Қазақстан кубогы, Ринг королі, Жаңа мектептер. 31-ші тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 31 Тамыз, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Бүгін сағат 19:00-де футболдан Қазақстан кубогының ширек финалы өтеді. Жасыл алаңға «Қайрат» пен «Ақжайық», «Тараз» бен «Шахтер» шығады.

Аталған турнирдің топтық кезеңі 14 тамызда мәресіне жетті. Нәтижесінде ширек финалға шыққан сегіз команда белгілі болды.

Жеребе тарту рәсімінде командалар өзара жұп құрады. Бұл кезеңде жеңімпазды анықтау небәрі бір ғана ойыннан тұрады.

Сен кімнің жанкүйерісің?🤔

2️⃣ Қазақстанда жыл соңына дейін 230-дан астам жаңа мектеп ашылады. Ал 1 қыркүйекке дейін 80 мектеп қолдануға беріледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланып отыр. 1 қыркүйекке дейін 80 мектеп ашылады», – деді оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, мектептерді заң бойынша әкімдіктер қаржыландырып, құрылысын жүргізеді.

«Мемлекеттік сатып алулар, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылым, құрылыс жұмыстарын оңтайландыру қажет, қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Нақты құрылыс салу, әкімдіктердің мектеп салмай, үй салуға рұқсат беру тәжірибесі – ол бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз», – деп толықтырды Бейсембаев.

3️⃣ Петропавлда бокстан халықаралық «Ринг королі» ашық турнирі өтті. Мұнда 45 спортшы бақ сынасты.

Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Ринг королі» турнирінде алты салмақ дәрежесі бойынша 45 спортшы бағы мен бабын сынады. 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа Петропавл, Нұр-Сұлтан, Алматы, Жаңаөзен, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Тараз қалаларының спортшыларынан бөлек Қырғызстан мен Ресейдің былғары қолғап шеберлері қатысты. Ерекшелігі – тек 35 жастан асқан спортшылар ғана «Ринг королі» белдігі үшін жұдырықтасты.

Спортшыларымызға сәттілік тілейміз! 👏🏻👏🏻👏🏻