Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Депутат Түркістанда арақ сатуға тыйым салуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласы әкімдігіне осындай сауал жолдады.
“Түркістан – рухани астанамыз. Осы мәртебеге сай, қалада арақ сатуға, тұтынуға және ішіп алып көшеде жүруге тыйым салу керек деп санаймын. Бұл жерде біздің бабаларымыз, әулие, батырларымыз жатыр. Шетелден келген қонақтарға қаланың мәдениеті мен рухани келбетін көрсетуіміз қажет. Ал көшеде арақ ішкен азаматтарды көріп, ұятқа қалсақ, бұл мәртебеге сәйкес келмейді. Осы заң аясында Түркістанды “рухани қала” ретінде арақсыз қала ету мүмкін бе?” – деді Назаров.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл ұсынысқа жауап берді. Ол облыста “Ішімдіксіз ауыл” жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бастамаға 30-дан астам ауыл қосылған. Түркістан қаласында да зиялы қауым, ақсақалдар мен белсенді азаматтардың қатысуымен арнайы талқылаулар өткенін айтты.
“Түркістанды рухани-мәдени орталық ретінде дамыту негізгі басымдықтардың бірі. Сонымен қатар қала туристік орталық ретінде де бекітілген. Бұл мәселеге бизнес өкілдерінің көзқарасы әртүрлі. Дегенмен, ұсыныс орынды. Алдағы уақытта заң аясында қарастырылады деп санаймыз,” – деді Тәжібаев.
Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз? Құптайсыз ба?🤔
2️⃣ Алматылықтар жыл басынан бері 5 мыңнан аса VIP нөмірге тапсырыс берген
VIP нөмірлердің құны қалай белгіленеді?
№1 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әсет Тұрғымбаев VIP нөмірлердің бағасы кімнің құзырында екенін түсіндірді.
“Кейбір азаматтар VIP нөмірлердің бағасын ‘Азаматтарға арналған үкімет’ белгілейді деп ойлайды. Бұл қате пікір. Мұндай нөмірлерден түскен қаржы мемлекеттік қазынаға аударылады, ал олардың құны Қазақстан Республикасының Салық кодексімен реттеледі,” – деді Тұрғымбаев.
2024 жылы сандар мен әріптердің комбинациясына қарай VIP нөмірлердің құны 57 АЕК-ті құрап, 210 444 теңгені құрайды. Ал ең жоғары сұранысқа ие нөмірлерге 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 және 707 жатады.
Ең қымбат нөмірлер – 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009 және 777. Мұндай нөмірлердің бағасы 285 АЕК, яғни 1 052 220 теңге.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалының мәліметінше, биыл 863 324 көлік тіркеліп, 116 741 жүргізуші куәлігі берілген.
Әсет Тұрғымбаев клиенттің VIP нөмірге тапсырыс беру тәртібін де түсіндірді:
“Клиент мамандандырылған ХҚКО-ға келіп, қажетті VIP нөмірге тапсырыс бере алады. Мамандар базадан сұранысқа ие нөмірлерді тексеріп, тапсырысты тіркейді. Сондай-ақ клиент өзіне ұнаған сандар мен әріптердің комбинациясын алдын ала анықтап, нөмірге өтінім бере алады. Алматыда мұндай нөмірлер 5 жұмыс күні ішінде дайындалады. Сонымен қатар, тапсырысты eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы да рәсімдеуге болады,” – деді ол.
Мәссаған! Ал сіз VIP нөмірге қызығасыз ба?😮
3️⃣ Ұлттық Банк “Аю” коллекциялық монеталарын айналымға шығарады
Қазақстан Ұлттық Банкі “Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері” сериясының AIÝ коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Күмістен жасалған 1 000 теңгелік, сондай-ақ мельхиор қоспасынан жасалған 500 және 200 теңгелік AIÝ коллекциялық монеталарын 2024 жылғы 19 желтоқсаннан бастап ҚҰБ-тың интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Монеталар “Қазпошта” АҚ арқылы жеткізіледі.
Номиналы 5 000 теңге болатын AIÝ коллекциялық монеталары 2024 жылғы 23 желтоқсаннан бастап ҚҰБ-тың интернет-дүкеніне kazcoins.nationalbank.kz сатуға шығарылады, монеталарды сатып алушылар өздері алып кетуі керек.
AIÝ (аю) – “Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері” сериясының жетінші монетасы. Монета дизайнында жануардың табиғи және трафареттік бейнесі сақ стилінде үйлесім тапқан.
Тамаша!😍