Кеш жарық, құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қазақстан ең мықты төлқұжат рейтингінде 95 елдің арасынан 52-орынға жайғасты
Рейтингті Global Passport Power Rank ұсынды.
Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары визасыз 46 елге саяхаттай алады, ал тағы 50 мемлекетте визаны шекарадан өткен кезде рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Сонымен бірге 102 елге бару үшін құжаттарды алдын ала рәсімдеу қажет. Осылайша, қазақстандық паспорттың мобильділік көрсеткіші 95 баллды құрады.
Биыл әлемдегі “ең мықты” паспорт Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі болды. БАӘ азаматтары визасыз 133 елге бара алады.
Екінші орынды Испания иеленсе, үшінші орынға Финляндия, Франция, Германия, Бельгия, Италия, Дания, Нидерланд, Люксембург, Австрия, Португалия, Швейцария, Норвегия, Грекия және Ирландия секілді 14 еуропалық ел жайғасты.
Тізімде Таиланды басып озыппыз🫠
2024 жылы қазақстандықтардың зейнетақы жинағын пайдалануға деген сұранысы екі есе артты
2024 жылдың желтоқсанында тұрғын үй жағдайын жақсартуға өтінім берген салымшылардың арнайы шоттарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 69,5 миллиард теңге аударылды. Бұл қараша айымен салыстырғанда 50%-ға көп.
Бірінші кредиттік бюро мәліметі бойынша, аталған мақсатта орындалған өтініштердің саны да айтарлықтай өсіп, 58%-ға артып, 89,7 мыңға жеткен.
Сонымен қатар, емделу үшін зейнетақы қорынан ақша алу көлемі де көбейген. Желтоқсанда бұл мақсаттағы өтініштердің жалпы сомасы алдыңғы аймен салыстырғанда 60%-ға, ал өтініштер саны 75%-ға өсіп, 36,5 мың өтінішке жеткен. Жалпы сомасы 32,9 миллиард теңгені құраған бұл өтініштердің басым бөлігі тіс емдеуге жұмсалған.
Мамандар желтоқсан айындағы белсенділіктің артуына нақты оқиғалар әсер етпегенін айтады. Оның үстіне, 2025 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі шекті деңгейі өзгеріссіз қалдырылған болатын.
Бұған дейін жұмыс істейтін зейнеткерлерге бюджеттік төлемдердің тоқтатылуы мүмкін екені айтылған еді. Алайда кейінірек олардың зейнетақы жинақтарын пайдалануға құқылы екені нақтыланды. Осыған қарамастан, бұл мәлімдеме көпшілік арасында белгілі бір деңгейде алаңдаушылық тудырғанын аңғаруға болады.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсалған зейнетақы қаражатының жалпы көлемі 565,5 миллиард теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге артқан. Мұндай айырмашылық, әсіресе жылдың екінші жартысында салымшылардың қаражат алудағы белсенділігімен түсіндіріледі. Еске салсақ, зейнетақы жинақтарын алуға қатысты шектеу енгізу мәселесі шілде айында қоғамда талқыға түскен еді.
Халық 565,5 млрд теңге шешіп алған көрінеді😶
NASA ғарышкерлері қаңтарда ашық кеңістікке екі рет шығады
Америкалық ғарышкерлер Ник Хейг пен Сунита Уильямс Халықаралық ғарыш стансасынан ашық кеңістікке екі рет шығады.
NASA мәліметінше, миссия осы айдың ортасы мен аяғына жоспарланған. Ғарышкерлер ғылыми құралдарды тексеріп, жаңа байланыс құрылғысын орнатумен айналысады. Бұл операция шамамен 7 сағатқа созылуы мүмкін.
Мәссаған, тамаша!😍
Елімізде маркетплейстердің сауда айналымы 1,8 трлн теңгені құрады
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, кейінгі бір жылда Қазақстандағы маркетплейстердің сауда айналымы 1,8 трлн теңгені құрады.
Мұны соңғы кездері әр қалада тауарды алуға арналған «посттаматтардың» қаптай бастауынан да байқауға болады.Кәсіпкерлердің айтуынша, тауарды алып кету пункттеріне күніне 100-150 адам келеді. Тұрмыстық заттар, киім-кешек, ойыншық – түрлі тапсырыстарын алып кетіп жатады. Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы электронды саудадан түскен табыс көлемі 476,7 млрд теңге болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге жеткен. Яғни, нарық үш-ақ жылда 5 есе ұлғайған. Ал оның 72,4% үлесі маркетплейстерге тиесілі, деп хабарлайды 24KZ.
«Мұнда 200 млн-ға дейін түрлі тауар бар. Ыдыстан бастап, киім-кешек, тіпті мысықтың тамағына дейін, былай айтқанда, бала-шағаға кез келген заттың бәрі бар. Астана қаласында қазір 170 нүктесі бар, әлі де 100 нүкте ашылу керек деген сыбыс естіліп жатыр», — дейді кәсіпкер Қуаныш Жеткерген.
Ресми цифрларға жүгінсек, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылы елдегі онлайн сауда үлесі 1,8% ғана болса, кейінгі екі жылда 12%-дан асқанын көре аламыз
«Бекітілген көрсеткіштер бойынша, министрліктің алдында 2030 жылға дейін электрондық сауда үлесін 20%-ке арттыру міндеті тұр. Ал қазіргі таңда ол бізде 12,7%-ті құрайды»,- дейді ҚР СИМ Электрондық және биржалық сауда департаментінің бас маманы Айгүл Оразаева.
Ал сіз маркетплейсті жиі қолданасыз ба?🤔