Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Ұлттық Банк елімізде доллар айырбастау тәртібін түсіндірді
ҚР Ұлттық Банкі тұрғындар тарапынан жиі түсіп жатқан өтініштерге байланысты ел аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырба операцияларын жүзеге асыру тәртібін, соның ішінде банкноталарды айналымға жарамды деп тану қағидалары мен айырбастан негізсіз бас тартылған жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндірді.
Сонымен ақша айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес:
* тиісті эмитент-елдің аумағында заңды қолма-қол төлем құралы саналатын;
* эмитент елдің анықтамалық материалдарында көрсетілген толық сипаттамаға сәйкес келетін шетелдік валютадағы банкноталар заңды төлем құралы түрінде айналымға жарамды деп танылады.
*
Төлемге қабілетсіз және қолдануға жарамсыз шетел валютасының банкноталарын сатып алу және сату тәртібі
«Тиісті шет мемлекеттің эмитент-банкі айналымнан шығарған жағдайда, шетелдік валюта банкноталары — төлемге қабілетсіз, ал жыртылған, бүлінген және басқа да міні болса — жарамсыз деп танылады. Мұндай банкноталарды инкассалық операция жүргізуге шетелдік банктермен шарт жасасқан уәкілетті банктер ғана сатып алады және ауыстырады», делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Құзырлы орган мұндай операциялардың комиссиясы номиналды құнының 10%-нан аспауға тиіс екенін еске салады.
Бұл ретте клиент инкассо шарты көрсетілген жазбаша келісімге қол қояды және оған эмитент-банк (шетелдік банк) айырбастаудан бас тартуы мүмкін екені туралы ескретіледі.
ҚР Ұлттық Банктің мәліметінше, егер айналымға жарамды болса, қолма-қол шетел валютасының номиналы мен шығару жылына шектеу болмайды.
Жеке тұлғаның қолында шетелдік және ұлттық валютада қажет сомасы болған жағдайда, айырбастау пункті мына жағдайларды есепке алмағанда, валюта айырбастаудан бас тартуға құқылы емес:
* КЖТҚҚ туралы заң талаптарында көзделген шаралар қолданылғанда;
* жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжат сервисі арқылы жеке басын растайтын деректі ұсынбағанда.
*
«Айырбастау операциясынан негізсіз бас тартылған жағдайда азаматтар айырбастау пункті орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына шағым түсіруге құқылы. Шағымда бас тарту себебі толық көрсетіліп, заң талабына сай тиісті шара қабылдау үшін қолда бар құжат қоса берілгені жөн», деп нақтылайды реттеуші орган.
Ескере жүріңіз!📌
Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойында 300 Әлия бас қосты
«Әлия» есімі бүгінде 70 мыңнан астам азаматшаға берілген. Оның ішінде 4 мыңға жуығы Ақтөбе облысында тұрады екен.
«Мен – Әлиямін!» атты ауқымды жиынға батыр қызбен аттас 300-ге жуық нәзік жан жиналды.
Форумға келгендердің ең үлкені – 88 жастағы қария болса, ең кішісі – 2 айлық сәби. Айта кетерлігі, таңғы сағат 07:45-те тағы бір Әлия дүниеге есігін ашқан.
«Форумға жиналған 300 қатысушының дені – дәрігер, мұғалім, өнер және спорт саласының үздіктері. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген жандар. Ерекше атап өтерлігі, қатысушылардың қатарында батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия және «Ілия» есімімен тіркелген, бірақ бейресми түрде Әлия деп аталатын жандар да болды», — дейді әкімдік.
Жиын барысында әр салада үздік нәтижелерге қол жеткізген Әлияларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлияларға гүл шоқтары ұсынылды. Форумға қатысушылар Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ғажап!😍
Бокстан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде 1-орынды иеленді
Нидерландының Эйндховен қаласында өткен Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орын иеленді.
Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша ел қоржынына 5 алтын және 3 қола медаль түсті.
Алтын медаль:
1.
Даниял Сәбит
2.
Абылайхан Жүсіпов
3.
Ерасыл Жақыпбеков
4.
Дәулет Төлемісов
5.
Нұрлан Сапарбай
Қола жүлде:
1.
Ертуған Зейнуллинов
2.
Сабыржан Аққалықов
3.
Сағындық Тоғамбай.
Айта кетері, Абылайхан Жүсіпов финалда өзбекстандық Асадходжа Муйдинходжаевты жеңді. Алайда Өзбекстан бокс федерациясы Абылайхан Жүсіповтің жеңісін мойындамады.
«Қазақстандық боксшы жарақат алып қалып, жекпе-жек бірінші раундтан кейін тоқтатылды. Раунд тең өтті, төрешілер түсініксіз шешім қабылдап, 2:3 есебімен жеңісті Қазақстанға берді», – деп жазылған Федерацияның ресми мәлімдемесінде.
Құтты болсын!👍
Қазақстандық өнерпаздар «Славян базары» фестиваліне қатысады
Қазақстандық өнерпаздар Витебск қаласында өтетін халықаралық «Славян базары» фестиваліне қатысады. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богдановпен кездесуде айтылды.
«Отырыс барысында Қазақстанда Беларусь мәдениетінің күндерін өткізу туралы бастама көтерілді. Министр мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы жоспарлар туралы келісіп, бұл шаралар өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Лістапад» кинофестивалі аясында Қазақстан киносының күндері өтетіні айтылды. Қазіргі уақытта іс-шараны өткізуге қатысты мәселелер мен көрсетілетін фильмдердің тізімі нақтыланып жатыр.
Тараптар бірлескен іс-шараларды үйлестіру мақсатында жұмыс тобын құруға уағдаласты. Бұл бастамалар Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайта түспек.
Сәттілік!🤲🏻