Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
16 жастағы жас футболшы Дастан Сәтпаев мансабын “Челси” клубында жалғастырады
Алматының “Қайрат” клубы мен Лондонның “Челсиі” 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевтың трансфері бойынша келісімге келді.
Алматылық клуб мәліметінше, Дастан 2026 жылғы жазда кәмелетке толған соң ағылшын клубына ресми түрде қосылады. Ол уақытқа дейін Сәтпаев “Қайрат” сапында өнер көрсетеді.
Дастан Алматыда дүниеге келген. Сегіз жасында “Қайрат” академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өтті.
Құтты болсын! Кремет жаңалық👍😍
Бұдан былай Қазақстандағы барлық кәсіптік-техникалық колледждер тегін оқытады
Қазіргі уақытта елдегі 772 колледжде 565 мың студент білім алуда. Еңбек нарығын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет 9-сынып түлектеріне тегін оқуға мүмкіндік ұсынып отыр.
Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша тегін білім алатын студенттердің саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға көп. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық салаларға бағытталады.
Басты міндет – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, оқу орындарын заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және педагогтердің біліктілігін арттыру. Осы мақсатта кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі кезең-кезеңімен трансформациялануда. Жоспарға сәйкес, мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту, халықаралық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламаларын енгізу және кәсіби шеберлік чемпионаттарын ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ, дуальді оқыту жүйесін дамыту үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды тарту қарастырылып отыр, – деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Бүгінде колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетуде, ал бұл санды 4 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Жұмыс берушілермен бірлесіп, WorldSkills талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Алдағы уақытта колледждер мен кәсіпорындар тағы 2 мыңнан астам оқу бағдарламасын жасақтап, өндірістік базада 2 мың педагогтың тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді.
Тамаша мүмкіндік екен!🔥
Қазақстандықтардың орташа жалақысы 434 мың теңгеге жетті
Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2024 жылғы IV тоқсандағы медианалық жалақы 308 717 теңге болған. Ал орташа жалақы 435 мың теңгеге жақындаған. Шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда, атаулы жалақының орташа мәні 434 982 теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға, нақты мәнде – 1,8%-ға өскен.
Төртінші тоқсанда орташа жалақының өскені жыл соңында берілетін қосымша төлемдер және мерекелік сыйақыларға байланысты болған.
Өңірлер арасында орташа жалақы ең көп Алматы және Шымкент қалаларында – 13,6%-ға, Қарағанды облысында – 13,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 12,9%-ға және Ақтөбе облысында – 12,6%-ға көтерілген.
Ал сіздің жалақыңыз орташа есепке жете ме?🤔
Қазақстандықтар бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіште 304 миллиард теңге айыппұл төледі
Кейінгі бес жылда Қазақстанда тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 2,5 есе артты. 2024 жылы олардың саны 15,1 миллионға жетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 6,1 миллион ғана болған. Айыппұлдар көлемі де рекордтық деңгейге жетіп, 304,3 млрд теңгені құрады – бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,2 есе көп.
Finprom.kz мәліметінше, айыппұлдардың басым бөлігі жол ережесін бұзғандарға салынды – 11,6 млн әкімшілік істің 91%-ы көлік және жол қозғалысына қатысты. Оның ішінде:
• 5,9 млн іс – жылдамдықты асыру,
• 2,9 млн іс – жол белгілерін елемеу.
Өңірлер бойынша ең көп айыппұл Алматы мен Маңғыстау облысында тіркелді:
• Алматыда 60,1 млрд теңге, оның 40,1 млрд теңгесі жол қозғалысын бұзғандарға салынған.
• Маңғыстауда 40,5 млрд теңге, оның 30,9 млрд теңгесі экологиялық заңбұзушылықтарға қатысты.
Сондай-ақ, салық заңнамасын бұзу – 35 млрд теңге, қоғамдық тәртіпті бұзу – 10 млрд теңге, сауда және қаржы саласындағы заңбұзушылықтар – 8,4 млрд теңгеге жеткен.
Мәссаған! Ал сіз айыппұл төледіңіз бе?😶