Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 17 января, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

16 жастағы Дастан Сәтбаев атақты «Челси» клубында доп тебеді

Қазақстан жастар құрамасы мен “Қайрат” клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев Англияның әйгілі “Челси” командасында сынақтан өтіп, сәтті нәтижеге қол жеткізді.

“Челси” басшылығы Сәтбаевты өз командасына қосу туралы шешім қабылдаған. Келісім рәсімдері алдағы аптада аяқталып, футболшы жаңа клубта ойын көрсетуді бастамақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дастан Сәтбаев Лондонда түскен суретін әлеуметтік желіде жариялап, “Челси” клубының сынағынан өтіп жатқанын хабарлаған еді.

Керемет жаңалық! Жас футболшы сынақтан сәтті өтіпті😍

Қазақстанда АИ-95 маркалы бензиннің бағасы өсті

Қазақстанда АИ-95 маркалы бензиннің бағасы кейінгі бір жылда бір литрі орташа есеппен 6 теңгеге өскен. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы мәлімдеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейінгі бір жылда бұл отынның бір литрі орташа есеппен 6 теңгеге өскен екен.
Әсіресе АИ-95 жанармайының құны Петропавл, Жезқазған, Тараз, Алматы, Астана және Семей қалаларында едәуір көтерілген. Ал отандық жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 бензині орташа есеппен 203 теңгеден сатылып жатыр.

Бұл марканың құны былтыр Орал мен Шымкент қаласында ғана қымбаттаған еді. Қалған өңірлерде баға тұрақты болған.

Ал сіз бағадағы өзгерісті байқадыңыз ба?

Ұшақта адамды өлімнен арашалап қалған студенттің оқу ақысын әкімдік төлейтін болды

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда — Астана» бағытындағы ұшақ бортында адам өмірін құтқарып қалған Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасымен кездесті.

Әкім Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл, сауатты әрекет жасағанына ризашылығын білдірді.

Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлап отыр. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты.

Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды.Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті, – деді Н.Нәлібаев.

Болашақ дәрігердің еңбегі еленіп жатыр екен🙌🏻

Қазақстан 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісім жасады

Шетелдік серіктестік аясында жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерге арналған 2090 грант бөлінген.
Ал 2025 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі тағы 11 ЖОО-мен серіктестік келісімін жасауды жоспарлап отыр.
Министрліктің дерегінше, 31 келісім ішінде Қазақстанда Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Шетелдік серіктес ЖОО-ларды іріктеу жекелеген салалардағы кадрлық қажеттілікке және өңірлердің сұраныстарына негізделеді.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық атом өнеркәсібі, «жасыл» сутекті әзірлеу, Қазақстанда баламасы жоқ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

* Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында мұнай инженериясы, электр энергетикасы және компьютерлік инженерия бағдарламалары бойынша британдық Heriot Watt университетінің филиалы ашылды.
* Химия және химиялық технологиялар саласында кадрлар даярлау үшін М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.
* Педагогикалық кадрларды даярлау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында Гази университетінің (Түркия) филиалы жұмыс істейді.
* Бейжің тіл және мәдениет университетінің (ҚХР) филиалы Астана халықаралық университеті базасында жұмыс істейді.
* Квинс университетінің филиалы (Ирландия) Нархоз университеті базасында жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда мыңдаған студент 34 мамандық бойынша білім алады, оның ішінде педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект сияқты негізгі бағыттар бар. Бұл мақсаттарға мемлекеттік білім беру гранттары (бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары) және мемлекеттің қолдауымен оларға жағдай жасау арқылы инвесторлардың қаражаты бөлінеді.

Жастар үшін тағы бір мүмкіндік🔥

53 жастағы франциялық Анна есімді әйел миллионер күйеуінен ажырасып, өзін Брэд Питт деп таныстырған алаяқтың құрбанына айналды

Салдарынан ол 800 мың еуродан астам қаржысынан айырылды.

Оқиға 2023 жылы басталған. Ішкі дизайнмен айналысатын Анна отбасымен бірге тау-шаңғы шипажайына демалуға барады. Демалыста ол әлеуметтік желіден парақша ашып, фотосуреттерін жариялай бастайды.

Бір күні оған өзін ”Брэд Питтің анасы” деп таныстырған әйел хабарласып, ұлына дәл Анна сияқты әйел қажет екенін айтады. Кейін Аннамен “Питтің” өзі сөйлесе бастайды. Ол жылы сөзбен арбап, сезімін білдіре бастайды. Тіпті үйленуге ұсыныс жасап, бағалы сыйлықтар мен әшекей бұйымдар уәде етеді. Алайда бұл сыйлықтарды алу үшін Аннадан “кедендік рәсімдеу” үшін шамамен 5 мың еуро төлеуін сұрайды.

Анна бірнеше рет күдіктенсе де, сүйіктісінен айырылып қалуға қорқып, ақша жіберіп отырады.

Алаяқ өз кезегінде, бүйрек обырына шұғыл ем қажет екенін, бірақ есепшоттарының “Анджелина Джолимен ажырасуына байланысты бұғатталғанын” сылтау қылады. Осылайша, Анна жалпы сомасы 830 мың еуроға жуық қаражаттан айырылады.

Бұл кезеңде Аннаның күйеуімен қарым-қатынасы нашарлап, өзін жалғыз сезінген еді. Виртуалды қарым-қатынас оның өміріне жылулық сыйлап, әйел толықтай “Брэд Питтке” сенеді. Кейде күмәнданса да, жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер мен видеолар оны иландырады. Ақыры Анна күйеуінен ажырасып, жаңа өмір бастауға шешім қабылдайды.

Алаяқтық тек “Питтің” жаңа сүйіктісімен түскен суреті жарияланғаннан кейін ғана әшкереленді.

Бұл оқиғадан кейін Анна полицияға шағым түсіріп, алаяқтың кесірінен тек қаржысын ғана емес, отбасын, достарын және қызымен қарым-қатынасын жоғалтқанын айтты. Оған қоса, бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттеніп, ауыр депрессиямен ауруханаға түскен.

Мұндай жағдайға тап болмас үшін қырағылық танытып, сақ болыңыз!

Мәссаған, абай болыңыздар!😨