Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Енді Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізгендердің жазасы жеңілдеуі мүмкін
Сенатор Марат Қожаев: Жазаны жеңілдету мәселесін талқылауға дайынбыз
Сенатор Марат Қожаев мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету туралы ұсынысты талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бастапқыда жүргізуші куәлігінен 1 жылға айыру көзделген, кейін бұл мерзім 2 жылға, ал соңында 5-7 жылға дейін ұзартылды. Алайда, қатаң шараларға қарамастан, мас жүргізушілердің жол апатына түсуі тоқтаған жоқ, бұл адам өміріне қауіп төндіріп отыр.
Сонымен қатар, жазаның тым ұзақтығы кейбір азаматтарға ауыр соққы болуда. “Кәсібі жүргізушілікпен байланысты адамдар 7 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылса, отбасын қалай асырайды? Бұл әділетті ме?” – деген сұрақ туындайды, деді сенатор.
Қазір бұл мәселені Мәжіліс депутаттары қарастыруда. Егер ұсыныс Сенатқа келіп түссе, сенаторлар оны жан-жақты талқылауға дайын.
Мәссаған, бұған не дейсіз?😮
Елмізде бүгіннен бастап автонесие алу жеңілдеді
Қазақстанда автонесие алу шарттары жеңілдетілді
Қазақстанда азаматтарға бұрынғы қарыздарының көлеміне қарамастан, автонесие рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа қаулы қабылданды.
Енді қазақстандықтар отандық автокөлікті жеңілдетілген шарттармен несиеге ала алады. Бұрын қаржы мекемелері несие беру кезінде қарыз алушының басқа несиелерін ескеріп, төлем қабілеттілігін бағалайтын. Егер қолданыстағы несиелер бойынша берешек көп болса, автонесие мақұлданбауы мүмкін еді. Ал жаңа қаулыға сәйкес, қазақстандық көлікті сатып алу үшін несие алу барысында қарыздық жүктеме ескерілмейді.
Жаңа автонесиенің негізгі артықшылықтары:
• Қарыздық жүктеме есепке алынбайды – енді өзге банктердегі несиелеріңіз автонесие рәсімдеуге кедергі болмайды.
• Төмен пайыздық мөлшерлеме – автонесие жылдық 4% мөлшерлемемен беріледі.
• Отандық автоөндірісті қолдау – бұл бағдарлама Қазақстандағы автомобиль өндірісін дамытуға бағытталған.
Қаржы нарығын дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа қаулы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Осы аралықта автонесие рәсімдеу кезінде борыштық жүктеме коэффициенті есептелмейді.
Автонесие алудың негізгі талаптары:
1. Жаңа автокөлік сатып алу – Қазақстанда алғаш рет тіркелетін және несие кепілі ретінде ұсынылатын автокөліктер.
2. Қолданылған көлік сатып алу – бастапқы жарна кемінде 50% болуы тиіс.
3. Үш жылға дейін пайдаланылған көлік – бастапқы жарна кемінде 30% болуы қажет.
4. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында – арнайы бағдарламалар арқылы автонесие рәсімдеу мүмкіндігі.
Дегенмен, банк ұйымдары қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалауды жалғастырады. Бұл шара несиелік тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Енді көлік мінетіндердің саны да артатын шығар😍
Қазақстандықтарға “Ата-аналар мектебінде” оқу міндеттелмек
Қазақстанда ата-аналарға арналған курстар міндетті болуы мүмкін
Қазақстанда ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балаларды қорғау мақсатында арнайы курстар енгізілуі мүмкін. Бұл өзгеріс 2023-2025 жылдарға арналған “Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарға” енгізілмек.
Министрліктің ұсынысы бойынша, болашақ ата-аналар мен жас отбасыларға арналған оқыту курстары міндетті болуы ықтимал. Атап айтқанда, жас жұбайлар некелерін заңды түрде тіркемес бұрын, жүктілік кезінде, бала дүниеге келер алдында, сондай-ақ, баланы балабақша мен мектепке қабылдамас бұрын арнайы курстардан өтуі тиіс.
Бұл бастаманың мақсаты:
• Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру;
• Балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуін жеңілдету;
• Ата-аналар мен педагогтар, медицина қызметкерлері арасындағы өзара әрекеттестікті жақсарту;
• Әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын ынталандыру.
Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай қадам отбасындағы қарым-қатынасты нығайтып, балалардың психологиялық әрі эмоционалдық саулығына оң әсер етеді. Сонымен қатар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен тиімді байланыс орнатуға көмектеседі.
Қазіргі таңда бұл ұсыныс қоғам талқысына шығарылып, көпшіліктің пікірлері ескерілмек.
Жақсы бастама екен!👍 Қолдайсыз ба?
Қазақстанда дарынды жастарға тегін жоғары білім беретін inVision U факультеті ашылады
Қазақстанда дарынды жастарға тегін білім беретін inVision U факультеті ашылады
Satbayev University мен inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстан мен Орталық Азия жастарына тегін жоғары білім беретін inVision U факультетін құрады. Бұл жоба талантты түлектерге IT, маркетинг, медиа, ғылым және мемлекеттік басқару салаларында білім алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйегінде басталады. Оқу тегін, ал аз қамтылған студенттерге жатақхана, тамақтану және көлік шығындары үшін стипендия қарастырылған. Алғашқы оқу жылы дайындық курсынан (Foundation year) басталып, студенттер ағылшын тілі, математика және IT бойынша тереңдетілген білім алады.
Оқытудың басты ерекшелігі – практикалық жобалар мен командалық жұмысқа басымдық беру. Түлектерге өз стартаптары мен әлеуметтік бастамаларын іске асыру үшін қолдау көрсетіледі. Оқу ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
inVision U – Алматыда жеке кампус құруды және болашақта жобаны басқа елдерге кеңейтуді көздейтін қазақстандық бастама.
Тамаша!👍