Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Енді жеке куәлікті eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыруға болады
Қазақстанда жаңа жеке куәлікті енді үйден шықпай-ақ ресімдеуге болады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі пилоттық жобаны іске қосты. Бұл қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді.
Қызметті eGov.kz порталында алу жолы
Қызметті алу үшін пайдаланушы:
• Порталда авторизациядан өтеді;
• Қажетті қызметті таңдайды;
• Биометриялық сәйкестендіруден өтеді;
• Жеке мәліметтерді толтырып, өтінімді ЭЦҚ немесе басқа қол қою әдісімен растайды;
• Мемлекеттік бажды банк қосымшасы арқылы төлейді.
eGov Mobile қосымшасы арқылы рәсімдеу
Мобильді нұсқадағы рәсімдеу де ұқсас:
• Қосымшаға кіріп, тіркелу қажет;
• Қызмет түрін таңдау;
• Биометрия арқылы сәйкестендіру;
• Қажетті деректерді енгізіп, құжатты алу орнын көрсету;
• Мемлекеттік баж салығын төлеу;
• Face ID немесе Touch ID арқылы өтінімді растау.
Қызметті кім пайдалана алады?
Онлайн өтінімді тек жеке куәлік иесі өзі ғана бере алады. Үшінші тұлғаларға, сенімхат немесе қамқоршылық арқылы құжат рәсімдеуге рұқсат жоқ.
Онлайн ауыстыру қай кезде мүмкін?
Қызмет тек куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталған кезде ғана қолжетімді. Өтінімді мерзім аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде беруге болады.
Құжатты алу мерзімі және орны
Жаңа куәлікті өтініште көрсетілген халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады. Стандартты дайындалу уақыты — 15 жұмыс күні.
Мемлекеттік баж мөлшері
• Стандартты рәсімдеу үшін — 0,2 АЕК;
• 3 жұмыс күні ішінде — 1 771 теңге;
• 1 жұмыс күні ішінде — 3 372 теңге.
Ақпараттық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Жүйе Digital ID арқылы қорғалған. Алдымен ЖСН мен телефон нөмірі тексеріледі, содан кейін SMS арқылы бір реттік код жіберіледі. Қосымша ретінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Бұл әдіс бөгде адамдардың құжат рәсімдеуіне жол бермейді.
Жаңа жүйе іске қосылды😍
Қазақстан Дубай мен Дохаға рейстерді уақытша тоқтатты
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуе компаниялары рейстерді уақытша тоқтатты.
Министрлік мәліметінше, Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды.
«Мәжбүрлі шаралар қару қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданды», — деп хабарлады министрліктегілер.
Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты.
Демек, елімізден шетелге шықпақшы адам саны 683 болса, шетелден елге оралатын адам саны — 1051. Жалпы алғанда бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер етті.
Соңғы мәліметке сәйкес, шектеулер келесі елдерде қолданылады:
Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
Ирак, Иордания, Ливан — зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу;
Кувейт, Бахрейн, БАӘ — рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.
Әлем тыныш болсын!🙌🏻
Кейінгі бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті — Тоқаев
Қазақстан экономикасы бес айда 6 процентке өсті. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында мәлімдеді.
Сарапшылар таяу жылдары жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр. Бүгінде инфляциялық қысым да күшейді. Ал жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілер және іскерлік ортадағы бағдарсыздық анық байқалады.
«Мұндай үрдістер әлем экономикасының перспективасын нашарлата түсуі ықтимал. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Қазақстан секілді елдердің экономикасы осындай сын-қатерлер кезінде сыртқы дағдарыстарға төтеп бере алды. Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік жасап отыр. Бүгінде инвестициялық штаб та жұмыс істейді.
Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Ал Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беріледі және қосылған құны жоғары өнім экспорттаушыларға қолдау жасалады.
«Биылдан бастап мемлекеттік органдар бас прокуратураның алдын ала келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізуге, әкімшілік іс қозғауға, талап арыз беруге немесе қандай да бір шектеу қоюға құқылы емес», — деді Тоқаев.
Тамаша!👍
Елімізде 242 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек бойынша статистиканы жариялады.
2025 жылдың 1 маусымында 45,2 мың отбасындағы 242,4 мың адамға 13,4 млрд теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Министрлік хабарлауынша, 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% — нан төмен емес деңгейде айқындалған.
Осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылған‼️