Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалады деген күдікпен видеоблогер ұсталды
Атырауда 33 жастағы видеоблогер мен 39 жастағы қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
«Олар жеке кәсіпкерден 2 миллион теңге қорқытып алды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ тінту кезінде полиция қызметкеріне күш қолданған», — дейді ведомство.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты қорқытып алу және билік өкіліне күш көрсету әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Абай болыңыздар!📌
Маңғыстаулық оқушы минутына 17 мың сөз оқиды
Бір минутта кітаптың бірнеше бетін оқып үлгеретін Ақтаулық Самир Валерий 6-сынып оқушысы. Ол мұндай жетістікке жүйелі жаттығулар мен ұстазының қолдауының арқасында жеткен.
«Осыдан екі жыл бұрын минутына 90 сөзден артық оқымайтынмын. Ал қазір минутына 17 мың сөзге дейін оқимын. Мен жылдам оқу тәсілі арқылы екі кітапты бір күнде түсініп оқи аламын. Оны менен ұйқыдан тұрғызып сұраса да жатқа айтып бере аламын», — дейді Самир Валерий.
️Ақпаратты жоғары жылдамдықпен қабылдау Самирге сабақта өзіне сенімді болуға және тек гуманитарлық пәндерде ғана емес, нақты ғылым пәндерінде де жетістікке жетуге көмектеседі.
«Самирдің логикасы жақсы дамыған. Соның арқасында ол қалалық және аудандық олимпиадалардың жүлдегері. Әсіресе математика пәндері бойынша үздік. 2023 жылы мектебінде «Жыл оқушысы» атағына ие болды», — дейді оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Самирді сыныптастары ұйымшыл, жауапты оқушы ретінде біледі. Ол мектеп өміріне белсене араласып, білімге деген құштарлығы мен көшбасшылық қабілетін көрсетіп жүр. Оқушы білім, өнер және спортта өзін жан-жақты танытып, болашақта ел игілігі үшін қызмет еткісі келеді.
Тамаша!😍
Қазақстанда неге бәрі қымбаттап жатыр? Ұлттық банк себебін атады
Бүгінде Қазақстандағы инфляцияның негізгі қозғаушы күші – қызмет көрсету саласы. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдегі жалпы инфляция деңгейі – 11,3%. Ал қызмет түрлері бір жылда 16%-ға қымбаттаған.
“Қызмет көрсету – бұл бірден тұтынылатын, көбіне ішкі нарыққа ғана тәуелді салалар. Егер тауарды сырттан арзан импортпен алмастыруға болса, қызметті ондай жолмен ауыстыру қиын. Сондықтан қызмет көрсету бағасының өсуі ішкі сұраныстың артқанын айқын көрсетеді. Егер экономикада артық ақша айналымда жүрсе, шоктар мен ұсыныс тапшылығы болмаса, ең алдымен қымбаттайтын сала – қызмет көрсету”, – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы азық-түлік бағасының күрт өсуіне де тоқталды. Оның ішінде әсіресе картоп, қант пен еттің қымбаттауы байқалған.
“Азық-түлік инфляциясына Ресей рублінің нығаюы да әсер етіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан азық-түлік импортының шамамен 45%-ын Ресейден алады. Геосаяси ахуал аясында рубль бағамының өсуі ресейлік өнімдерді отандық нарық үшін қымбаттатып жіберді”, – деді ол.
Сүлейменов инфляцияны тежеудің негізгі тетіктерін де атап өтті. Оның айтуынша, экономиканың өсу қарқыны жоғары болғанда – бюджеттік шығындарды азайту, ал керісінше баяулаған кезде – мемлекеттік қолдауды күшейту қажет.
“Бұл тәсіл қазір бюджеттік және салық кодекстерінде көрініс тапты. 2026 жылғы республикалық бюджет жобасында осы механизм толығымен іске асады деп үміттенеміз. Бұл – жүйелі, бірақ баяу әсер ететін шара”, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ, ол тұтынушылық несиелеуді шектеу қажеттігін де айтты.
“Соңғы бес жылда тұтынушылық несие көлемі жыл сайын 30%-ға өсіп отыр. Бұл – халық табысы мен жалпы ішкі өнімнің өсімінен әлдеқайда жоғары. Мұнда «қызуқанды» өсімнің белгілері байқалады. Біз мұны дер кезінде байқап, бақылауға алуға тиіспіз”, – деп түйіндеді Сүлейменов.
Сіз де бағадағы өзгерістерді байқадыңыз ба?🤔
Қазақстан аумағындағы шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының картасы ұсынылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел аумағында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық ынтымақтастықты дамытып, студенттер үшін мүмкіндіктерді кеңейте отырып, Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші академиялық хабқа айналдыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
“Бүгінгі таңда 39 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік орнатылған. Қазақстанда Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Құрметті талапкерлер және олардың ата-аналары! Өз өңіріңіздегі немесе қызығушылық танытқан жоғары оқу орнының орналасуын қарап, болашақ білім бағытыңызды жоспарлауға шақырамыз!” — делінген министрлік хабарламасында.