Аудан,Маусым,ҰБТ. 29 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 Желтоқсан, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Тестілеудің өзі 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. 

Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

Қабылдау 6 қаңтарға дейін жалғасады.☝🏻

2️⃣ 30 желтоқсан Астанада 2023-2024 жылғы қысқы шаңғы маусымының ашылуы өтеді.

Елорда саябағында қысқы спорт түрлеріне арналған жарыс маусымының салтанатты ашылуы өтеді. Іс-шара әртүрлі жастағы қатысушылар 500 метр және 5 шақырым қашықтықта жарысуға мүмкіндік алады.

📍Жарыс келесі талаптарға сәйкес өтеді:

2014 жылы туған немесе одан кіші: ұлдар мен қыздар – 500 м;
2012-2013 ж.т.: ұлдар – 1 км, қыздар – 500 м;
2010-2011 ж.т.: ұлдар мен қыздар – 2,5 км;
2008-2009 жылы туғандар: ұлдар – 5 шақырым, қыздар – 2,5 шақырым;
2006-2007 ж.т.: ұлдар – 5 шақырым, қыздар – 2,5 шақырым;
2005-1982 ж.т.: ерлер – 5 шақырым, әйелдер – 2,5 шақырым;
1982 жылы туған және одан жоғары: ер және әйел ардагерлер – сәйкесінше 5 және 2,5 км.

Спорт фестивалінің бағдарламасына шаңғы жарысынан бөлек, спорттың төрт түрінен: ауыр салмақты көтеру, қол күресі, белбеу күресі және арқан тарту бойынша жарыстар да бар.

Қатысушыларды тіркеу 30 желтоқсан күні таңғы сағат 08:00-де, ал шаңғы жарысы сағат 10:00-де басталады. Ал сіз қатысушы ретінде тікелей сол жерден тіркеле аласыз.

Көрермендер мен қатысушылар үшін бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотерея жоспарланған. Әр жас санатындағы үздік спортшылар дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Елордамыздың тұрғындары іс-шараға тегін қатыса алады.😍👍

3️⃣ Қазақстанда төрт жаңа аудан пайда болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды.

«Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшірілсін», – делінген құжатта.

Жарлыққа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының құрамында:

1. Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы;

2. Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылады.

Абай облысының құрамында:

1. Үржар ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мақаншы ауылында орналасатын Мақаншы ауданы;

2. Семей қаласының құрамынан Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласының аумағында орналасатын Жаңасемей ауданы құрылады.
3.
«Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын», – делінген жарлықта.

Осы жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелді. Ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды.📌