Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 17 февраля, 2025


Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍

Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 млн 700 мың болды

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, оның 88,1% – жеңіл автомобильдер, 9,9% – жүк автомобильдері және 2% – автобустар.
Айта кетерлігі, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында барлығы 1 млн 836 мың автокөлік тіркелген. Олардың басым бөлігі желтоқсан айында есепке қойылған екен.

Сонымен қатар елімізде әлі де ескі көліктер саны басым. Ресми мәлімет бойынша 20 жылдан аса жүрілген көліктер саны – 2 млн 518 мың автокөлік болып отыр. Ал шыққанына 10-20 жыл болған көліктер – 1 млн 361 мың автокөлік екені белгілі болды.
Өңірлер бойынша ең көп көлік Алматы қаласы (667 мың көлік) мен Алматы облысында  (610 мың көлік) тіркелген. Қазақстан бойынша дипломатиялық нөмірмен жүрген 51 мың көлік болса, өңірі көрсетілмеген 314 мың темір тұлпар бар екен.

Мәссаған! Бұл 2025 жылы шыққан көрсеткіш екен😶

Алматыда пилоттық режимде «Сергек» камераларының жаңа функциясы іске қосылды

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі оның Сәтбаев көшесі бойында Достық даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықтың оңтүстік және солтүстік жағында сыналатынын нақтылайды.

«Осы территорияда бейнебақылау жүйелері көлік құралдарын тұраққа қою ережесін бұзушылықты, оның ішінде екінші қатарға қою жағдайларын анықтайды», — дейді полициядан.

Алматы қалалық әкімшілік полициясы ҚР Жол қозғалысы ережелерінің 85-тармағына сәйкес, көлік құралын жолдың жүріс бөлігінің шеткі қатарына паралелль қоюға рұқсат етілетінін еске салады.

ҚР ЖҚЕ-нің 87-тармағы 8-бөлігі көлік құралына басқа көлік құралдарының қозғалысын (кіруіне немесе шығуына кедергі келтіретін) шектейтін немесе басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін (кептеліс тудыратын) орындарда тоқтауына тыйым салады.

Сондай-ақ, ҚР ӘҚБК-нің 597-бабының 3-тармағына сәйкес, «басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасауға әкеліп соққан көлік құралдарын жол бөлігінде қалдыру немесе тұраққа қою қағидаларын бұзу 10 АЕК (39 мың 320 теңге, жеті күн ішінде төлеген кезде – 5 АЕК – 19 мың 660 теңге) мөлшерінде айыппұлды қарастырады.

Жаңа функцияға сәйкес айыппұл мөлшері де жоғары💸

Астана тұрғыны жолда дрифт жасағаны үшін 15 тәулікке қамалды

Астаналық тұрғын Триумф аркасы маңында дрифт жасағаны үшін 15 тәулікке қамалды

Полиция әлеуметтік желілерді бақылау барысында Toyota жүргізушісінің жолда маневр жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады.

Ол 20 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Жол ережесін сақтап жүріңіздер! 📌

Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері артты

Бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың қаңтар айында республикалық бюджеттен барлығы 6 млрд теңге сомаға 33,7 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында екені ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақыны 3,6 млрд теңге сомасына 123 мың адам алды.

Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

— бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
— бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
— екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
— үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 33,3 млрд теңгеге 23,6 мың адам алды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 714 618 теңгені құрады.

Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.

2025 жылы бұл төлем 24,2 мың адамға тағайындалды, ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 93 740 теңгені құрады. Төлем 37,2 млрд теңге сомасында берілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық.

Бір немесе одан да көп балаға берілетін жәрдемақы мөлшері белгілі болды💸


Читайте по теме