Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Елдегі микроқаржылық ұйымдардың несие жинағы 1,5 трлн теңгеден асты
2024 жылғы қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) кредиттік портфелі 1,5 трлн теңгеден асып, бір айда 2,5%-ға, ал жыл басынан бері 21,9%-ға ұлғайды. Бұл портфельдің 84%-ы қарапайым азаматтарға тиесілі.
Finprom сарапшыларының мәліметінше, мерзімі өткен берешегі бар микрокредиттер көлемі бір айда 7,4%-ға азайып, 287,3 млрд теңгені құрады, бұл жалпы портфельдің 18,9%-ы. Алайда жыл басынан бері бұл көрсеткіш 31%-ға өскен.
Мерзімі 90 күннен асқан проблемалық қарыздар көлемі бір айда 16%-ға қысқарып, 107,4 млрд теңгеге жетті. Дегенмен, жыл басынан бері бұл сегменттегі өсім 39,9%-ды құраған. Проблемалық микрокредиттердің үлесі қазан айындағы 8,6%-дан қарашада 7,1%-ға дейін төмендеді.
Несиелеу құрылымы
МҚҰ негізінен жеке тұлғаларға несие береді. Халыққа берілген микрокредиттер қараша айының соңында 1,3 трлн теңгені құрап, бір айда 2,7%-ға артты. Жеке кәсіпкерлерге берілген шағын несиелер 188,8 млрд теңгеге жетіп, 2%-ға ұлғайды. Ал заңды тұлғаларға берілген микрокредиттер көлемі 42,3 млрд теңгені құрап, 3,2%-ға азайды.
Проблемалық қарыздар үлесі
Мерзімі өткен қарыздардың ең көп үлесі жеке тұлғаларға тиесілі: қарашада 7,7%-ға дейін төмендесе де, жыл басындағы 6,6%-бен салыстырғанда өсім байқалады. Ал заңды тұлғаларда бұл көрсеткіш 5%-ды құраса, жеке кәсіпкерлер несиелердің тек 4%-ын кешіктіруде.
Бұған дейін банк секторындағы проблемалық несиелер мен халықтың шетел валютасына көбірек сенім арта бастағаны хабарланған еді.
Мәссаған, мына көрсеткішке не дейсіз?😶
МӘМС жүйесінде артық төленген ақшаны қайтарып алуға болады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне артық аударылған жарналарды қайтарып алу құқығы бар екенін мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров екі немесе одан да көп жерде жұмыс істейтін азаматтардың МӘМС жарна төлеу тәртібі жайында сұрақ көтеріп, пайдаланылмаған қаражатты қайтару қажет екенін атап өтті.
“Егер адам бірнеше жерде жұмыс істесе, әр жұмыс орнынан жарна аударылады. Алайда егер ол бір жыл бойы медициналық қызметке жүгінбесе, ақшасы босқа қалады. Бұл жағдай әділетсіздікке әкеледі. Әр азамат өз жарналарын бақылап, қажет болғанда пайдалануға құқылы болуы керек. Бұл қаражат азаматтың жеке меншігіндей болуы тиіс”, — деді депутат.
Министрдің айтуынша, мұндай мүмкіндік бар. Егер азаматтың бірнеше жұмыс орнынан аударылған жарналарының жалпы сомасы 850 мың теңгеден асып кетсе (ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшері), ол артық төленген соманы қайтарып ала алады. Бұл үшін азамат МӘМС жергілікті филиалына өтініш беруі қажет.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді💸
Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы арзандауы мүмкін
Депутат: Дәрі-дәрмек бағасын 20%-ға төмендету мүмкіндігі бар
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл мәселені реттеу мақсатында министрлікпен бір жыл бойы тығыз жұмыс атқарылған.
“Министрліктің дәрі-дәрмектердің шекті бағасын бекітетін арнайы бұйрығы бар. Оны зерттей келе, бұйрықта дәріханаларға қажетсіз қосымша табыс әкелетін маркетингтік шығындар мен үстеме пайыздардың бар екенін анықтадық. Жоғары аудиторлық палата бұл деректерді тексеріп, біздің есептерімізді растады. Осылайша, министрлікпен бірлесе отырып, маркетингтік қызмет пен үстеме төлемдерді алып тастау арқылы дәрі-дәрмек бағасын кемінде 20%-ға төмендетуге мүмкіндік туды”, — деді депутат.
Оның айтуынша, бұл өзгерістерді енгізу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Аталған бұйрық Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін, дәрі-дәрмек бағасы едәуір төмендеуі керек.
“Қосымша құн салығы алынып тасталғанымен, баға әлі де жоғары болып тұр. Қазір Салық кодексіне қатысты өзгерістер ұсынылды. Бұл түзетулер қабылданғаннан кейін дәрі-дәрмек бағасы айтарлықтай төмендейді деп күтеміз”, — деп қорытындылады Аймағамбетов.
Дәрі-дәрмек бағасына қатысты арнайы тексеріс жүргізілген екен🔗
Елдегі автонесие көлемі рекордтық деңгейге жетті
Бұл туралы Inform.kz-ке бірінші несиелік бюроның бас директоры Руслан Омаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, автонесие бойынша жасалған келісімшарттар саны 591 мыңнан асса, борышкерлер саны 559,2 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
“Біз автонесиелеу бойынша рекордты қатарынан екінші жыл байқап отырмыз. 2023 жылы бұл сектордағы өсім 64%-ды құраса, 2024 жылы 44%-ға жетті. Негізгі портфель тұрақты өсуін жалғастырып келеді”, — деді Омаров.
2024 жылы берілген автонесиелердің жалпы көлемі 1,8 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,2%-ға көп. Несие алушылар саны 214 мың адамға жетіп, 10,2%-ға артқан, ал жасалған шарттар саны 228,4 мың болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7%-ға өсті.
Автонесие бойынша орташа қарыз көлемі 8 млн теңгеге тең болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға немесе 529,5 мың теңгеге жоғары. Сонымен қатар, көлік құнының орташа көрсеткіші 10 млн теңгеге жеткен.
Желтоқсан айында 25 600 көлік сатылып, 26,7 мың автонесие рәсімделген. Бұл берілген несиелердің жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өскенін, ал автокөлік бағасының 6,4%-ға қымбаттағанын көрсетеді.
Несиелердің басым бөлігін екінші деңгейлі банктер берген, олардың жалпы көлемі 3 039,8 млрд теңгені құрады.
Бір жыл ішінде 44,8 пайызға өскен екен📌