Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 28 января, 2025


Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Жанар-жағармай бағасы ақпаннан бастап қымбаттайды

Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бензин бағасы 2025 жылдың ақпанынан бастап, ал сұйытылған газдың бағасы жақын күндері өсуі мүмкін. Сондай-ақ тауарлық газдың құны осы жылы жазда нарыққа қатысушылар үшін алғаш рет көтеріледі деп болжануда.

«Жанар-жағармай материалдары бойынша өткен жылдың ақпан айынан бастап бағалардың біртіндеп өсетінін күтіп отырмыз, сұйытылған газ үшін – жақын күндері. Тауарлық газ бойынша нарыққа қатысушылар үшін осы жылдың жазында баға алғаш рет көтеріледі деп күтіледі. Орташа есеппен алғанда, біз өткен жылы бағаны ырықтандырудың бірінші кезеңіне кірісіп кеттік. Баға аралығын ұлғайттық: бір жерде 54 теңге болса, бір жерде 85 теңгеге дейін. Қазіргі шек 59-дан 90 теңгеге дейін. Ең жоғары шекті шамамен 64-тен 98 теңгеге дейінгі деңгейде белгілейміз. Осы шектер бойынша өңірлерге байланысты баға көтеріледі», — деді Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте.

Ескере жүріңіздер🚗

Елорда жастары жеңілдетілген бірнеше шартпен баспана сатып ала алады

Астанада сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйде тұратын жұмысшы жастар енді “Елорда жастары” бағдарламасына қатыса алады.

“Бағдарламаға қатысу үшін негізгі шарт – төлем қабілеттілігін банк арқылы растау. Егер жеке табыс жеткіліксіз болса, бірлескен қарыз алушыларды тартуға болады. Жұмыс істейтін жастардың негізгі жұмыс берушіден тұрақты табысы болмаған жағдайда (мысалы, декреттік демалыста немесе жұмыссыз болса), жұбайы несиеге өтініш беру үшін қатыса алады”, – деп мәлімдеді Астана тұрғын үй орталығы.

23 қаңтардан бастап елордалық Тұрғын үй орталығында “Отбасы Банкі” АҚ қызметкерлері жалға алу мерзімі 2025 жылдың наурызында аяқталатын жастарға кеңес беріп, төлем қабілеттігін алдын ала тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Бағдарлама аясындағы несиелеу және “Елорда жастары” бағдарламасын жүзеге асыру 2025 жылдың ақпанының алғашқы онкүндігінде Астана қаласының Тұрғын үй орталығы мен “Отбасы Банкі” АҚ филиалдарында жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар басқа санаттағы қатысушылар үшін “Елорда жастары” бағдарламасының талаптары өзгеріссіз қалады. Бағдарламаға Астанадағы мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандар қатыса алады.

“Елорда жастары” бағдарламасы бойынша жастарға тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беріледі. Несие сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Бұл ретте бастапқы жарна тұрғын үйдің нарықтық құнының 10 пайызы көлемінде жинақталуы қажет. Несие мерзімі 19 жылға дейін. Жастар пәтерді бастапқы немесе екінші нарықтан сатып ала алады.

Тамаша мүмкіндік! Оқымандарымыз да үйлі болсын!🤲🏻

Алматыдағы метро бекеттеріне қоршау қойыла бастады

Halyqstan.kz телеграм арнасы қоршаулардың суретін жариялады.

Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі мәліметінше, металл қоршаулар «Момышұлы», «Сарыарқа», «Райымбек», «Мәскеу», «Алмалы» бекеттеріне орнатылған.

Қоршаулар вагондар арасындағы бекіткіштерге қарама-қарсы платформаларда орналасқан. Бұл вагондар тоқтаған кезде жолаушылардың жолда құлап кетпеуіне арналыпты.

Сақтық шаралары енгізіле бастапты👍

Елімізде электронды сауда-саттық көлемі артады

Үкіметтің кеңейтілген отырыснда Президент көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталды.

“Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек. Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек. “Мойынты – Қызылжар” бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. “Алтынкөл – Жетіген” темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады. Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс”, — деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

“Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек. Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз. Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс”, — деді ол.

Керемет!🔥


preload imagepreload image