Атау, Мектеп, Медаль. 20 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 февраля, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақсткндық Аққанат Смағұлова Германияда өткен беделді хореографиялық байқауда алтын медалге ие болды.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің әртісі Аққанат Смағұлова 2024 жылдың 20 ақпанында Германияда өткен «TANZOLYMP» беделді халықаралық хореографиялық байқауының алтын медаліне ие болды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өнер додасында Аққанат Анвара Садықова қойған «Аққу» және Алмат Шамшиев қойған «Ерке бала» атты екі би нөмірін ұсынды.
⠀
«800-ден астам өнерпаз бақ сынаған байқауда 34 қатысушы іріктеуден өтіп, Гала-концертте өнер көрсетті. Айта кету керек, Аққанат — Гала-концертте „Халық биі“ номинациясы бойынша өнер көрсетуге мүмкіндік алған жалғыз өнерпаз» — делінген хабарламада.
⠀
«TANZOLYMP» фестиваль-байқауы жыл сайын өткізілетін беделді хореографиялық байқаулардың бірі. Байқау бағдарламасын мәдениет және өнер қайраткерлері мен кәсіби би оқытушылары бағалайды.

Құтты болсын!🔥👏🏻

2️⃣ Алматы облысында бірнеше ауыл мен округ атауы өзгереді.

Алматы облысында бірнеше ауыл мен ауылдық округтер атауын өзгерту мақұлданды.

Әңгіме Іле, Талғар, Кеген аудандарындағы ауылдар туралы болып отыр. Атауын өзгерту туралы шешімді мәслихат қабылдады. Тиісті қаулыны Алматы облысының әкімі шығарған.

Іле ауданында өзгертілетін атаулар:

* Энергетический ауылдық округі — Өтеген батыр ауылдық округіне;
* Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы — Кенен Әзірбаев ауылына;
* Чапаев ауылдық округі және Чапаев ауылы — Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы;
* Междуреченск ауылдық округі және Междуреченск ауылы — Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы;
* Іле ауданы Казцик ауылдық округінің Комсомол ауылы — Іле ауданы Казцик ауылдық округі Жайнақ ауылына;
* Казцинк ауылдық округі және Іле ауданының Казцинк ауылы — Асқар Тоқпанов ауылдық округі және Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылы.

Кеген ауданында Жалаңаш ауылдық округі және Жалаңаш ауылы тиісінше Жалағаш ауылдық округі және Жалағаш ауылы болып аталмақ.
Сондай-ақ, Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінде Қызыл-Ту-4 ауылы Жібек жолы ауылы болып өзгертілді.
Осы Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімі мен Алматы облысы әкімдігінің қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 24 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Керемет!👍😍

3️⃣ Биыл елімізде 217 жаңа мектеп ашылады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда неше мектеп салынатынын мәлімдеді.

Министр 2024-2025 жылдары 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланғанын атап өтті. Ал осы жылы 217 мектеп (оның 163-і ауылдық жерде) жұмысын бастайды.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге бөлінді: 2023 жылға – 500 миллиард теңге, 2024 жылға – 976,3 миллиард теңге, 2025 жылға – 909,4 миллиард теңге», – деді Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.

Білім ордасын салуға бюджеттен 2,3 триллион теңге бөлінеді📌