Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Қазақстандық оқушы Yandex Cup’23 “Алгоритм” секциясының жүлдегері атанды.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телеграмдағы парақшасында жазды.
“2-3 желтоқсанда Алматы қаласында Yandex Cup’23 финалы мен үздік қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті. Ең мықты спорттық бағдарламашылардың бірі Батыр Сардарбеков бұл жарыста өз орнын лайықты түрде жеңіп алды:
1-орын — Sun Kevin 43 б
2-орын — Hosaka Yui 42 б
3-орын — He Andrew 40 б
4-орын — Сардарбеков Батыр 35 б (3 сағ 41 мин)
5-орын — Takahashi Ryo 35 б (3 сағ 57 мин).
Батырды осы керемет жетістігімен құттықтаймын және ICPC финалында сәттілік тілеймін!”, — деп жазды Бағдат Мусин.
Құтты болсын!😍👏🏻
2️⃣ Астанада дәрігерлер бес отаны робот ассистенттің көмегімен жасады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Астанада дәрігерлер буын ауыстыру операцияларын алғаш рет робот ассистенттің көмегімен жоғары дәлдікпен жасады.
«Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының дәрігерлері ресейлік биоинженерлермен бірге робот ассистенттің көмегімен 5 күрделі операция жасады», — деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, пациенттер артроздың соңғы сатысында пайда болатын ауырсыну мен буын функциясының бұзылуынан зардап шеккен, бұл науқастың қимылын қиындатады, кейде тіпті пациенттер төсекке таңылады.
Операцияларды жасау үшін Америкада өндірілген бірегей роботтандырылған жүйе әкелінді.
Робот хирургпен бірге зақымдалған аймақты 3D сканерлеу арқылы барлық параметрді математикалық тұрғыдан мінсіз есептей отырып, эндопротезді имплантациялауға көмектеседі.
«Робототехника эндопротезді орнатуға қажетті отаны дененің бір бұрышында жасауға мүмкіндік береді. Имплантты мінсіз орнатқан кезде операцияның асқыну қаупі азаяды, ауырсыну тезірек басылады және буындағы қозғалыс амплитудасы артады», — деді эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Әшімов.
Қазіргі уақытта буындарды ауыстыру операциясы (эндопротездеу) әлемде ең жиі орындалады. Эндопротездеудің мәні — адамның зақымдалған буынын жасанды имплантпен алмастыру, ал эндопротезді дәл орнату керек. Қазақстанда мұндай операция жылына 15 000-нан астам пациентке жасалады.
Робот көмекшісін тұрақты негізде пайдалану мәселесі әлі шешілмеген, бірақ дәрігерлер робототехника жақын арада әрбір операциялық залда қолданылатынына сенімді.
Керемет!👍
3️⃣ Қазақстанда 42 градусқа дейін аяз болады.
Синоптиктер Қазақстанда 7-9 желтоқсанда ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.
Метеорологтар мәліметінше, республиканың басым бөлігінде суық солтүстік-батыс антициклоны әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасының күрт төмендеуі күтіледі. Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарында ғана жауын-шашын сақталады (жаңбыр, қар).
«Түнде ауа температурасы батыста 10-20 градус аязға дейін, солтүстік-батыста және солтүстікте 28-38 градусқа дейін, республиканың қиыр солтүстігінде 42 градусқа дейін, орталықта және шығыста 28-33 градус аяз, оңтүстік аймақтарда 5-13 градус аяз. Республиканың барлық аумағында тұман түсіп, елдің оңтүстік жартысында желдің күшеюі күтіледі», — делінген хабарламада.
Сақ болыңыздар!🙌🏻