Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 05 февраля, 2025


Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Әскерге барып келген жастарға арзан ипотека беру ұсынылады

Мәжілістегі «Amanat» фракциясы әскерге барып келген жастар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама енгізуді ұсынды.

«Бір жылдық әскерде болып келгеннен кейін 1 немесе 1,5 жыл тұрақты жұмыс істеген жастарға да ипотекалық арнайы бағдарлама ұсынылуға тиіс. Бұл жастардың әскерге баруын және отбасылы болуын ынталандырады. Үйлі болған адам отбасылы да болады және несиесін төлеу үшін тынбай еңбек етеді», — деді депутат Болат Керімбек.

Қазіргі кезде 20 өңірде жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін арнайы «Өңірлік жастар бағдарламасы» бар. Депутат үй алушылардың санатына әскерде болған жастарды да қосу қажет деп санайды.

Айта кетері, биылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады.

Ұсыныс қабылданса, біраз жасқа жеңіл болайын деп тұр екен👍

Елімізде қыз алып қашқандар 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қыз алып қашқандарға 3-5 жыл түрме жазасы ұсынылуда

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашқаны үшін 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, бұл қылмыс үшін бас бостандығынан айыру, айыппұл немесе қоғамдық жұмыстар қарастырылмақ. Кәмелетке толмаған адамды алып қашу немесе күш қолдану жағдайында 3-5 жылға түрмеге қамау жазасы ұсынылып отыр.

Бұған дейін Әбенов Қылмыстық кодекске қыз алып қашуға қатысты бөлек бап енгізуді ұсынған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл әрекетке біржола тосқауыл қою қажет екенін атап өткен болатын.

Ескере жүріңіздер!📍

Қазақстанға келген шетелдіктерге QR-коды бар арнайы карталар беріледі

Енді шетелдіктер Қазақстанға сапары кезінде QR-коды бар арнайы карталар алады, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Ведомстводағылар елге келетін туристердің қауіпсіздігі басты мақсат екенін деп түсіндірді.

«Енді әрбір шетелдік азамат елге кірген кезде, оның ішінде шекаралық бақылаудан өткен кезде SafeTravel.kz электронды көптілді порталына апаратын QR-коды бар арнайы карта алады. Портал туристердің Қазақстанда қауіпсіз сапары үшін қажетті ақпарат пен ұсыныстарды, сондай-ақ пайдалы мобильді қосымшаларды жүктеп алу сілтемелерін ұсынады», — делінген хабарламада.

Астана халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарға QR-коды бар алғашқы карталар беріле бастады.

Өзгеріс енгізіліп жатыр екен☝🏻

Алматыда әйелдер хоккейіне 600 млн теңге жұмсалмақ

Алматыда әйелдер хоккей командасына 600 млн теңге бөлінеді

Алматы спорт басқармасы әйелдер хоккей командасын 2025 жылғы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындайтын мердігер іздеуде.

600 млн теңге көлеміндегі қаржы жалақы, іссапарлар, спорт нысандарын жалға алу, көлік шығындары, хоккей жабдықтары, төрешілердің шығындары, жаттығу және қалпына келтіру шаралары, медициналық қызметтер мен санитарлық талаптарды қамтамасыз етуге жұмсалады.

Команданың басты мақсаты – Еуропалық әйелдер хоккей лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, жүлделі орын алу.

Мыссаған, дұрыс игерілсе болды👍