Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Депутаттар Қазақстанда коучтар мен бизнес-тренерлерді сертификаттауды ұсынды
Қазақстанда коучинг пен бизнес-тренинг саласын реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаттары тұтынушыларды жалған мамандардан қорғау мақсатында коучтар мен бизнес-тренерлерді міндетті түрде сертификаттау жүйесін енгізуді ұсынды.
Депутат Динара Наумованың айтуынша, елде ұйымдастырылатын тренингтер мен семинарлардың сапасына халықтың жиі көңілі толмайды. Көптеген азамат жылдам жетістікке жету мен мол табыс табуға уәде берген күмәнді курстарға қатысып, қомақты қаражат жұмсайды.
Расымен, кейінгі уақытта коучтар тым көбейіп кеткен секілді📌
Микроқаржы ұйымдарында халықтың төлей алмай жүрген несиелерінің көлемі артқан
2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі микоқаржы ұйымдары берген несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер көлемі 296 млрд теңгеге жеткен.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарында микроқаржы ұйымдарының кредиттік портфелі 1,55 трлн теңгені құрады. Бір айда оның көлемі аздап, яғни 1,97%-ға өсті. Негізгі үлес жеке тұлғаларға берілген шағын несиелер құрайды, шамамен 1,3 трлн теңге (2024 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда +2,4%). Одан кейін жеке кәсіпкерлікке берілген несиелер тұр: 197,1 млрд теңге (+4,4%). Үштікті заңды тұлғалар түйіндейді: 44,9 млрд теңге (+6,1%).
Сонымен қатар, несие портфеліндегі мерзімі өткен несиелер көлемі бір айда 3%-ға, яғни 295,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Ең үлкен өсім 1-ден 30 күнге дейін кешіктіргендер құрайды: 18,3% немесе 100,8 млрд теңге. Сондай-ақ, NPL мөлшері 61-ден 90 күнге дейін кешіктергендер 9,05%-ға (шамамен 47 млрд теңге) өсті. 90 күннен асатын мерзімі өткен берешек несиелерге келетін болсақ, мұнда 4,7%-ға немесе 102,3 млрд теңгеге дейін төмендеу болыпты. Сол секілді NPL мөлшері 31-ден 60 күнге дейінгілері 11,2%-ға, яғни 45,8 млрд теңгеге дейін азайды.
Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарында 90 күннен астам мерзімі өткен микроқарыздар бойынша провизия мөлшері шамалы ұлғайды: 87,4-тен 87,9 млрд теңгеге дейін (+0,57%).
Ал сіздің қарызыңыз бар ма?😮
Кәмелетке толмаған балаларға TikTok желісін қолдануға шектеу енгізілуі мүмкін
Депутат Жанарбек Әшімжанов TikTok желісіндегі жастарға зиянын тигізетін мазмұнның пайдалы контенттен басым екенін атап өтіп, алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, әлемнің бірқатар елі бұл платформаға шектеу енгізе бастаған.
Мәжіліс депутатының мәліметінше, соңғы екі жылда TikTok-қа 14,1 миллион қазақстандық тіркелген, ал негізгі аудиторияны балалар мен жастар құрайды. Әшімжановтың пікірінше, бұл платформада құмар ойындардың жарнамасы кең таралған, әдепке қайшы әрекеттер стримдер арқылы көрсетіледі, діни уағыздар бақылаусыз таратылады, сондай-ақ тыйым салынған заттардың жарнамасы мен теріс әрекеттерге үндейтін ақпараттар жиі кездеседі.
Осыған байланысты депутаттар TikTok-тағы зиянды контентке қатаң шектеу енгізуді, кәмелетке толмағандардың бұл желіні пайдалануына тыйым салу немесе шектеу қою тетіктерін қарастыруды ұсынды.
Сіз бұл ұсынысты қолдайсыз ба? 🤔
Енді қазақстандықтар үшін тегін медициналық көмек аясында онкоскринингтік тексерулер қолжетімді болады
Қазақстан азаматтары үшін онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін тегін скринингтік тексерулер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институттарына резидентура бағдарламалары бойынша мамандарды өз бетінше даярлау құқығы беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін Парламент Мәжілісінде қабылданған екі маңызды түзету жөнінде айтты.
Депутаттың айтуынша, қабылданған түзетулердің бірі медициналық сақтандыруы жоқ 3,5 миллион қазақстандық үшін үлкен жеңілдік әкелмек. Бұған дейін әлеуметтік сақтандыруы болмаған азаматтар онкологиялық скринингтен өте алмайтын. Бұл қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға кедергі келтіріп, ауру асқынған жағдайда ғана емдеу басталатын. Енді сақтандырылмаған азаматтар да тегін скринингтен өтіп, онкологиялық дертті алғашқы сатысында анықтау мүмкіндігіне ие болады. Депутаттар бұл бастаманы Үкіметпен келісіп, оң шешімге қол жеткізген.
Сондай-ақ, медицина саласындағы ғалымдарды даярлау жүйесі жетілдіріледі. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін профессорлар дәрігер-ғалымдарды тек медициналық университеттерде дайындап келсе, енді бұл процесс ұлттық ғылыми-зерттеу институттарында жүргізіледі. Бұл шешім кардиохирургия, онкология, травматология секілді маңызды бағыттардағы мамандарды тәжірибелік тұрғыда оқытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депутат Нартай Аралбайұлы көтерген мәселе де шешімін тауып, енді есту қабілеті бұзылған балаларға қажетті есту құралдарын мемлекет тегін беретін болды.
Жақсы жаңалық екен!👍