Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
1 шілдеден бастап қазақстандық банктер мен “Қазпошта” шоттар мен салымдар туралы Ұлттық банкке жаңа форматта есеп тапсырады
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздегі екінші деңгейлі банктер, олардың шетелдегі филиалдары, Қазақстан даму банкі және “Қазпошта” клиенттердің шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді Ұлттық банкке жаңа тәртіппен ұсынуға кіріседі.
Енді қаржы ұйымдары келесі деректерді тұрақты түрде тапсыруы тиіс:
• Шот иесі туралы ақпарат.
Бұл есеп жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, халықаралық ұйымдарға және заңды тұлға ретінде тіркелмеген компанияларға қатысты толтырылады.
Мәліметтерді берудің мерзімі – 10 жұмыс күні.
• Депозит немесе шот келісімшарттары туралы мәлімет.
Жаңа ашылған, мерзімі аяқталған немесе шарттары өзгерген шоттар мен салымдарға қатысты толық ақпарат тапсырылады.
• Банк шоттарының жағдайы туралы есеп.
Бұл есепте клиенттің есепшотындағы барлық өзгерістер көрініс табады.
• Ақша қозғалысы туралы ай сайынғы есеп.
Есеп ай сайын жасалып, келесі айдың 10-шы жұмыс күнінен кешіктірілмей Ұлттық банкке берілуі керек. Онда шоттағы қаражат айналымы мен міндеттемелердің өзгерістері көрсетіледі.
Бұған дейін Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар енгізген болатын. Егер үш ай ішінде жеке тұлғаның шотына түскен мобильді аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (яғни шамамен 1,02 млн теңгеден) асып кетсе, бұл кіріс ретінде тіркеліп, есепке алынатын болады.
Жаңа заң күшіне еніпті🟢
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті жауып жүруге ресми түрде тыйым салынды
Тоқаев бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салатын заңға қол қойды.
Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Жаңа талап бойынша, енді адамдардың түрін жасыратын киіммен көшеде, мекемелерде және басқа да қоғамдық орындарда жүруге болмайды.
Алайда кейбір жағдайларда мұндай киімді киюге рұқсат етіледі:
️Медициналық көрсетілімдер бойынша;
️Қызметтік міндеттерді орындау барысында;
️Спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқанда және өзге де ерекше жағдайларда.
Тоқаев бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салатын заңға қол қойды📌
Қыркүйекте стипендия тағы көтеріледі
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов стипендия мөлшері қыркүйек айынан бастап тағы өсетінін мәлімдеді.
“Бұл сессияда біз әлеуметтік саясат пен азаматтардың әл-ауқатын қорғауды басты басымдық ретінде нақтыладық. Мұның айқын көрінісі – үш жылдық республикалық бюджет. Оның шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды”, – деді Қошанов.
Оның айтуынша, білім беру мен денсаулық сақтау салалары, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер ерекше назарда. Биылдың басында базалық зейнетақы 6,5 пайызға, ал еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын зейнетақы 8,5 пайызға ұлғайтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер көлемі мен оны алушылар саны да артқан.
“Қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы тағы да өседі. Соңғы бес жылда шәкіртақы шамамен екі есе көбейгенін ерекше атап өткен жөн. Бұған қоса, ғылыми атағы бар азаматтарға арналған үстемеақы да енгізілді”, – деді Мәжіліс спикері.
Қошановтың айтуынша, бұл қадамдар елдегі адами капиталды дамытуға бағытталған нақты шешімдердің бір бөлігі.
Тамаша!😍
Енді қыз алып қашқандар сотталады
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов некеге мәжбүрлеп отырғызу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін хабарлады.
“Соңғы уақытта “ұлттық дәстүр” деген желеумен қыз алып қашу жағдайлары жиілеп барады. Шын мәнінде, бұл – адамның құқықтары мен бостандығын өрескел бұзу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әрекеттерді Ұлттық құрылтайда “мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік” деп атап өткен болатын”, – деді Қошанов.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, заңнамадағы олқылықтар салдарынан мұндай істердің басым бөлігі жауапкершілікке тартылмай, тек санаулысы ғана сотқа дейін жеткен.
“Осы олқылықтың орнын толтыру үшін депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық жауаптылықты заң жүзінде бекітті. Бұл норма заң алдында әділ баға беріп қана қоймай, қыздарымыздың абыройы мен ар-намысын қорғауға жол ашады”, – деді ол.
Сондай-ақ Қошанов Парламент адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салғанын да атап өтті.
Бұл шешімдер қоғамдағы адам құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Абай болыңыздар!📍