Азия чемпионаты, ҰБТ, Turan Barysy. 30-шы қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Қазан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия кубогынан Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.

29 қазанда Түркістан қаласында «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен өткен «Turan Barysy» Азия Кубогында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Жарысқа түркі мемлекеттері ұйымының алты елі – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысты.
Спортшылар жеті салмақ санатында белдесті: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.

Азия Кубогының финалына Қазақстан мен Өзбекстан командасы шықты. Қазақстандық балуандар өзбек спортшыларын 4:3 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Ақтық сында 90 келіден жоғары салмақта қазақстандық Ғалымжан Қырықбай өзбекстандық Мухсин Хисомуддиновты белдесуде жеңіп, Қазақстан құрамасына жеңіс әкелді. Қырғызстан балуандары 4:3 есебімен Әзербайжан командасын жеңіп, турнирдің 3-орын иегерлері атанды.
Жеңімпаз командаларға жүлде қоры тағайындалып, кубок ретінде Түркістан символы тайқазан берілді.

Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өтті. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды.

Жеңіс құтты болсын!✊🏻✊🏻✊🏻

2️⃣ Қазақстанның қос панчері – Ерұлан Қабдулов пен Алик Домнич Азия чемпионатының үздік бестігіне енді.

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ММА бойынша Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстан біріккен ММА федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Азия біріншілігіне 18 елден 200 шақты спортшы жиналған. Қазақстанның атынан ұлтық құраманың 37 спортшысы қатысып жатыр. Финалға шығу үшін 23 қазақстандық бақ сынаса, оның 15-і жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.

Үшінші күн қазақстандық спортшылар үшін жарқын жекпе-жектермен және мерзімінен ерте жеңістермен ерекшеленді. Бірден екі қазақстандық панчер – Ерұлан Қабдулов пен Алик Домнич үздік мәрелердің ТОП бестігіне енді.
Жарыс күнін Қазақстан құрамасы 47,6 келі салмақта Түймегүл Жүністің жеңісімен ашты. Ол үндістандық спортшы Хушбу Нишадты ұтып, жеңіске жетті.

52,2 келі салмақта Ерұлан Қабдулов Үндістаннан келген Шабариш Аянарды үшінші раундта нокаутқа түсірді. Дархан Исмағұлов пен Руслан Әбдірахманов тәжікстандық спортшылар Вохид Шохидзода мен Исрофил Комилзодадан төрешілерінің шешімімен жеңіліп, қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасында дәл осы салмақта Матильда Бачурина бірінші раундта тәжікстандық Ватансултон Шакаршоеваны «гильотина» қылқындыру әдісімен жеңді.
56,7 келі салмақта Оңғар Смағұл моңғолиялық Отгонбаатар Болтбаатардан «гильотинаға» түсіп, «қола» иегері атанды. Ал, Ерсұлтан Шәкенбай өзбек Мұхаммедсиддик Юлдашевты төрешілер шешімімен жеңді.

Қыздар арасында осы салмақта Инас Әшірбек пен Әйгерім Төреханова сынға түсті. Инас Бахрейн атынан шыққан бразилиялық Фабиола Сильвадан техникалық нокаутпен ұтылып, қола жүлдегер атанды. Ал, Әйгерім Төреханова пәкістандық Еман Ханмен қиын белдесуде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
61,2 келі салмақтағы Адель Махаметова тәжікстандық Манижа Самадованы бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Бұл салмақта ерлер арасында Салауат Қаби тәжікстандық Акром Ұзақовтан төрешілер шешімімен жеңілді. Шыңғыс Ыдырысов та ұпай саны бойынша Тәжікстан жастар құрамасының ең мықты спортшысы Отабек Раджабовтан жеңілді.

