Азия чемпионаты, Нұрқанат Райыс, Круиз.7-ші қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 ноября, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Каспийде круиз туризмін дамыту қолға алынады.

Бұл туралы sputnik.kz хабарлады.

Маңғыстауда жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Облысқа барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің туризм саласында Маңғыстаудың алатын орны айрықша екенін айтты.

«Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте, Маңғыстаудың алатын орны айрықша. Оның ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар», — деді Тоқаев.

Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Мемлекет басшысы үкіметке туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Болашақта Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылады. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қолға алынбақ.
«Үстірт, әсіресе Бозжыра мен Шарқала – экологиялық туризм үшін таптырмас мекен. Өңірлік туризмді дамыту қысқа уақытта жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік тәжірибе. Көбіне оны бизнестің өзі іске асырады. Жергілікті билік тек оларға кедергі болмай, жағдай жасауға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс сапары барысында облыстың тарихи әрі мәдени орындарына ерекше назар бөлу керектігін айтты.

«Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жер асты мешіттерін ерекше атап өтуге болады. Мұндай нысандар дүние жүзінде де бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Әсіресе, төл мәдениетімізде ерекше орны бар Мұрын жыраудың және Серікбол Қондыбайдың мұражайы назардан тыс қалмауы керек», — деді президент.

Оның айтуынша, «Арғықазақ мифологиясы» атты төрт томдық іргелі жұмыстың авторы Серікбол Қондыбай артына орасан зор ғылыми мұра қалдырды. Қасым жомарт Тоқаев Қондыбайдың еңбектері ұлттық деңгейде дәріптелуі керек, деді.
Президент туризмді дамытумен қатар өңірдің аң-құсын және экожүйесіндегі тепе-теңдікті сақтау мәселесін айрықша назарда ұстау керектігіне тоқталды.

Енді жаңа тыныс ашылайын деп тұр екен! 👏🏻😍😍

2️⃣ Азия чемпионатында боксшы Нұрқанат Райыс қарсыласын нокаутпен жеңді.

Нұрқанат Райыс 75 келіге дейінгі салмақта қырғызстандық Сағын Сатыбалдымен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта төрешілердің бесеуі де Нұрқанаттың басымдылығын көрсетті. Екінші кезеңде Н.Райыс қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Бұдан кейін рефери жекпе-жекті тоқтатып, нокаутты тіркеді.

Осылайша, Н.Сайыс жартылай финалға шығып, ел қоржынын тағы бір медальмен толықтырды.

Жеңіс құтты болсын!🔥🔥🔥

3️⃣ Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына 15-медаль түсті.

Жарыстың жетінші күні ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) үндістандық Сачинмен жұдырықтасты.
Үш раунд бойы әбжіл қимылдап, дәл соққыларын жұмсаған Асланбек төрешілер шешімімен жеңіске жетті – 4:1.

Осылайша, ол жартылай финалға өтіп, ел қоржынына 15-медальді салды.
А.Шымбергенов бастапқы жекпе-жегінде филиппиндік Маржон Пианьярды нокаутпен жеңген еді.
Бүгін сондай-ақ күндізгі сессияда Нұрқанат Райыс (75 кг) қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулумен, Нұрбек Оралбай (80 кг) таиландтық Веерапон Джонгджомен, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) моңғолиялық Мунгунсаран Балсанмен қолғап түйістіреді.

Сағат 21.00-ге белгіленген кешкі сессияда үшінші жұпта Сағындық Тоғайбай (86 кг) тәжікстандық Навруз Джафоевпен рингке шығады. Айбек Оралбай (92 кг) үндістандық Навин Кумармен, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта оңтүстіккореялық До Хьен Киммен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Керемет!👏🏻👏🏻👏🏻