Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
ҚазҰУ-дың жас ғалымы Оксфордқа шақырту алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының жас ғалымы Арыстанбек Ақылбай Оксфорд университетіне танылған студент ретінде қабылданды.
Жас ғалым 2025 жылғы қаңтардан бастап Ұлыбританиядағы Оксфорд жаһандық және аймақтық зерттеулер мектебінде «Аймақтану» мамандығы бойынша оқитын болады.
Құтты болсын!😍
Колледж мұғалімдерінің жалақысы көтерілуі мүмкін
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің жалақысын көтеруді ұсынды,
Депутат бұл мәселені Үкімет басшысына жолдаған сауалында көтерді.
“Техникалық және кәсіптік білім берудің жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін ұлғайту қажет. Оқу шеберханаларын заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықтау өзекті”, — деп айтты депутат.
Оның сөзінше, жұмысшы мамандықтарын даярлауға зор үлес қосып жүрген өндіріс шеберлерінің айлық жалақысын өсіру қажет.
“Колледждерде жалпы білім беретін пәндердің педагогтерінің жалақысын мектептегі педагогтердің жалақысымен теңестіру өзекті. Сонымен қатар, колледждерде еңбек ететін педагогтарға магистр, PhD ғылыми атақтары үшін үстеме ақы қарастыру қажет”, — деп ұсынды Сүлейменова.
Депутат педагогтердің жалақысын көтеруді ұсынған екен👍
17 жастағы робототехник қазақ баласы Пенсильвания университетіне шақырту алды
17 жастағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Иманәлі Көксал Пенсильвания университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Иманәлі Көксал 2023 жылы робототехникадан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанған.
“Сингапурдағы FGC 2023-те инженер болудан бөлек, матчтар кезінде жүргізуші болдым және роботты басқардым. Бұл стресске төзімділікті қажет етеді. Жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алдық. Бұл команданың ауызбіршілігі және табандылығы мен еңбек етуінің нәтижесі екенін көрсеттік”, — деді Иманәлі.
Иманәлі болашақта Қазақстанның технологиясы мен экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Сондықтан Пенсильвания университетін таңдағанын айтады.
Қандай керемет!👍
Бұрын кәсіпкерлердің 1-10 теңге көлеміндегі қарызы үшін шоттар бұғатталса, енді бұл шек 1000 теңгеге дейін арттырылмақ
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлердің банктік шоттарының қай уақытта бұғатталмайтынын түсіндірді.
Қарыз мөлшеріне байланысты сараланған тәсіл енгізіледі. Егер қарыз көлемі 20 АЕК-ке дейін (1 АЕК – 3 932 теңге, яғни 78 640 теңге) болса, кәсіпкерлерге алдымен ескерту жіберіледі. Ал үлкен сомадағы қарызы барлардың ғана шоттары бұғатталады.
Сонымен қатар, вице-министр әлеуметтік төлемдерге – зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдарға қатысты қарыздың аз мөлшері де шоттарды бұғаттау қаупін тудыруы мүмкін екенін айтты. Бұрын 1-10 теңге көлеміндегі қарыз үшін шоттар бұғатталса, енді бұл шек 1000 теңгеге дейін арттырылмақ.
– Біз бұл мәселе бойынша әлеуметтік блокпен бірлесе жұмыс істеп, шоттарды бұғаттау шегін арттыру туралы шешім қабылдадық. Яғни 1000 теңге көлеміндегі қарыз үшін шоттар бұғатталмайды, – деді Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ, ол аталған нормалар жаңа Салық кодексі жобасында қарастырылғанын және қазір талқылау сатысында екенін атап өтті.
Жеңілдік жасап жатыр екен📌