Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 11 февраля, 2025


Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Жылжымайтын мүлік нарығында жаңа үйлердің бағасы қымбаттап жатыр

Қазақстанда жаңа тұрғын үйлердің бағасы бір жыл ішінде 4%-ға қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әсіресе, Павлодар, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында баға өсімі байқалған.

Екінші нарықтағы пәтерлер мен жалға берілетін баспананың құны да тұрақсыз. Соған қарамастан, өткен жылы жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік жоғары болып, 400 мыңға жуық сатып алу-сату келісімі жасалған.

Ал биыл баспана бағасы қалай өзгереді? Наурыздан бастап жылжымайтын мүлік күрт қымбаттайды деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл сұраққа qazaqstan.tv Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риэлтерлер қауымдастығының президенті Лариса Степаненконың пікірін ұсынды.

“Баспана бағасы күрт өседі деп дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Қазіргі жағдайды ескерсек, баға сұранысқа байланысты қалыптасады. Доллардың тұрақсыздығы мен құрылыс материалдарының қымбаттауы сұранысты төмендетіп отыр. Сонымен қатар, тиімді ипотекалық бағдарламалар аз. Осы факторларды ескерсек, жыл соңына дейін баға 7%-ға өсуі мүмкін. Дегенмен қосылған құн салығына қатысты шешім нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін”, – дейді сарапшы.

Ал сіз байқадыңыз ба?🤔

3 мың теңгеге дейінгі мобильді аударымдарды бақылаудан бас тарту: Үкімет депутаттардың ұсынысын қолдамады

2025 жылдың қаңтарында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мобильді ақша аударымдарын бақылау халық пен бизнеске қолайсыз екенін айтып, үкіметке сауал жолдаған еді. Депутаттар мониторингке жататын төлемнің төменгі шегін 3-5 мың теңге көлемінде белгілеуді және бақылауға алынатын айлық айналымды 1 млн теңгеден асыруды ұсынды.

Алайда, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл ұсыныстардың қабылданбағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бөлшек саудада бір тауардың құны 3-5 мың теңгеден төмен болуы мүмкін, бірақ жалпы айналым жоғары. Сондай-ақ, табысы 1 млн теңгеден асатын азаматтарды бақылауға алу салық салудың әділдігіне қайшы келеді.

Қазіргі таңда Ұлттық банкте Қаржы министрінің бұйрық жобасы қаралуда. Жаңа критерий бойынша, қатарынан үш айда мобильді аударымдар арқылы 12 ЕТЖ (1 млн теңге) көлемінде кіріс алған тұлғалар туралы ақпарат мемлекеттік кірістер органдарына беріледі. Бұған дейін салықтық бақылау жеке тұлғаның үш ай ішінде 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша қабылдаған жағдайында ғана жүргізілетін.

Депутат Руслан Берденов курьер болып жүрген жалғызбасты анаға пәтер сыйлады

Әлеуметтік желіде белсенді Әбдісамат Әбдіш бұл туралы жазып, нәтижесінде Мәжіліс депутаты Руслан Берденов жалғызбасты анаға пәтер сыйлады. Ол «Asar Ume» еріктілер тобы арқылы қаржылай көмек аударған.

“Салтанат Мұратова – екі баласын өзі асырап отырған жан. Отбасын асырау үшін күндіз мәнті жасап сатса, кешке балаларымен бірге курьер болып жұмыс істейді. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов қайырымдылыққа үлес қосып, оның баспаналы болуына көмектесті. Білуімше, ол басқа да игі істердің басы-қасында жүреді, бірақ жария болуын қаламайды. Осындай жақсылықтарды көбірек насихаттасақ, игі істер көбейе түсер еді. Қыс айында екі баламен курьер болудың қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі ауыр… “ деп жазды Әбдісамат Әбдіш.

Тамаша! Мәжіліс депутаты жомарттық танытыпты👍

Қазақстанның жемқорлық деңгейі бойынша 88-орынға тұрақтады

Transparency International жариялаған 2024 жылғы “Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде” Қазақстан өз көрсеткішін жақсартып, 40 ұпай жинады. Еліміз 180 мемлекеттің ішінде 5 сатыға көтеріліп, 88-орынға жайғасты.

Бұл нәтижеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген кешенді шаралардың арқасында қол жеткізілді. Сарапшылар Қазақстанның 2016 жылдан бері көрсеткішін айтарлықтай жақсартқан елдердің қатарында екенін атап өтті. Сол уақыттан бері елдің индексі 11 ұпайға өсіп, 29-дан 40-қа жеткен.

Жаһандық деңгейде жемқорлықты қабылдаудың орташа көрсеткіші – 43 ұпай, ал Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағындағы 19 елдің орташа нәтижесі – 35 ұпай.

Орталық Азияда Қазақстан ең жоғары позицияны иеленіп, рейтингін жақсартқан жалғыз ел атанды.

“Индексте Қазақстаннан кейін Үндістан (38), Индонезия (37), Аргентина (37), Сербия (35), Украина (35), Бразилия (34), Таиланд (34), Түркия (34), Беларусь (33), Ресей (22) және т.б. елдер орналасқан.
Жемқорлықты қабылдау индексі Қазақстанның рейтингін шығару үшін 9 түрлі ұйымның деректері пайдаланылған композиттік индекс болып саналады. Рейтинг мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың сараптамалық және бизнес-бағалауларына негізделге”, — делінген Антикор хабарламасында.

Бұл 180 ел арасындағы көрсеткіш📍