Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Қазақстанда үй сатып алуда қолма-қол есеп айырысуға тыйым салынады
Қазақстанда үлескерлердің құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп жатыр. Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдары мен инватакси қызметіне үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Негізгі мақсат – үлескерлердің мүддесін қорғау және құрылыс саласында тәртіп орнату. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар қызметтердің қолжетімділігі артады.
Заңға енгізілген маңызды жаңашылдықтар:
• Үлескерлік келісімшарттар міндетті түрде бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеледі және оларды жазбаша немесе электронды түрде жасауға болады;
• Келісімшартта ақша тартуға рұқсат берілген күн мен құжат нөмірі көрсетілуі тиіс;
• Құрылысқа рұқсаты жоқ немесе кепілдік алмаған нысандар үшін ипотекалық несие рәсімдеуге және төлем қабылдауға тыйым салынады;
• Рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға және алдын ала келісім жасауға болмайды;
• Үй сатып алу кезінде барлық есеп айырысулар тек қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады;
• Құрылыс мерзімін ұзарту 9 айдан 5 айға қысқартылады;
• Құрылыс компанияларына қойылатын талаптар жеңілдейді: ең төменгі тәжірибе 5 жылдан 3 жылға қысқарады, алайда бұл кейбір шарттар орындалған жағдайда ғана мүмкін болады (мысалы, каркас толық біткенде немесе банк/бірыңғай оператор қатысқанда);
• Шағын қабатты құрылыстар (жеке тұрғын үй кешендері) енді үлестік тұрғын үй құрылыс жобаларына қатыса алады;
• Үлескерлер үшін Қолдау орталығы құрылып, құрылыс компаниялары туралы ақпарат беріледі және кеңес алуға мүмкіндік жасалады.
Жол сапасы мен мүгедек жандарға арналған қызмет те назардан тыс қалмады:
• Автожолдардың сапасын жақсарту үшін жол материалдарын есепке алудың бірыңғай жүйесі енгізіледі;
• Мердігерлердің біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтіледі;
• Инватакси қызметі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы цифрлық форматта ұсынылады. Қызмет жеткізуші болмаған жағдайда, ол мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастырылады.
Жаңа заң мақұлданыпты📌
Қазақстандық дәрігер ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалды
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі адам өмірін құтқарып қалған ерекше оқиға жайлы бөлісті. Бұл оқиға 30 мамырда Алматыдан Лондонға бағыт алған әуе рейсінде болған.
Ұшақ бортында жолаушылардың бірі кенеттен өзін жайсыз сезініп, жағдайы күрт нашарлай бастаған. Әр минут, әр секунд санаулы сәтте, медициналық құрал-жабдықтар шектеулі жағдайда көмек көрсету оңай болмаған. Алайда сол сәтте бортта Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының акушер-гинекологы, жоғары санатты дәрігер Салтанат Исағалиева да сапарлап келе жатқан еді.
Қиындыққа қарамастан, Салтанат Қайратқызы жедел әрекет етті – науқасты қарап, жағдайын бағалап, алғашқы көмекті көрсетті, әрі барынша жайлы жағдай туғызуға күш салды. Жарты сағат ішінде әйелдің жағдайы тұрақталып, қауіп сейілді.
25 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам ананы аман-есен босандырып шығарған. Оның қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып келеді. Салтанат Исағалиева:
• «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына,
• «Мамандығына адалдығы үшін» құрмет медаліне,
• «Авиценнаның алтын жұлдызы» төсбелгісіне ие болған.
Министрлік бұл оқиға арқылы адам өмірі үшін жан аямай күресіп жүрген әрбір ақ халатты жанның еңбегі – шын мәнінде ерлік екенін атап өтті.
Дәрігердің ерлігі көпшілікке үлгі🙌🏻
Жетісу облысында кәсіпкерден 10 миллион теңге бопсалаған блогер сотталды
Сот анықтағандай, 2024 жылдың қарашасында әлеуметтік желіде 29 мыңнан астам оқырманы бар блогер кәсіпкерден 10 миллион теңге талап еткен. Ол бұл қаражатты Каратал ауданында салынған сапасыз үйлер туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялаған бейнематериалдарды өшіру үшін сұраған.
Блогер ақшаны алу кезінде полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Сот үкімімен оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде жазасын өтеу үшін 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кейінгі уақытта Қазақстанда блогерлердің бопсалауға байланысты ұсталу деректері жиілеп кетті😨
Мәжіліс депутаты банктік шоттардың толық бұғатталуы азаматтарды қиын жағдайға қалдырып жатқанын айтты
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев ел азаматтарының банктік шоттарының толығымен бұғатталуына байланысты шағымдардың жиілегенін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Бұл жағдай, оның айтуынша, азаматтардың қаржылық құқықтарының өрескел бұзылуы болып табылады.
Депутаттың мәліметінше, қазіргі кезде тұрғындардың салық, айыппұл немесе коммуналдық берешегі болған жағдайда, сот орындаушылары борыш көлеміне қарамастан, азаматтың банктегі есепшотын толығымен бұғаттайды.
“Мысалы, шотта 300 мың теңге болса, ал берешек бар-жоғы 50 мың теңге. Соған қарамастан, шот толықтай бұғатталып, адам күнделікті қажетіне – азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, басқа да тіршілікке қажетті заттарға қаражат пайдалана алмай қалады”, – деді Ерубаев.
Ол мұндай әрекеттердің «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңда қарастырылғанын атап өтті, алайда сот орындаушылары өкілеттігін асыра пайдалану арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеп жатқанын алға тартты.
“Қарыз толық өтелген күннің өзінде, бұғаттан босату үшін 2-3 күнге дейін уақыт қажет. Бұл мерзім демалыс немесе мереке күндеріне сәйкес келсе, жағдай одан әрі қиындай түседі. Ал өндіріп алынған қаражаттың 25 пайызына дейін сот орындаушының қалтасына түсетін төлем де мәселені ушықтырады”, – деді депутат.
Сіз не дейсіз?🤔