Аружан Сағындықова, Әлем чемпионаты, Жасыл дренаж.3-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 Қараша, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Qazaqstan және Qazsport телеарналары футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатарда өтетін футолдан әлем чемпионатын көрсету құқығын иеленді.

«Қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен бірге qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады», – делінген хабарламада.

ХХІІ әлем біріншілігі Қатардың 5 қаласында 8 стадионда өтеді. Трансляциядан бөлек, бір ай бойы тікелей эфирде арнайы бағдарламалар циклы ұйымдастырылады.

20 қарашадан бастап «Қазақстан» телерадиокорпорациясының түсірілім тобы Қатар стадиондарынан репортаж ұсынып, тікелей қосылымға шығады. Чемпионат кезінде корпорацияның әлеуметтік желідегі парақшаларында жанкүйерлер арасында футбол атрибуттары ойнатылады.
Айта кетері, әлем біріншілігінің ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығы тек «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына тиесілі. Чемпионатты өзге ақпарат көздерінен трансляциялауға, таратуға тыйым салынады.

Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар мен қоғамдық орындардағы көрсетілімдер де тек Qazaqstan және Qazsport телеарналарының эфирі арқылы жүзеге асуға тиіс.

Ойындарды жүргізетін комментаторлар мен матчтар кестесі жақын арада жарияланады.

Арамызда футбол жанкүйерлері бар ма?😍😍😍

2️⃣ 17 жастағы қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова Түркиядағы жарыстың ширек финалына өтті.

Анталия қаласында (Түркия) ITF World Tennis Tour W15 турнирінің ширек финалына өтті.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, 17 жасстағы Аружан Сағындықова жекелей сында алғаш рет ересектер арасындағы жарыстың ширек финалына шығып отыр.
Аружан екінші айналымда швециялық Юлия Локвистті бет қаратпай ұтты – 6:3, 6:1.

А. Сағындықова жартылай финалға шығу үшін ертең сербиялық Наталия Сенич немесе жапониялық Кохару Ниимидің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Жанель Рүстемова екінші айналымда жарыстың 5-ракеткасы, ресейлік Анна Урекемен кездесті. Бірінші партияда ресейлік спортшы басымдылық танытты – 7:5. Екіншісінде Жанель есе қайырды – 6:4. Шешуші, үшінші сетте қазақстандық теннисші 0:4 есебімен ұтылып жатып, қатарынан үш гейм алды. Алайда, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.

Жарайсың, Аружан!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Мектеп оқушысы Алматы көшелерін су басудың алдын алатын «жасыл дренаж» жобасын әзірлеп, қала әкіміне ұсыныс жасады. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

«Мен Алматы қаласында орналасқан физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысымын. Менің сізге ұсынысым бар. Қаламызда, атап айтқанда Алмалы ауданында жаңбыр жауған кезде шалшықтар пайда болады және су басу мәселесі туындайды. Мен «жасыл дренаж» жобасын әзірледім. Бұл құдық, оның ішінде батпақты өсімдік және топырақ болады. Ол жерге жаңбыр суы ағады, өсімдіктер арқылы сүзіледі, олар арнайы осы үшін жасалған. Су осы жерге сіңіп кетеді. Бұл жобаны Филадельфия мен басқа да көптеген қалалардағы зерттеулерді негізге алып жасадым. Онда жоба сәтті жұмыс істеді, оны Алматы жағдайына сай түзеттім. Менімен бірге пилоттық жоба жасауларыңызды сұраймын», – деді оқушы тұрғындармен кездесуге келген әкімге.

Осыған орай, Ерболат Досаев Алмалы ауданының әкімі мен Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасына тапсырма берді.

«Пилоттық режимде қолданып көрейік, неге болмасқа?» – деді Ерболат Досаев.

Білімді әрі зерек азаматтарымыз көп болсын!🔥