Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 30 января, 2025


Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Ұлттық банк Қазақстанда 17 мың алаяқтық әрекеттің жолы кесілді

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов алаяқтыққа қарсы күрес аясында құрылған Антифрод-орталықтың қызметі туралы айтып берді. Оның айтуынша, орталық жарты жыл бұрын іске қосылған. Осы уақыт ішінде шамамен 1,5 миллиард теңгенің заңсыз аударылуына тосқауыл қойылған.

“Бұл аса ірі сома деп айту қиын, алайда алаяқтар көбінесе жүздеген миллион емес, 100-300 мың теңгеден алдап алуға тырысады. Жалпы, 17 мыңға жуық алаяқтық әрекеттің жолы кесілді, ал Ішкі істер министрлігі 11,5 мың оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады”, – деді Сүлейменов Bizdiñ Orta подкастында.

Оның сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды екен💸

“Ұлттық қор – балаларға”: Ертеңнен бастап әр балаға 129 доллар аударылады

«Ұлттық қор – балаларға»: Биыл әр балаға 129 доллардан астам қаражат аударылады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 2024 жылы әр балаға қанша қаражат бөлінетінін есептеп шықты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов inform.kz агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

“Өткен жылы 6 млн 918 мың бала жобаға қатысып, әрқайсысына 100 доллардан сәл асатын сома аударылды. Биылғы инвестициялық табыс жаман емес. Орташа инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына түседі. Бұл жаңалықты қуана бөлісемін, өйткені менің де осы бағдарламаға қатысатын балаларым бар”, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, биыл 6 млн 921 мың 35 бала жоба қатысушысы атанған. Жүргізілген есептеулерге сәйкес, әр балаға 129 доллар 38 центтен аударылады.

Ұлттық банк балаларға тиесілі қаражаттың ертеңнен бастап аударыла бастайтынын хабарлады. Шоттағы ақшаны eGov mobile қосымшасы және kids.enpf.kz сайты арқылы бақылауға болады.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді📌

Қазақ ұлттық өнер университетіне ресми түрде Күләш Байсейітованың есімі берілді

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Еске сала кетейік, оқу орнын қайта атау туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, бұл туралы өткен жылы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде жариялаған болатын.

Мемлекеттік қайта тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін, оқу орнына «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті» атауы ресми түрде берілді.

Бұл маңызды оқиға Күләш Байсейітованың ұлттық мәдениет пен қазақ өнеріне қосқан зор үлесін айшықтап, оның мол мұрасын жас ұрпаққа дәріптеудің айқын көрінісі болды.

Тамаша!😍

Жетісулық бас дәрігер жолаушыны ұшақ ішінде аман алып қалды

Жетісу облысы Көксу аудандық дәрігерінің бас дәрігері Жаннұр Сырымов қажыдан келе жатқан ер адамды бір ажалдан аман алып қалған.

Дәрігердің ерлігі жайлы денсаулық сақтау министрлігі жазып отыр. Дереккөзге сүйенсек, Қазақстанның бір топ азаматы Сауд Арабиясындағы қажылықтан елге оралып келе жатқан.

«Ұшақтың ішінде қажылыққа Павлодардан барған азамат тұмау тиіп, соған қарсы дәрі ішкен. Бір сағат ұйықтап оянған оның бет-аузы қатты ісіп, жағдайы нашарлаған. Бортсерік көмек сұрағанда Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов науқасқа бірден алғашқы көмек көрсете бастаған», — деп жазады ДСМ баспасөз қызметі.

Негізі, экипаж шұғыл жағдай болса ең жақын әуежайға тоқтаймын деген. Бірақ, Жаннұр Сырымовтың сөмкесінде жолаушыны құтқаратын екпелердің бәрі болған екен. Өйткені, дәрігер мүгедек әкесін қажылыққа апарып келе жатқан.

«Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, дәрі-дәрмек қобдишасын жанымнан тастамаймын.  Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде «Квинке ісінуі» деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетпесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден «Аллергопресс» және «Преднизолон» препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім», — деді Жаннұр Сырымов.

Міне, ерлік🙌🏻