Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 13 февраля, 2025


Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Қазақстандағы ең бай адам — Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алмақ

Вячеслав Ким Jusan Bank-тің 97,5%-ын сатып алуға өтініш берді

Белгілі кәсіпкер Вячеслав Ким Jusan Bank-тің 97,5% акциясын сатып алуға өтініш бергенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне растады. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлады.

Кимнің айтуынша, агенттік өтінішті қарастырып болған соң шешім қабылдайды. Сонымен қатар, ол бұл мәміленің Kaspi.kz компаниясына ешқандай қатысы жоқ екенін нақтылады.

Jusan Bank-ті Ким сатып алуы мүмкін деген ақпарат осы аптада БАҚ-та тарағанымен, сол кезде тараптар бұл туралы ресми түсініктеме бермеген еді. Ал бұған дейін Bloomberg 2024 жылдың қыркүйегінде кәсіпкердің банкке қызығушылық танытып жүргені туралы хабарлаған болатын.

Айта кетейік, Jusan Bank – Қазақстандағы алтыншы ірі қаржы мекемесі.

Мәссаған! 😶

Енді Қазақстанда дәрі-дәрмекті пошта арқылы алдыруға болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пошта, мемлекеттік қызмет көрсету, көлік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заңға қол қойды.

Бұл заңға «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бастамашылық етті. Жаңа заңға сәйкес, енді көппәтерлі үйлер мен ғимараттарда поштомат орнату заңмен реттеледі.  Ал абоненттік жәшіктерге қатысты талаптар өзгеріссіз қалады.

«Сәлемдемелерді QR-код немесе ПИН-код арқылы адресаттың келісімімен үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі қарастырылған. «Қазпошта» компаниясына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау құқығы берілді», — деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Бұдан былай қажет дәрі-дәрмекті алдыру қиындық тудырмайды👍

Президент кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.
2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.
3. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.
5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Тоқаев “2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы” Жарлыққа қол қойды📌

Жұмысынан айырылған 106 мың адамға әлеуметтік көмек берілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл ретте 31,2 мың адамға төлем осы жылы тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

— eGov.kz порталында авторизациялану;
— «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
— онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
— бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
— егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Төлемнің жалпы сомасы 9,4 млрд теңге екен💸