Асхат Жіткеев, Microsoft, Колледж. 10 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 Сәуір, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Microsoft Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ChatGPT пен Microsoft сервистерінде қазақ тілін кеңейту мәселесі туралы жазды.

Министр әлеуметтік желідегі парақшасында Microsoft компаниясының Қазақстанда мультиаймақтық хаб ашатынын мәлімдеді.

«Бүгін бізге қабылданған шешім жөнінде ресми түрде хабарланды. Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын, ол Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды. Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды», – дейді Мусин.

Осы орайда министр мультиаймақтық хабтың тиімділігін де ерекше атап өтті.
«Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Мусин.
Айта кетері, ChatGPT (ағылшын тілінде Generative Pre-trained Transformer – алдын ала оқытылған генеративті трансформет) – бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін чат-бот. Чат диалог режимінде жұмыс істейді және сан алуан тілдерде түскен тапсырыстарды орындайды.

2022 жылы 30 қарашада іске қосылған ChatGPT-тың мүмкіндігі кең. Соның ішінде код жазу, мәтін құру, аударма жасау және тағы басқа функциялар бар. Биыл ақпанның басында Reuters ChatGPT-ты қолданатын адамдардың саны 100 миллионға жеткенін хабарлады.

Қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп жатыр😍🔥

2️⃣ Асхат Жіткеев халықаралық дәрежедегі төреші атағын алды.

Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев халықаралық дәрежедегі төреші атағын алды.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 4-9 сәуір күндері Алматы төрінде дзюдодан IJF мамандарының қатысуымен құрлықтық және халықаралық дәрежедегі төрешілерге арналған семинар-емтихан өтті.
18 елден жиналған мамандар білімдерін жетілдіріп, Халықаралық дзюдо федерациясының сертификаттарымен марапатталды.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев бірнеше кезеңнен тұрған емтиханнан сүрінбей өтіп, IJF Continental – құрлықтық дәрежедегі төреші атағын алды. Бұл санаттағы төрешілер құрлықтық додаларда, яғни Азия ойындары, Азия кубогі және Азия чемпионаты жарыстарында төрелік ету құқығына ие.

Бұл дәрежеге қол жеткізген қазақстандықтардың қатарында Николай Иванов пен IJF International – халықаралық төреші атағын алған Самат Сапишев те бар.

Құтты болсын! 👏🏻

3️⃣ Колледж студенттері жаңа типтік бағдарлама бойынша оқиды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше,
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерде 6 бағыт және 16 пән бойынша жаңа үлгілік оқу бағдарламалары енгізіледі.

Олардың қатарында педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, техникалық-технологиялық, көркемдік-технологиялық, аграрлық-технологиялық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бар.
Жаңа үлгілік оқу бағдарламаларында жұмыс беруші талаптары мен өңір ерекшеліктері ескеріледі және сағат саны мен тақырыптардың мазмұнын 25% дейін өзгерту көзделген.
«Жалпы білім беретін пәндердің оқу бағдарламаларында білім алушылардың ынтасын, қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретін бейіндік бағыт ескеріледі. Ол мамандыққа қатысты кәсіби-танымдық қызығушылықтың дамуына ықпал етеді. Мысалы, «көлем» тақырыбын алатын болсақ, оны зерттеу кезінде арнайы пән мұғаліміне сабақты қозғалтқышы бар шеберханада өткізуге болады. Педагог оның қалай жұмыс істейтінін сол жерде көрсетеді, одан кейін студенттермен бірге қозғалтқыш, жану камерасы секілді басқа да элементтердің сызбасын қарастырады. Маман үшін білім берудің бұл әдісі өте маңызды, ал оларды математиканы үйрену арқылы алуға болады», – дейді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісов.
Айта кетейік, колледжге түсетіндердің 80% 9-сынып түлектері. Олар бірінші жылы жалпы білім беретін пәндерді оқиды. Бұрын колледждер жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларына негізделсе, енді пәндер студенттер таңдаған мамандыққа бағдарланған практикалық сабақта оқытылады.

Колледжге түскісі келетін оқушыларға құлаққағыс. 😉