Азия чемпионаты, Белгібай Әділбек, Әлем чемпионы.5-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 Қараша, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Азия чемпионатында тағы қазақстандық 6 қызымыз бақ сынайды.

Бокстан Азия чемпионатының кестесіне сәйкес, 5 қарашада ер спортшылар үзіліс алады. Есесіне Аммандағы (Иордания) шаршы алаңда алты қызымыз өз бағын сынайды.

Қазақстан боксшылары ел намысын алты салмақ дәрежесінде қорғайды:
* 52 кг. Жазира Орақбаева – Ким Чае Вон (Оңтүстік Корея).
* 54 кг. Жайна Шекербеков – Хана Нарита (Жапония)
* 57 кг. Карина Ибрагимова – Им Ае Джи (Оңтүстік Корея).
* 63 кг. Аида Әбікеева – Маи Кито (Жапония).
* 70 кг. Дариға Шәкімова – Пооджа (Үндістан).
* 75 кг. Валентина Хальзова – Ловлина Боргохаин (Үндістан).

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы барлық 12 санатта өнер көрсетеді, осы уақытқа дейін тек бір боксшымыз өз бағын сынады.

Аруларымыз жеңіспен оралсын!🙌🏻✊🏻

2️⃣ Ұлттық ұлан сарбазы Белгібай Әділбек ММА-дан Азия чемпионатында күміс медаль еншіледі.

Ұлттық ұланның №5451 әскери бөлімінің әскери қызметшісі – ефрейтор Белгібай Әділбек Душанбеде өткен аралас жекпе-жектен Азия чемпионатының (ММА) күміс медалінің иегері атанды

70,3 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте әскери отандасымыз тәжік спортшысы Масуд Одинаевтан жеңіліп қалып, екінші орын алды.

Жалпы нәтиже бойынша, Қазақстанның қоржынында жеті алтын, сегіз күміс және 10 қола медаль бар.
Аралас жекпе-жектен Азия чемпионаты (ММА) Тәжікстан астанасы Душанбеде 27-30 қазан аралығында өтті. Құрлықтық біріншілікке 18 елден 200-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан атынан ММА бойынша ұлттық құраманың 37 мүшесі додаға түсті. Жартылай финалға шығу үшін 20 спортшымыз бақ сынаса, олардың 13-і жекпе-жекті жеңіспен сәтті аяқтады.

Құтты болсын!🔥🔥🔥

3️⃣ Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы АҚШ-та әлем чемпионы атағы үшін кубалық Давид Моррельмен жекпе-жек өткізеді.

Ербосынұлы — Моррель жекпе-жегінің тікелей көрсетілімі Астана уақыты бойынша сағат 08:00-де басталады, «Хабар» телеарнасында көрсетіледі.
Бір күн бұрын боксшылар жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. 
Айдос Ербосынұлы соңғы рет рингке бір жылдан астам уақыт бұрын, 2021 жылдың қыркүйегінде шықты. Онда ол Астанада Гайана спортшысы Леннокс Алленмен (22-2-1, 14 КО) жекпе-жек өткізіп, оныншы раундта нокаутпен жеңіске жеткен болатын.

Дэвид Моррельге келетін болсақ, кубалық боксшы маусым айында жекпе-жек өткізіп, төртінші раундта америкалық Келвин Хендерсонды (15-2-1, 11 КО) нокаутқа жіберген еді.

Боксшымызға жеңіс тілейміз! 🥊