Екі қазақстандық та қола жүлдеге қол жеткізді.
Жастар арасында 65,8 келіге дейінгі салмақта Самғат Шабдан тәжікстандық Сухробжон Чакаловты төрешілер шешімімен жеңді.
70,3 келі салмақта Белгібай Әділбек бірауыздан ливандық боксшы Тони Боу Рачеданы жеңді. Неймат Асадов тәжікстандық Масуд Одинаевтан жеңіліп, қола жүлдегер атанды.
Қыздар арасында осы санаттағы жартылай финалдық кездесуде Жанерке Жамалова өзбекстандық Угилой Джумановаға есе жіберді.
77,1 келіге дейінгі жартылай орта салмақта белдескен Досжан Кенжебаев төрешілердің бірауыздан шешімімен өзбекстандық боксшы Мунис Муминжоновты жеңді. Даниил Губин өзбек спортшысы Шахриёрбек Маматқұловтан ұпай саны бойынша ұтылып, үшінші орынға ие болды.
83,9 келіге дейінгі орта салмақта Денис Черепенко тәжікстандық спортшы Тохир Валиевті «үшбұрыш» қылқындыру әдісін қолданып, мерзімінен бұрын берілуге мәжбүр етті. Ал, Диас Осер Сүлейдің шешімімен тәжікстандық Довиджон Зиёевті жеңді.
93 келіге дейінгі салмақта Алик Домнич тәжікстандық Абдулло Назаровты нокаутқа түсірді.

Аса ауыр салмақтағы Нұрәділ Қайырбергенұлы қарсыласы өзбекстандық Шохджахон Тұрақұловпен тең жекпе-жек өткізді. Төрешілер біржақты шешім шығара алмай, қосымша раунд жариялады. Оның қорытындысы бойынша минималды басымдықпен жеңіс Тұрақұловқа берілді.
120,2 келіден аса салмақта Расул Хатаев бірінші раундта тәжікстандық Абдубашир Бафоевты «қолмен үшбұрыш» қылқындыру әдісімен жеңді.

Жарайсыздар!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ 2023 жылы негізгі ҰБТ сәуірде өтуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев хабарлады.

«Келесі ереже бекітілгенше негізгі ҰБТ екі рет болып қалады. Биылғы оқу жылында оқушыларда 5 рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік бар. Қаңтарда, наурыз, тамызда ақылы негізде өтеді және оның сертификаты жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуға жарайды. Сондай-ақ екі негізгі ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік берілген. Тіркелу онлайн форматта өтеді, әркім тестілеу тапсыру күнін және уақытын өзі белгілей алады», – деді ол.

Сондай-ақ орталық директоры 2023 жылы негізгі ҰБТ неліктен сәуір және шілде айларында өткізілетінін түсіндірді.

«Жыл сайын негізгі ҰБТ мамыр және маусым айларында өткізіліп келді. Енді оған өзгеріс енгізгелі отырмыз, жобасы дайын. Биылғы жоспарымыз бойынша бірінші мүмкіндікке тіркелуді наурыз айында ашқалы отырмыз. Алғашқы тестілеуді сәуір айында өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мамыр айында мереке көп. Екіншіден, биылғы оқу жылында 31 мамырда өтетін маңызды мереке – соңғы қоңырау бар. Оқушылардың бар ойы соңғы қоңырауды тойлауда болады», – деп түсіндірді Руслан Тохтарұлы.

Жаңа өзгерістерге мектеп оқушылары риза екенін жеткізді. 10-сынып оқушысы Хасен Элифнурдың пікірінше, негізгі тестілеудің сәуір айына ауыстырлуы оқушылар үшін тиімді.
«Бүгінгі Ашық есік күні маған қатты ұнады, СДУ-ға екінші рет келіп отырмын. Қызықты, нақты ақпараттар алдым. Маған ең ұнағаны – негізгі ҰБТ-ның сәуір айына ауыстырылуы. Наурыз және мамыр айларында мерекелер өте көп, іс-шаралар жиі өтеді, сондықтан оқушылардың ойы сол жақта болады. Сәуір айында өткізілуі дұрыс шешім деп есептеймін. Руслан мырзаның айтқан шешімін қолдаймын. Сондай-ақ «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 сұрақ, ал «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 сұрақ болатыны да ұнады. Себебі еліміздің тарихын білу өте маңызды», – деді оқушы.

Ұлттық тестілеу орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынған жаңа жобада дистракторлар (жауап нұсқалары) саны өзгертілген. Яғни бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды.

Сондай-ақ ҰТО директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, сұрақтар санында да өзгерістер болады. «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 сұрақ: 5 сұрақтан 3 мәтін (200-350сөз) беріледі, ал «Қазақстан тарихы» бойынша 20 сұрақ: бір дұрыс жауапты 10 тапсырма, мәнмәтін негізінде 10 тапсырма беріледі. Естеріңізге сала кетейік, бұл өзгерістер қазіргі таңда тестілеу орталығы тарапынан жоба ретінде ұсынылған.

ҰБТ-ға дайындығың қалай?🤔