Қарыз, автокөлік, Би-2. 20 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 июня, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін лауазымды тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтып, жазаны қатаңдату ұсынылды.

Бұл туралы sputnik.kz хабарлады. Наталья Годунованың айтуынша, үкімет бюджет тәуекелдерін анықтап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақтылығына талдау жасады.

«Борыш саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып жатыр. Сырттан тиімсіз қарыз тартқаны және оны уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді – 100 АЕК (биыл 345 000 теңге). Бұл ретте айыппұл сомасын ұлғайту қажет деп санаймыз», — деді Годунова парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Ол Ұлттық қор қаражатынан республикалық бюджетке бағытталатын трансферттерде ағымдағы сипаттағы шығыстар алынып тасталғанын атап өтті. Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтауды көздейтін бюджеттік ережелер қабылданды.

Ал сіз бұл ұсынысқа келісесіз бе?🤔

2️⃣ Өзге елде есепте тұрған автокөлікті 5 жылға уақытша тіркеуге рұқсат берілді.

Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтын Жамалиев айтты.

«Астана» арнасының мәліметінше, осы аралықта шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылады. Оның орнына уақытша мемлекеттік нөмір мен уақытша тіркелгендігі туралы куәлік беріледі. Меншік иесі 5 жыл ішінде көлігін шетелдік тіркеуден шығарып, Қазақстанда заңдастырмаса, автокөлікті елден шығаруға міндеттеледі.

«Көлік құралдары 5 жыл мерзімге дейін уақытша есепке қойылады. Ол азаматтар тек мемлекеттік номер үшін және көлік құралының тіркеу нөмірі үшін баж төлемдерін төлейді. Ал 200 мың теңге соманы төлемейді. ЕАЭО есебінде тұрған көлік құралын есептен шығарып, содан кейін 200 мың теңгесін төлеп, нақты есепке қоюға рұқсат берілген», — деп түсіндірді Алтын Жамалиев.

Шетелдік көліктерді заңдастыру үшін өтініш 1 шілдеге дейін ғана қабылданады. Қазір 160 мың өтініш қанағаттандырылып, көліктер тіркеуге алынған. Әлі 13 мыңнан астамы өз кезегін күтіп тұр. Одан бөлек, 7 мыңға жуық құрастырмалы автокөлік мемлекеттік есепке кірді.

5 жыл ішінде үлгермесеңіз, автокөлікті елден шығару міндеттеледі.📌

3️⃣ Семейде «Би-2» тобының концерті өтетін болды.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Telegram-арнасында мәлімдеді.

Осыған дейін қала жұртшылығы мен облыстық мәслихат депутаттары жақында 14 адамның өмірін қиған өртке байланысты ресейлік топтың концертін кейінге қалдыру туралы бастама көтерген болатын.

«Қаза тапқан орманшылардың, туыстарының концерт өткізуге келісімдерін алғаннан кейін, қайырымдылық сипаттағы «Абай Арена» спорт кешеніндегі іс — шараны тоқтатпау туралы шешім қабылданды», — делінген хабарламада.

Ал сіз барасыз ба?😍