Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 26 июня, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Алдағы уақытта зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне несие рәсімдеу шектелуі мүмкін

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков тиісті мемлекеттік органдарға жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы мен жәрдемақыны табыс көзі ретінде есептеуді заңмен тоқтатуды ұсынды.

Халық қалаулысы қазіргі таңда банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтарға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге сүйеніп несие беретінін, кейін осы қаржылардан қарызды тікелей өндіріп алатынын сынға алды. Оның айтуынша, бұл – адамдарды кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүруге мәжбүрлейтін жүйе.

“Бүгінде елде 3,2 миллионнан астам адам әлеуметтік осал топқа жатады. Олардың ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен түрлі жәрдемақы алушылар бар. Бұл азаматтар үшін зейнетақы мен жәрдемақы – жалғыз күнкөріс көзі. Алайда қаржы ұйымдары оны табыс деп есептеп, қарыз рәсімдеп, кейін сол қаражатты өндіріп алады”, – деді депутат.

Стамбеков бұл жағдайды заң жүзінде реттеу қажеттігін айтты. Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Әділет министрлігіне, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне нақты ұсыныстар жолдады. Солардың қатарында:

• зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден қарызды өндіріп алуға заңмен тыйым салу;
• осы қаржыларды табыс көзі ретінде есептеуді тоқтату;
• әлеуметтік осал топтарға банкроттық рәсімдерін жеңілдету;
• тіпті қазір қолданылып жүрген «12 ай өтпеген» деген шектеуді жою мүмкіндігін қарастыру бар.

«Банктер бүгін азаматтың нақты қаржылық мүмкіндігін ескермей, несиені оңды-солды тарата береді. Тіпті кейбір адамдар жалғыз баспанасы мен көлігін кепілге қойып, соңғы мүлкінен айырылып қалып жатыр. Бұл – тек қаржылық емес, әлеуметтік дағдарыстың көзі», – деді Стамбеков.

Егер ұсыныс заң түрінде қабылданса, банктер мен коллекторлар әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны қарыз қайтару көзі ретінде пайдалана алмайды. Бұл қадам әсіресе зейнетақымен немесе жәрдемақымен күн көріп отырған азаматтар үшін айтарлықтай қолдау болмақ.

Құлаққағыс!📌

Қазақстандықтар өз үйлерінің шатырына күн батареяларын орнатып, табыс табуларына болады

Алайда Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, көпшілік бұл тетік туралы әлі толық біле бермейді немесе оған қызығушылық танытпай отыр.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде ел аумағындағы жекеменшік үй иелері немесе кәсіпкерлер күн батареяларын үйдің төбесіне не жер теліміне орната алады. 2023 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер бұл процессті бұрынғыдан жеңіл әрі тиімді еткен.

«Қарапайым тілмен айтсақ, жеке үй иесі шатырына 200 киловаттық күн батареясын орналастырып, оның 100 киловатын өзі тұтынып, қалғанын электр желісіне сата алады. Ал энергия таратушы компания бұл артық қуатты нарықтағы орташа тариф бойынша сатып алуға міндетті. Бұл – өте тиімді әрі табыс көзіне айналатын құрал», – деді Есімханов.

Алайда әзірге мұндай бастаманы жүзеге асырған жеке үй иелері саусақпен санарлық. Күн батареяларын орнатуға шағын бизнес өкілдері әлдеқайда белсенді кіріскен. Мәселен, өткен жылы жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлер орнатқан күн панельдерінің жалпы қуаты екі еседен аса өскен.

Билік бұл үрдісті жандандыру үшін әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттандыру және қолдау шараларын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, елімізде жалпы қуаты 3 032 мегаватт болатын 153 жаңартылатын энергия көзі (ЖЭК) нысаны жұмыс істеп тұр. Бұл Қазақстандағы жалпы электр өндіру көлемінің 6,43 пайызын құрап отыр.

Министрлік халыққа тиімді ұсыныс айтыпты😍

2024 жылға арналған жылжымайтын мүлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 қазанда аяқталады

Салық заңнамасына сәйкес, мүлік салығының мөлшері туралы хабарламалар шілде айынан бастап меншік иелеріне жіберіледі. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар таратыла бастады.

Комитеттің мәліметінше, 2025 жылдың 2 қазанынан бастап салықты уақытында төлемеген азаматтарға берешегі туралы хабарлама жолданады.

Салықты төлеу тәсілдері әртүрлі:
• e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы;
• екінші деңгейлі банктердің қосымшалары мен бөлімшелері;
• eGov.kz порталы;
• банкоматтар мен төлем терминалдары арқылы қолма-қол немесе банк картасымен төлеуге болады.

Уақытында төлеуді ұмытпаңыз – кешігу айыппұлға әкелуі мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитеті ескерту жасады📍

Алдағы уақытта барлық пойыз бейнекамерамен жабдықталады — ҚТЖ

2025 жылдың соңына дейін 112 бағыт бойынша жүретін барлық пойыз бейнекамерамен жабдықталады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарда жолдағы қауіпсіздікті, жайлылықты және жедел ден қоюды арттыруға бағытталған заманауи бейнебақылау және бейнесараптау жүйелерін енгізеді. Пойыздарда 4000 камера орнатылған», — деп жазылған хабарламада.

Бейне жүйелер ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға, құқық бұзушылықтарды тіркеуге және қалдырылған заттарға қатысты әрекет етуге мүмкіндік береді, дейді компаниядағылар.

Орнатылған камералардың арқасында пойыздардағы құқық бұзушылықтар 2024 жылмен салыстырғанда 21%-ға төмендеп, шағымдар 32%-ға азайды және ұмытылған заттардың 91%-ы иелеріне қайтарылды.

Жақсы жаңалық екен!👍


Читайте также