Аударым,ҰБТ, Ақпарат. 21 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 Ақпан, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Наурыз айында өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдау 27 ақпанда басталады.

Наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 27 ақпанда басталып, 10 наурызға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO  қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.

Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады.

Айта кетерлігі, қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Барлық түлекке сәттілік тілейміз!🙌🏻

2️⃣ Өскемендік ғалымдар 150 ауруды анықтайтын медициналық аппарат ойлап тапты.

Өскемендік ғалымдар жылдам әрі нақты талдама жасайтын аппарат ойлап тапты. Бұл туралы 24.kz мәлімдеді.

Қарапайым халық енді медициналық анализ нәтижесіне анағұрлым жедел қол жеткізуі мүмкін. Мәселен осы құрал көмегімен қан құрамынан бар болғаны 14 минут ішінде 150 ауру түрін анықтауға болады.

Химик мамандар мүмкіндігі кең диагностикалық техниканы мемлекеттік емханаларға тегін орнатып бермекші. Жалпы құрылғы шет елдік нұсқаларға қарағанда өте арзан әрі диагнозды дәл қояды. Мұны дәрігерлер де жоғары бағалап отыр.

«Мәселен шеттен әкелген аппарат сынып қалса, оны жөндеу үшін біз арнайы шебер шақыртамыз. Оны бірнеше күн күтуге тура келеді. Ал өзіміздің жергілікті ғалымдардың бұл туындысы өте тиімді. Бұзыла қалса, басқа да мәселе туындаса мамандар тура қасымызда. Бұл құрал барлық емхана, ауруханаға қойылса науқастарға да ыңғайлы болар еді», – дейді медициналық орталықтың бас дәрігері Рая Рахимова.

Керемет! Ғалымдарымыз көбейе берсін!👍

3️⃣ 255 мың теңге көлеміндегі мобильді аударымдар тексеріске негіз болуы мүмкін.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

Министр әртүрлі 100 адамнан 3 айдан артық түскен аударым және жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (255 мың теңгеден) асатын ақшаны мобильді аударым тексеріле бастайтынын атап өтті.

Осы орайда ол кәсіпкерлік кодекстің негізгі шартын еске салды. Мұнда бір жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан асатын, табысы шамамен 1 миллион теңгені құрайтын адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы бөлшек саудада қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 процентке жетті. Халық QR-ды жиі пайдаланып жүр. Былтыр сәуір-қазан айларында QR төлемдердің көлемі 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – барлық операцияның 17 пайызы.

Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің саны төрт есеге өсіп, 2023 жылы 11 айдың ішінде 127,4 трлн теңге болды.

Бұған не дейсіз?🤔