Ауцион, Грант, Мереке. 8 сәуірлің топ жаңалықтары

Автор: редактор 08 Сәуір, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Еліміздің су басқан аймақтарына көмек көрсету мақсатында Димаштың костюмі аукционда сатылды.

Алматыда «Dauletten қайырымдылық қоры» ұйымдастырған қайырымдылық кеште Димаш Құдайбергеннің костюмі аукционда 2 000 000 теңгеге сатылды.

«Dauletten» қайырымдылық қорының мәліметінше, аталмыш костюмді танымал әнші Алла Пугачеваның Мәскеуде өткен мерейтойына орай ұйымдастырылған «Подарок для Анны» атты шығармашылық кешінде киген. Онда Димаш Игорь Крутойдың «Любовь, похожая на сон» әнін орындады. Костюм дизайнері – Atelier Leka.

Қайырымдылық қоры тарапынан ұйымдастырылған аукционда алғашқы лоттың бағасы 500 000 теңгеден басталды. Аукцион соңында костюм 2 000 000 теңгеге сатылды. Бұл лотты қазақстандық кәсіпкер, қаржылық сауаттылық бойынша ментор Еркебұлан Әріпбай сатып алды.

«Мен бұл костюмді ініме сыйлаймын. Ол 11-сыныпты аяқтайын деп жатыр. Өзі де Димаш Құдайбергенге ұқсайды. Туыстарымыздың бәрі оны Димашқа ұқсатады», – деді ол.

Бұл аталмыш кеште 2 000 000 теңгеге бағаланған ең үлкен лот болды. Сондай-ақ, қайырымдылық кешінде «GGG футболка» 1 000 000 теңгеге, қазақстандық мини-футболист, Қайрат және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов киген футболка 300 000 теңгеге, «Ордабасы» футбол клубының және Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің футболкасы 300 000 теңгеге сатылды. Аукционда Мұстафа Өзтүріктің қолы қойылған кітап та болды.

Айта кету керек, «Dauletten қоры» тарапынан ұйымдастырылған бұл кеште жиыны 7 000 000 теңге жиналды. Аукционнан жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалмақ. Елімізде болып жатқан су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетіледі.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы! Дәл қазір кез келген адам қолдан келгенше көмегін көрсете алады.🙌🏻

2️⃣ Қазақстанда жаңа кәсіби мерекелер пайда болады.

Олар:

7 сәуір – Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер күні;
16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлері күні;
20 мамыр – Метрология қызметкерлерінің күні;
10 шілде – Ветеринариялық қызметкер күні;
Қыркүйектің бірінші сенбісі – Аңшылық шаруашылығы қызметкерінің күні;
1 қазан – Жоғары білім қызметкерлері күні;
14 қазан – Стандарттау қызметкерлерінің күні;
18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні.
Айта кетейік, кәсіби мерекелер демалыс күні болып есептелмейді.

Қатарға 8 мереке қосылмақ👍

3️⃣ Елімізде төтенше жағдайға байланысты 1,5 млн теңге қайтарымсыз грантқа өтінімдер қабылдау мерзімі кейінге шегерілді.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

«Өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы қосымша хабарланады. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы республика бойынша 9000 грант беру жоспарланып отыр», – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін Business.enbek.kz порталында 2024 жылғы 8 сәуірден бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталған еді. Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланды.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Жобаның нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін:

* Порталға тіркелу;
* грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
* бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
* өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

2024 жылы республика бойынша 9000 грант беру жоспарланып отыр екен🔥