Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Мәулен Әшімбаев бюджет қаражатын үнемдеуде Илон Масктен үлгі алуға шақырды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Бюджет кодексінің жаңа жобасы талқыланып, сенаторлар оны Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отырыс барысында бюджет шығындарын оңтайландыру мәселесіне ерекше назар аударып, Үкіметке мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану туралы бірнеше ұсыныс жасады. Сонымен қатар ол АҚШ-та Илон Масктың жүргізіп жатқан жұмыстарын мысалға келтірді.
Әшімбаев, Бюджет кодексінің жобасын талқылау кезінде, қазіргі таңда АҚШ-та жаңа президент әкімшілігінің бюджетті үнемдеу саясатын қолға алғанын, сондай-ақ үкімет шығындарын қайта қарап жатқанын атап өтті.
“Олар жаңа министрлік құрды, оның құрамында Илон Маск та бар. Бұл министрлік үкіметтің бюджетін қысқартып, шығындардың тиімділігін бағалап, қажетсіздіктерді жоюмен айналысады. Бұл үнемділіктің нақты нәтижесін болашақта көреміз”, — деп мәлімдеді Әшімбаев.
Ол біздің елде де шығындар тиімділігін арттыру қажет екенін және шетел тәжірибесін міндетті түрде көшірмей, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескеруіміз қажет екенін айтты.
Ал сіз қалай ойлайсыз?🙂
Еуро-2027 чемпионатының іріктеуі: Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Англиямен бір топқа түсті
Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды.
Қазақстан жастар құрамасы бесінші қоржынға түсіп, D тобына орналасқан. Топтық кезеңде біздің құраманың қарсыластары Англия, Ирландия, Словакия, Молдова және Андорра болады.
Іріктеу ойындары 2025 жылдың наурызында басталып, 2026 жылдың қазанында аяқталады.
Футболшыларымызға жеңіс тілейміз!🙌🏻
Шымкенттен Еуропаға тікелей ұшатын жаңа әуе рейсі іске қосылмақ
Көлік министрлігінің хабарлауынша, Шымкент пен Будапешт арасындағы әуе рейсі іске қосылады.
Биыл 27 мамырдан бастап SCAT қазақстандық әуе компаниясы Шымкент – Будапешт бағыты бойынша жаңа рейс ашуды жоспарлап отыр. Рейстер Boeing 737 әуе кемелерімен аптасына екі рет (сейсенбі және сенбі күндері) орындалады.
Бұл бастама екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік байланысты нығайтуға септігін тигізеді деп күтілуде.
Тамаша!😍
“Астана” халықаралық форумына 4,5 млрд теңге қаражат бөлінбек
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биыл өтетін Астана халықаралық форумына 4,5 миллиард теңге жұмсалатынын мәлімдеді.
Форумды демеушілердің қаражатына өткізу жоспарланып отыр, бірақ егер қажет қаржы жетпесе, бюджеттен қаражат алу мүмкіндігі қарастырылмақ. Министр форумның маңыздылығын атап өтіп, бұл деңгейдегі іс-шаралар үшін бөлінген қаржы қалыпты екенін айтты.
Сонымен қатар форум Қазақстанға халықаралық танымал тұлғаларды тартып, елдің имиджін нығайтуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Мәссаған, аз сома емес екен😶