Қазақ аруы, Пеле, Білім.30 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Желтоқсан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Футбол королі – Пеле өмірден өтті.

Бұл туралы оның қызы әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Пелеге былтыр қыркүйекте тоқ ішек ісігі диагнозы қойылған.
Биыл ол үш қатерлі ісік (ішек, бауыр және өкпе) және зәр шығару жолдарының инфекциясын емдеу үшін екі рет Эйнштейн клиникасына жатқызылды.

Биыл 30 қарашада Пеле дененің ісінуі, жүрек жеткіліксіздігі, сана шатасуы салдарынан жоспардан тыс ауруханаға жатқызылған. Кейінірек Пеленің ағзасы химиотерапияны қабылдай алмай қалған. Осыған байланысты оған паллиативтік көмек көрсетілгені хабарланды.
Экс-футболшының қыздарының айтуынша, Пеле коронавирус салдарынан пайда болған өкпе инфекциясына байланысты ауруханаға жатқызылған.

Пеле (толық аты-жөні – Эдсон Арантес ду Насименту) – үш рет әлем чемпионы атанған тарихтағы жалғыз футболшы (1958, 1962, 1970).
Ол 92 матчта 77 гол соғып, Бразилия құрамасының тарихындағы үздік бомбардир тізімінде Неймармен бірге тұр.

Иманды болсын!🙌🏻

2️⃣ «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті Диана Тәшімбетованы «Әлем аруы Қазақстан-2022» атағынан айырды.

Бұл туралы ұйымдастыру комитетінің ресми мәлімдемесінде айтылған.

«Конкурс пен оның қатысушыларына жала жабылып, атағына сызат түсірген посттар мен тікелей эфирді жариялауына байланысты биылғы «Әлем аруы Қазақстан-2022» жеңімпазы Диана Тәшімбетованы атағынан айырамыз.

Диананың сөзі тек ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен оның серіктестерін емес, сонымен қатар, байқаудың басқа қатысушыларын да негізсіз қаралап отыр. Біз бұны басқаларға деген үлкен құрметсіздік және басқалардың еңбегін бағаламау деп санаймыз. Қарапайым қыздардың танымал болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істей отырып, ұйымдастыру комитеті үлкен іс атқарып қана қоймайды, сонымен қатар, басқа мүшелер мен серіктестер алдында толық жауапкершілікті өз мойнына алады.

Финалдық шоуға, пиар-компанияға, Диана Тәшімбетованы байқауға қатысуға дайындауға және оның имиджін дамытуға орасан зор қаражат пен күш жұмсалған, ал оның көрсеткен құрметсіздігі мұндай адамның еліміздің намысын қорғайтын «Ару» атағына лайық емес екенін көрсетеді.

Сен бұл шешімге қалай қарайсың?🤔

3️⃣ Биыл әлемдік білім бәсекесінде топ жарған олимпиада жеңімпаздарына 73 млн теңгеден астам сомаға сыйақы табыс етілді.

Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

«Ел Президенті биылғы жылдан бастап «Халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы» Заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4,5 млн), күміс медальға 1 000 АЕК (3 млн), қола медальға 500 АЕК (1,5 млн) көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалған. Осылайша, алғаш рет әлемдік білім бәсекесінде топ жарған олимпиада жеңімпаздарына 73 млн теңгеден астам сомаға сыйақы табыс етілді. Сонымен қатар, алғаш рет халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100-ден аса жеңімпазы мен жүлдегерлеріне отандық жоғары оқу орындарына «конкурстан тыс» қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінді», – деп тоқталды вице-министр.

Жастарымызға үлкен шабыт сыйлайды екен!😍🔥