Қаражат, ҰБТ, Электросамокат. 18 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 января, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 2023 жылы қазақстандықтар VIP-нөмірге 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы автокөліктерге арналған VIP-нөмірлер қанша тұратынын айтты. Бұл туралы мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстанда VIP-нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілген. Сатудан түскен қаржы ел бюджетіне түседі.

Мемлекеттік корпорация мәліметінше, 2023 жылы 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 нөмірлері ең жылдам сатылған нөмірлер болып табылады. Әр нөмір бағасы 57 АЕК (2024 жылы 210 444 теңге) болады.
VIP-нөмірлер қатарындағы әріптері бірдей ең қымбат сандар 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сандары. Мұндай әрбір нөмір көлік иесі үшін 285 АЕК (2024 жылы 1 052 220 теңге) тұрады.

Мәссаған! Ал сіз VIP нөмірге қызығасыз ба?😳

2️⃣ ҰБТ-2024 — Түлектер арасында танымал пәндер комбинациясы белгілі болды.

Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Биыл талапкерлердің 18,4%-і «биология-химия» пәндерін таңдады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл бейіндік пәндер комбинациясымен талапкерлер медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы, ветеринария және т.б. бағыттарға оқуға түсе алады.

Сонымен қатар алғашқы бестікте

«математика-физика» – 16,9%,

«математика-информатика» – 11,7%,

«шет тілі-дүниежүзі тарихы» – 9,4%

«шығармашылық емтихан» – 9,3% бар.
Өткен жылғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, топ-5 өзгерген жоқ. Дегенмен 2023 жылғы қаңтар ҰБТ-сында талапкерлердің ең көп таңдаған комбинациясы «математика-физика» – 19,2% болды. Екінші орында «биология-химия» – 18,6%, ары қарай «шығармашылық емтихан» – 10,2%, «математика-информатика» – 10% және «шет тілі-дүниежүзі тарихы» – 8,7%.

«ҰБТ-дағы ең танымал комбинацияның «биология-химия» деп өзгеруі талапкерлер арасында медициналық және ауылшаруашылық мамандықтарының көптаңдауға ие болғандығын көрсетеді. Соңғы бірнеше жылда ҰБТ-ның барлық кезеңдерінде талапкерлер инженерлік, құрылыс, педагогикалық және басқа да мамандықтарға түсуге мүмкіндік беретін «математика-физика» комбинациясын көп таңдады. Осы комбинацияда мамандық таңдау мүмкіндігі де көбірек, сонымен қатар гранттар алу ықтималдығы жоғары. Осыған қарамастан, 2024 жылы талапкерлердің 18,4%-ы «биология-химия» пәндерін таңдауды жөн көрді», — деді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске сала кетсек, қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 136 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді.

Сіздің таңдауыңыз қай пәндерге түсті? 🤔

3️⃣ Электрсамокаттарға бөлек жол салу қарастырылып жатыр.

Қазақстанда электрлі самокат, мопед, скутер жүргізушілеріне арналған жол салу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев хабарлады.

Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелеріне байланысты бірқатар өзгеріс енгізілді.

“Заң бойынша мопед, электрлі самокат, скутер жүргізушілеріне қойылатын талаптар қатаңдай түсті. Ал жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылады. Сонымен қатар самокат, скутерлерді жалға беретін ұйымдар да бақылауға алынады. Олар GPS арқылы басқарылады және қозғалыс жылдамдығын шектеуге болады. Электр самокаттарының ең жоғары жылдамдығы сағатына 6 шақырым болуы қажет”, — деді Қайсар Сұлтанбаев.

Соңғы уақытта саны да көбейіп кетіп еді. Сіз жаңа ережемен келісесіз бе?😯