Аударма, Жемқорлық, Дин Лирен. 20 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 Қаңтар, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Мәдениет министрлігіне үздік фильмдерді қазақшаға аудару тапсырылды.

Бұл туралы inform.kz хабарлады.

«Мәдениет саласын дамытуда кино индустрияның әлеуеті зор. Себебі, халық арасында тартымдылығына байланысты – кино мемлекеттік мәдениет саясатын іске асырудың пәрменді құралы. Бізге киноның басты көрермені саналатын жастар арасында отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, отбасылық құндылықтарды, жауапкершілікті, салауатты өмір салтын, білім алуды насихаттайтын тартымды картиналар керек. Министрлік мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін фильмдердің осы талаптарға сәйкес болуын қатаң бақылауға алуы керек», – деді А. Көлгінов Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде.

Сонымен қатар, ол басқа да коммерциялық жобалардың қоғамдық нормаларға қайшы болмауы министрліктің назарында болуы тиіс екенін тапсырды.

«Қазір көрермен талғамының өскенін байқап отырмыз. Сондықтан, фильмдерді көрермен пікірін ескере отырып, мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру механизмін ойластыру қажет. Бұл ретте фильмдер мониторингінің бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу маңызды. Осы ақпараттық жүйе арқылы әрбір фильмнің прокатын онлайн-режимде қадағалауға мүмкіндік туады. Мұндай ақпараттық жүйе кино саласының дамуына өте қажет. Бұл отандық кино нарығын дамытуға оң әсерін тигізетін болады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осы орайда, ол фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау мәселесіне арнайы тоқталды.
«Министрлік үздік фильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесін қолға алуы тиіс. Жастар және балалар қызыға тамашалайтын фильмдердің қазақшалануы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге оң әсерін тигізетін болады. Жалпы, киноөндіріс саласын дамытуда тиісті қауымдыстықтармен бірлескен жұмысты жандандыру керек. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын қазіргі заманға сай модернизациялауды тапсырды. Бұл бағытта нақты жоспарлар жасалған, оны тағы да пысықтап, тиянақты іске асыруды сұраймын», – деді Алтай Көлгінов.

Керемет бастама!🔥🔥🔥

2️⃣ Атырау облысында жемқорлық туралы хабарлаған тұрғын 12 млн теңге сыйақы алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің айтуынша, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарының жемқорлығын әшкереленді. Бұл ақша параның жалпы сомасының 10%-ін құрайды.
Былтыр жемқорлықты ашуға көмектескен 134 азаматқа барлығы 40,6 миллион теңге сыйақы берілген. Ең үлкен сыйақы Атырау және Қызылорда облыстарында берілді. Сыйақы жемқорлықпен ұсталған адамға сот үкімі шыққан соң беріледі.
Айта кетері, жемқорлықты ашқан адамның аты-жөні құпия болып қалады.

«Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат 1424 телефоны бойынша Антикордың Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін әр аумақтық департаменттің Antikor Ortalygy-на бара алады», – деп хабарлайды ведомство.

Өткен жылы сall-орталыққа 27 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, оның ішінде жемқорлық құқықбұзушылық фактілері бойынша 233 хабарлама түскен. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 18-і сотқа жолданған.

Агенттікке түсетін өтініштердің көпшілігі: қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара талап ету, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, «қамқорлық» көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері туралы түседі.

📌 Бұл ақша параның жалпы сомасының 10%-ін құрайды екен.

3️⃣ Астанада әлемнің ең үздік шахматшысы атағы үшін Ян Непомниаччи мен Дин Лирен таласады.

Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы мәлімдеді.

Қазақстан астанасында 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында 2023 жылғы шахматтан әлем чемпионаты өтеді.
Аргентина әлем чемпионатын өткізуге өтініш білдірсе, Мексика мен Қытай да қызығушылық танытты. Астананың кандидатурасы, FIDE пікірінше, географиялық орналасуы мен әлемдік шахмат жарыстарын өткізу тәжірибесіне байланысты айқын артықшылықтарға ие болды және FIDE кеңесі бұл нұсқаға басымдық берді.

«Шахмат тарихында алғаш рет Қытайдан келген гроссмейстер әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Қытайдан бұл шараға үлкен қызығушылық күтеміз. Бұл мүмкіндікті шахматты Азияда насихаттау үшін пайдалануымыз керек», – деді FIDE президенті Аркадий Дворкович.

Оның пікірінше, Қазақстан экономикасы дамыған және географиялық жағдайы жақсы бұл чемпионатты өткізуге жағдай жасады.
Астана 2023-те бұл жүлде қоры 2 миллион еуроны құраса, оның 60 проценті жеңімпазға, 40 пайызы қарсыласына беріледі.

Жаңа әлем чемпионы кім болады екен?🤔