Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қазақстанда мобильді аударымдарға байланысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін
Бұдай былай үш айда шотқа 1,02 млн теңгеден аса қаражат түскен жағдайда салық органдарына мәлімет берілуі мүмкін.
“Параграф” ақпараттық ресурсының хабарлауынша, үш ай ішінде шотқа түскен қаражаттың жалпы көлемі 1,02 миллион теңгеден асса, бұл ақпарат салық органдарына жолданады.
Қазіргі уақытта Қаржы министрінің осыған қатысты бұйрығы Ұлттық банктің қарауында.
Еске сала кетейік, 2022 жылдан бастап қаржы операцияларын бақылау жүйесі енгізіліп, жеке шоттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға шектеу қойылған болатын.
Аударымдарға байланысты заң қатаңдатылуы мүмкін💸
Еліміз төлем карталары саны бойынша Орталық Азияның барлық елін басып озған
Қазақстанда төлем карталарының саны 81,4 миллионға жетті
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы банктер айналымға шығарған төлем карталарының саны 81,4 миллионға жетті. Ең көп таралғаны – дебеттік карталар, олардың үлесі 81,5%-ды құраса, кредиттік карталар 15,5%-ды құрады.
Ұлттық Банктің мәліметінше, төлем карталары ең көп тіркелген қала – Алматы (16,27 млн). Басқа өңірлердегі көрсеткіштер:
• Астана – 5,42 млн
• Шымкент – 4,18 млн
• Түркістан облысы – 3,94 млн
• Қарағанды облысы – 3,68 млн
• Алматы облысы – 3,04 млн
Ең аз төлем карталары Ұлытау облысында тіркелген – 621,3 мың.
Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі төлем карталары саны
Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуда Орталық Азиядағы басқа елдерден озып тұр. Салыстырып қарасақ:
• Қазақстан – 81,4 млн
• Өзбекстан – 8,4 млн
• Қырғызстан – 8,55 млн
• Тәжікстан – 8,2 млн
• Түрікменстан – 5,82 млн
Салыстыру үшін, Пәкістанда (халқы 240,5 миллион) 2023 жылғы 15 сәуірдегі дерек бойынша барлығы 43 миллион төлем картасы ғана тіркелген.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер өсуде
2024 жылдың желтоқсанында қазақстандық эмитенттердің төлем карталары арқылы жасалған транзакция көлемі 19,9 трлн теңгеге жетіп, транзакция саны 1,2 млрд бірлікті құрады. Оның ішінде қолма-қол ақшасыз төлемдер 12,2%-ға өсіп, 1,16 млрд транзакцияға жетсе, олардың жалпы сомасы 19,7%-ға артып, 17,4 трлн теңгені құрады.
Сонымен қатар, қазақстандықтар қолма-қол ақша алу операцияларын да жүргізген:
• Операциялар саны – 20,8 млн
• Жалпы көлемі – 2,5 трлн теңге
• 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, қолма-қол ақша алу операцияларының саны 2,6%-ға азайып, сомасы 9,8%-ға артқан.
Қолма-қол ақшасыз төлемдердің негізгі бөлігі интернет/мобильді банкинг арқылы жүргізілді (операция санының 81%-ы, жалпы соманың 90,5%-ы). POS-терминалдар арқылы төлемдер үлесі – 19% (соманың 9,2%-ы).
Банкоматтар саны
Қазақстан аумағында қазіргі уақытта 12 569 банкомат жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Алматыда (2 288 банкомат). Астанада бұл көрсеткіш екі есе төмен – 1 431 банкомат.
Бұл деректер Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің кеңінен таралғанын және банк жүйесінің белсенді дамып жатқанын көрсетеді.
Мәссаған, жақсы жаңалық екен!👏🏻
Қазақстанда үздік таеквондошыға “Мұстафа Өзтүрік жүлдесі” табысталады
1 ақпанда Астанада Қазақстандық таеквондо федерациясының ұйымдастыруымен «Мұстафа Өзтүрік жүлдесі» марапатын табыстау салтанаты өтеді.
ҰОК мәліметінше, іс-шара барысында өткен жылды қорытындылап, 2024 жылы жоғары жетістіктерге жеткен және бұл спорт түрінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан спортшылар, бапкерлер мен төрешілер марапатталады.
«Мұстафа Өзтүрік жүлдесі» жыл сайын берілетін марапатқа айналады. Ол тек қазақстандық таеквондоның үздік өкілдерінің жетістіктерін атап қана қоймай, елімізде бұл спорттың дамуына үлкен үлес қосқан ұлы шебердің есімін мәңгі есте сақтауға мүмкіндік береді.
Тамаша!👍
Димаш Құдайберген жаңа әнінің премьерасын жариялады
30 қаңтарда Будапештте шығармашылық сапарда жүрген Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне бейнеүндеу жасады. Бұл туралы dimashnews.com жазды.
Құрметті достар, менің сүйіктілерім Dears! Бүгін 30 қаңтар – біздің ортақ мерекеміз. 2017 жылғы сол бір есте қаларлық күннен бастап, сіздерге алғаш рет осылай Dears деп атағаныма бүгін 8 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біз концерттік турларыммен Қазақстаннан бастап Азия, Америка, Еуропаға дейінгі көптеген қала мен елдерді араладық… Сіздердің ерекше ықыластарыңыз бен қолдауларыңыз үшін, менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, маған сенім артқандарыңыз үшін сіздерге айтар алғысым шексіз. Бүгінгі туған күнімізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді жаңа концерттер мен қойылымдарда асыға күтемін, — деді әнші.
Димаш Құдайберген жақында жаңа туындысы жарыққа шығатынын мәлімдеді.
– Бүгін осы мерекеге орай жаңа әніміздің премьерасын жасамақпыз. 7 наурызда әлемге әйгілі композитор және продюсер Вальтер Афанасьевтің жетекшілігімен халықаралық авторлар ұжымы жасаған туындыны жарыққа шығарамыз. Бұл – «Love’s not over yet» әні. Сіздерге ұнайды деген үміттемін! — деді.
«Love’s not over yet» әні – Димаш Құдайбергеннің орындауындағы туынды. Бұл туындыны екі мәрте Грэмми сыйлығының иегері атанған продюсер және композитор Вальтер Афанасьев бастаған халықаралық топ жазған болатын. Әнді Димаштың ерекше дауысына арнап Уолтер Афанасьефф, Доминик Бус, Флавиен Компаньон сияқты композиторлар және сөзін Девон Грейвс жазды.
Тамашаладыңыз ба?😍