Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
614 мың адамның 210 миллиард теңгеге жуық кредиті ішінара және толық кешірілген
Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады.
Агенттік басшысы президентке өткен жылдың қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өскен. Экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Бұған қоса, банктерден 400 млрд теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылған. Ал бәсекелестікті күшейту үшін банк секторына Оңтүстік Кореядан, Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінен шетелдік банктер тартылды.
Атқарылған жұмыстар:
2024 жылы бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды;
президенттің халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданды;
614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалып, ішінара немесе толық кешірілген;
азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау мақсатында заңнамалық түзетулердің жаңа топтамасы әзірленді;
азаматтардың тұрғын үйлерін апат тәуекелдерінен міндетті сақтандыру моделі әзірленді;
кредиттік рейтинг агенттіктері туралы, Инвестициялық және венчурлық қорлар туралы заң жобалары дайындалды;
Тоқаев агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейтуге тапсырма берді. Президент тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін де күшейтуді тапсырды.
Біраз адамға жеңілдік жасалыпты☝🏻
Алматы полициясы 300-ге жуық мопедті ресми түрде есепке алды
Алматы қаласының полиция департаменті 300-ге жуық мопедті ресми түрде есепке алды.
«Осы көлік түрінің жұмысын ретке келтіру мақсатында 2024 жылы заңға түзетулер енгізілген болатын. Бұдан былай мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады және заң талаптарын сақтауға міндеттеледі. Мопед иелері көлігін жеңілдетілген тәртіппен тіркей алады. ҚР ішкі істер министрлігі тіркеуге қажетті құжаттардың тізімін әзірледі, мопедтің жақтауында жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда да тіркеу жүзеге асырылады», — деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев.
Сондай-ақ полиция тіркеуге қажетті құжаттар тізімі көрсетілген ескертпелер таратып жатыр. 2025 жылдың 5 сәуірінде күшіне енетін заңға сәйкес мопедтер механикалық көліктерге теңестіріледі. Ал мопедті тіркеуден өткен және А1 санатындағы куәлігі бар жүргізушілер ғана тізгіндей алады.
Дұрыс шешім болған екен!👍
Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескертті
Ұлттық банк құнды заттарды инкассациялау қызметін ұсынатын компаниялардың түрлі интернет-ресурстарда жарияланатын хабарламаларына сақ болу керек екенін ескертеді.
“Өзге ұйымға берілген ҚҰБ лицензиясының реквизиттерін заңсыз пайдаланып жүргендер бар. Сондай деректің бірі өзін «Brinks» Инкассация қызметі» ЖШС деп атайтын ұйым сайтында (оны шетелдік The Brink’s Company инкассаторлық компаниясымен шатастыруға болмайды) орналастырылған. Сол арқылы бұл компания өз қызметінің заңды екенін көрсетуге тырысқан. Осындай ұйымдармен шарт жасасып, оларға құнды заттарды инкассацияға беру – тәуекелі жоғары іс”, – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Ұлттық банк азаматтар мен заңды тұлғаларды сақ болуға және инкассация бойынша қызметтерді жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың қызметін пайдалануға шақырады.
“Белгілі бір ұйымда лицензияның бар-жоғын тексеру үшін ҚҰБ сайтында орналастырылған тиісті лицензиясы бар ұйымдардың ресми тізілімімен танысу қажет. Қандай да бір алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуге кеңес береміз”, – делінген хабарламада.
Абай болыңыздар📍
«Тәртіпті өзіңнен баста!»: ІІМ елордалық оқушыларға жол жүру ережелерін үйретті
Бүгін «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында полиция қызметкерлері Дулат Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесу өткізіп, жол жүрісі қағидаларын түсіндіріп, жолда мұқият болу қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, аталған іс-шара «Заң және тәртіп» қағидасы аясында іске асырылды.
2024 жылы республика бойынша балалардың қатысуымен 8,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 мыңнан астам бала жарақат алып, 328 кәмелетке толмаған бала қаза тапты.
Интерактивті сабақтар барысында полицейлер балаларға жолдан қалай дұрыс өту керектігін, қандай жол белгілері мен реттеу сигналдары бар екенін, сондай-ақ төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйретті.
Іс-шараны өткізуге полиция қызметкерлерімен бірге қозғалыстың жас инспекторлары қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда 5 мыңнан астам қозғалыстың жас инспекторлары отрядтары жұмыс істейді. Олардың құрамында 50 мыңдай оқушы бар. Олар өз қатарластары арасында жол қауіпсіздігі туралы білімді шыңдауға көмектеседі.
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың адам өмірін қауіптен қорғайтыны айтылды. Өмірден алынған нақты мысалдар келтірілді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тәртіп сақшылары ашық диалог форматында жауап берді.
Жол жүру ережесін сақтап жүріңіздер!🙌🏻