Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
16 жастағы футболшы Дастан Сәтпаев “Челсиде” айына 8,7 млн теңге алады
Лондонның “Челси” клубы 16 жастағы қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаевпен келісімшартқа отырды.
Трансфер құны 4,3 миллион еуроны құрап, Қазақстан футбол тарихындағы ең қымбат келісім болды. Келісімшартқа сәйкес, ойыншы айына 14 мың фунт стерлинг (шамамен 8,7 миллион теңге) жалақы алады.
Алайда 2026 жылға дейін Сәтпаев туған клубы “Қайрат” сапында өнер көрсетеді. Дегенмен ол “Челси” жаттықтырушыларымен жеке бағдарлама бойынша дайындалып, ал матчтарға қатысу мүмкіндігі Лондондық клубпен келісіліп отырады.
Келісімшарт бойынша, жалақысы ата-анасына жіберіліп, Дастан бұл қаражатқа 22 жасқа толғаннан кейін ғана қол жеткізе алады. Кәмелет жасына дейін ол Қазақстанда қалып, содан кейін ғана Англияға көшеді.
Тамаша!👍
Қорғаныс министрлігі қайтыс болған сарбазды жерлеуге 314 мың теңге бөледі
Қорғаныс министрлігі «Әскери қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертiгуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшiлердің мәйiтін тасымалдау және құлпытасын орнатуға қатысты мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын әзірледі.
“Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілердің мәйітін тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты шығыстар айлық есептік көрсеткіштің сексен еселенген мөлшерінде белгіленсін”, — делінген құжатта.
Сарбаздарымыз аман-есен борышын өтеп қайтсын дейміз🤲🏻
Биыл Қазақстан кинотеатрларында экшн және фэнтези жанрындағы “Алтын Адам” анимациялық фильмі көрерменге жол тартады
Мультфильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен әзірленген.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, “Алтын Адам” өмір отын іздеп, Хан тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгерінің оқиғасын баяндайды. Ол сол сапарда сенімді дос табады, қауіпті қарсыластармен шайқасады. Сан түрлі сынақтан өтіп, ол нағыз жауынгерге атанып, туған жерін зұлымдықтан қорғайды.
Фильмнің режиссерлері – Тұрдыбек Майдан (“Мұзбалақ” жобасының авторы) және Тілек Төлеуғазы.
“Алтын Адам” жобасының басты мақсаты – адамның тек сырты ғана емес, ішкі жан дүниесі де «алтын» бола алатынын көрсету. Фильмге Есік қорғанынан табылған Алтын адам археологиялық мұрасы арқау болған. Жоба 2D форматында жасалды. Бұл әдіс ежелгі дәуірді қаз-қалпында бейнелеуге, сол кезеңнің қабырға суреттері мен сәулет өнерін көрсетуге мүмкіндік берді, — делінген мәліметте.
“Алтын Адам” – бұл тек ерлік пен батырлық туралы хикая ғана емес, жас көрерменге терең философиялық ой салатын туынды.
Керемет!😍
Астанадағы бейнебақылау басқармасы БАӘ-нің жеке компаниясына берілетін болды
2025 жылғы 13 наурызда Астанадағы «Сергек» жүйесінің қолданылу мерзімі аяқталады. Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейменов мәслихат отырысында келісімшарттың ұзартылмайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, елордада жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқарудың жаңа жүйесі енгізілуде. Жоба БАӘ-нің Presight компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Жаңа жүйені әзірлеу барысында «Сергек» жобасының кемшіліктері ескерілген. Бұл жолы бейне ағынын берудің бірыңғай жүйесі қарастырылып, қала бойынша 22 мың бейнебақылау камерасы орнатылады. Оған қоса, қиылыстарда 732 аппараттық-өңдеу кешені (АӨК), ал желілік учаскелерде 470 АӨК жұмыс істейді. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерінің 15 түрлі бұзылуын анықтау және бейнеаналитиканың 35 түрін қолдану қарастырылған.
Жобаны іске асыруға 53 миллиард теңге инвестиция құйылады, ал жүйенің толық жұмыс істеуі 2030 жылға дейін жоспарланған.
Мәссаған, енді қалай болар екен?!😶