Қазақ тілі, Оқ ату, Кредит. 31 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 31 августа, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алады.

1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды және оның 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген.

«Жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жетті — 188 900 оқушы. Жалпы, 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады», — дейді министрлік.

55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде оқитын болады. Биыл жыл соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазақстанда жалпы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.

Сондай-ақ 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жетті.😍👍

2️⃣ Қазақстандықтар үшін өз атынан кредит алатын алаяқтардан қорғайтын жаңа сервис іске қосылды.

Қазақстандықтар eGov mobile мобильдік қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартатындығы жөнінде өтініш беруі керек.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті.

Енді eGov mobile мобильдік қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тарту жөнінде өтініш бере аласыздар. Яғни, бүгіннен бастап әрбір қазақстандық өз еркімен несие мен микроқарыз рәсімдеуге тыйым сала алады. Қызметке азаматтың тек өзінің өтініш беруге мүмкіндігі бар. Несие мен микроқарызды рәсімдеуге тыйым салу 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады. Сондай-ақ бұл шектеулерді кез келген уақытта алып тастауға болады, ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет
, — деп жазды министр.

Енді алаяқтардың құрбаны болудан сақтана аласыз!☝🏻

3️⃣ Алматылық спортшы Александра Сәдуақасова оқ атудан әлем чемпионы атанды.

Оқ атудан ISSF World CHAMPIONSHIP 53-ші әлем чемпионатында алматылық спортшы Александра Сәдуақасова қозғалыстағы нысанаға атудан әлем чемпионы атанды.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, әлем чемпионаты 14-29 тамыз аралығында Бакуде өтті. Оған 101 елден 1 249 спортшы қатысты.

Чемпионатта Қазақстан атынан Александра Сәдуақасова, Зухра Ирназарова және Фатима Ирназарова қатысты.

«Қыздар өте жоғары нәтиже көрсетті. Әрқайсысы өзінің жеке рекордын орнатты және кейбір жаттығуларда Қазақстанның рекордын растады. Жастары юниорлар санатына жатқанымен, олар әлем чемпионы атағын ересектер санатында жеңіп алды. Келесі Азия ойындарында олар сол құрамда өнер көрсетеді және біз тағы алтын аламыз деп ойлаймын», — деді әлем чемпионы Александра Сәдуақасованың жаттықтырушысы және жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Андрей Гуров.

Қазақстандық спортшылар барлығы жекелей сында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль және командалық есепте 1 алтын медаль жеңіп алды.

Жеңіс құтты болсын!👏🏻🔥