Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
“21 миллиард теңгеден астам шығын келген”. Алматы облысында Amanat Drive қаржы пирамидасы әшкереленді
Жоба ұйымдастырушылары азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы иеленуге мүмкіндік береміз деп уәде еткен. Алайда бұл міндеттемелердің басым бөлігі орындалмаған, ал мүліктер туыстары мен жақындарының атына рәсімделіп келген.
Ресми мәліметке сәйкес, пирамида қызметіне 8 мыңнан астам адам тартылып, салымшылардың жалпы шығыны 21 миллиард теңгеден асып кеткен.
Қаржылық қылмысты жасыру үшін ұйымдастырушылар бірнеше деңгейлі алаяқтық схема құрған. Олар “Алло, не керек”, “i-m@rketing”, “Gold SapaPremium” сынды өздеріне тиесілі компанияларды жалған жеткізуші ретінде көрсетіп, жарнама, талдау мен болжау қызметтерін көрсеткен болып көрінген.
Осындай жалған шарттардың негізінде 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сырт елдерге шығарылған. Тергеу барысында бұл қаражатқа астанадан бірнеше пәтер, жеке тұрғын үйлер және HUMMER H2 мен Lexus LX570 сияқты қымбат автокөліктер сатып алынғаны анықталды. Барлық мүлік үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, жасыру әрекеті жасалған.
Қазіргі таңда соттың санкциясымен күдіктінің мүлкі мен кооператив шоттарына тыйым салынды. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.
Сұмдық! Абай болыңыздар! 📌
Астанада Қазақстанның Туының көлемді бейнесі 3 000 кубиктен құрастырылды
Рәміздер күніне арналып жасалған инсталля́ция тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған «Менің байрағым» атты мерекелік шарада ұсынылды.
Шараның басты ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылатын ауқымды спидкубинг шоуы болды.
Жас шеберлер 3 000 рубик кубигінен Мемлекеттік Тудың көлемді бейнесін құрастырды. Бұл – техникалық дәлдік пен шығармашылықтың үйлескен ерекше қойылым болды.
Рәміздерге деген құрметті ерекше форматта жеткізетін бұл көрініс елорда тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.
Ғажап!😍
3 айдың ішінде Қазақстанға 5000-ға жуық адам көшіп келген
2025 жылдың І тоқсанында Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келген азаматтар саны 4 923 адамды құрады.
Ал елден кеткендер саны — 1 122 адам, көші-қон сальдосы оң — 3801 адам.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүрген. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 84,1%, осы елдерге кеткендердің үлесі — 68%.
«ТМД елдерінен қоныс аударып, ықтияр хат алған 4 137 адамның ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген — 2 614 адам, Ресейден — 982 адам», — делінген хабарламада.
Өзге елдерден биылғы алғашқы үш айда 783 адам келді. Олардың басым бөлігі:
Қытай — 427 адам;
Моңғолия — 129 адам;
Түркиядан 57 адам келген.
Келгендердің басым бөлігі Алматы (1 649 адам) және Маңғыстау облыстарына (764 адам), сондай-ақ Алматы қаласына (687 адам) қоныстанған.
Ал елден кеткендер саны — 1 122 адам екен‼️
Қазақстанда әйелдерге арналған жасанды интеллект негіздерін үйрететін тегін онлайн-курс басталады
Қазақстанда әйелдерге арналған жасанды интеллект негіздерін үйрететін тегін онлайн-курс басталмақ. Оқыту бағдарламасын Women in Tech Kazakhstan қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Жоба 9 маусымда басталады.
Курсқа қатысуға ниеттілер тіркеуден өтіп, білім алуға мүмкіндік алады. Бағдарлама жасанды интеллектіні күнделікті өмірде де, кәсіби мақсатта да тиімді пайдалануды үйретеді.
Оқу барысында қатысушылар мына бағыттар бойынша білім алады:
• ChatGPT, Gemini, Copilot сияқты кең таралған құралдармен жұмыс істеу;
• Жасанды интеллект көмекшілерін жасау;
• Пресс-релиз, видео, жазба және жоспар секілді контент түрлерін жасауға АІ-ды қолдану;
• Telegram арналарына АІ-технологияларды кіріктіру тәсілдері.
Курс жасанды интеллектпен алғаш танысып жатқан жандарға да, әртүрлі саланың мамандарына да пайдалы. Оқыту бағдарламасын сәтті аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификат табысталады.
Қатысып көріңіз!🔥