаяны жеңген болатын.

Құтты болсын!🔥🔥🔥

3️⃣ Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатында 12 медаль жеңіп алды.

Индонезияда классикалық шахмат, рапид және блицтен ұлдар мен қыздар арасында Азия чемпионаты өтті. 8-18 жас аралығындағы Қазақстан құрамасы жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
«Біздің команда Азия чемпионатында 12 медаль жеңіп алды. Жарысқа Қазақстан чемпионатында екінші орын алған шахматшылар қатысты. Блиц бойынша алты медаль жеңіп алдық. Классикада сәттілік серік болмады, төрт төртінші орынмен аяқтадық», – деді балалар-жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Антон Филиппов.
Қазақстан шахмат федерациясы атқарушы директорының айтуынша, Азия чемпионаты халықаралық жарыстар күнтізбесінде маңызды орын алады.

«Шәкірттеріміздің осындай жетістікке жетіп жатқанын мақтан тұтамыз. Біздің федерация мемлекеттік органдармен және демеушілермен бірлесіп жұмыс істеуге үлкен көңіл бөледі. Біз атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында спортшыларды алдағы жеңістерге ынталандыра аламыз деген сенімдеміз», – деді ол.

Керемет!💐💐💐