Баршаға сәлем, қымбатты оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз📍
Алматыда Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған көрме ашылды
Мемлекеттік орталық музейінде Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда» кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елдің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау шараларын күшейтудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде биыл Жошы Ұлысының (Ұлы Даланың) құрылғанына 800 жыл толатынын және еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз байланысты екенін айтты.
Іс-шара барысында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының, сондай-ақ «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының коллекцияларынан 300-ге жуық бірегей экспонат, Алтын Орда, Хорезм, Самарқан, Иран және басқа да өңірлерге тиесілі күміс дирхемдер мен мыс теңгелер ұсынылды.
Сонымен қатар көрме аясында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстелі өтті. Жиынға ортағасырлық қала мәдениетін зерттеуші ғалымдар, реставраторлар, сәулетшілер және басқа да мамандар қатысты.
Керемет! Міндетті түрде тамашалап қайтыңыздар!👍
Наурызда 1 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға шығады
Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Ұлттық банкі басқармасының кезекті отырысында ақша және валюта нарығындағы жағдай туралы баяндама қабылданды.
2025 жылғы 28 наурыздан бастап 2024 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайны бар 1 000 теңгелік банкнотаны айналымға шығару туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ 2025 жылы екі жаңа коллекциялық монета – «GRIFFIN» («Көшпенділер аңызы мен мифтері» сериясынан) және «OTYRAR» («Қазақстанды монеталар арқылы зертте» сериясынан) монеталарын шығару әрі айналымға енгізу мәселесі бекітілді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар жиында төлем жүйелері және Ұлттық банктің өзге де қызметіне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданды.
Дизайны ұнады ма?🤔
93 блогерге жіберілген салық хабарламасы кері қайтарылды
МКК техникалық қателікке байланысты салық сомаларын қайта есептегенін және жаңартылған хабарламаларды блогерлерге қайта жібергенін мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті техникалық ақауға байланысты 169 салық хабарламасын кері қайтарды. Оның ішінде 93 блогерге салынған 9,8 млрд теңге салықтық міндеттеме де бар. Бұл қателік уақытша мәселе болды. Барлық деректер қайта қаралып, жаңартылған салықтық міндеттемелер блогерлерге жолданды, – делінген ресми хабарламада.
Оларға 9,8 млрд теңге төлеу міндеттелген еді📌
8 наурыз мерекесіне орай аналарға әлеуметтік төлем беріледі
Мемлекет тарапынан түрлі деңгейде әлеуметтік көмек қарастырылып, ана мәртебесін асқақтататын арнайы іс- шаралар ұйымдастырылуда.
Түркістан облысы тұрғындарының тең жартысына жуығы – әйелдер. Аймақ көпбалалы аналардың ең көп шоғырланған өңірлерінің бірі, мұнда 185 349 ана төрт және одан да көп баланы тәрбиелеп отыр.
Бұл аналардың ішінде:
* 117 927 ана – 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар;
* 2 175 ана – “Батыр ана” атағына ие;
* 18 570 ана – “Алтын алқа” иегері;
* 43 413 ана – “Күміс алқа” иегері;
* 3 264 ана – I-II дәрежелі “Ана даңқы” орденімен марапатталған.
*
Түркістан облысында әлеуметтік көмектің негізгі бағыттары – көпбалалы және табысы төмен отбасыларды қолдау. Бүгінде 5 265 отбасы (31 933 адам) атаулы әлеуметтік көмек алып отыр, олардың 62%-ы көпбалалы отбасылар.
Жергілікті әкімдіктер мерекеге орай аналарды арнайы құттықтаулармен қамтып, мұқтаж жандарға қаржылай және заттай көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыруда.
Аналарға деген құрметті арттыру мақсатында, Түркістан облысында 63 мыңнан астам көпбалалы анаға 484,8 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Әр анаға төленетін орташа сома – 7 864 теңге.Бұл қаражат аудандық және қалалық бюджеттен бөлінеді.
Шымкент қаласында да “Алтын” және “Күміс” алқа иегерлері, “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған аналарға 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем қарастырылған.
Тамаша!😍