Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Биыл әскерге 43 мыңға жуық азамат шақырылады
2025 жылы 18 жастан 27 жасқа дейінгі саны ер азаматтарды әскер қатарына шақыру туралы президент жарлығын іске асыру бойынша үкімет қаулысына премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Әскерге шақыру комиссияларының жұмысын және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі саны 42 098 ер азаматты 2025 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында әскерге шақыру жүргізілсін, – делінген қаулыда.
Еске салайық, 2025 жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады, оның ішінде:
ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары – 700 адам;
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – 80 адам;
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы – 131 адам;
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі – 4 адам.
Мәссаған, ал сіз баруға дайынсыз ба?🤔
Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген ақшаны арнайы комиссия тексере бастайды
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады.
Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі Комиссия жұмысын қайта бастады. 2014 жылы құрылғаннан бастап ол ҚР Ұлттық Банкінің қарамағында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап Комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болды.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Комиссияның қызметі жаңартылған форматта және жаңа құраммен жалғасады. Ұзақ үзілістен кейін биыл 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатада Комиссияның отырысы өтті.
Жиынға Президент Әкімшілігінің, Ұлттық Банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің лауазымды тұлғалары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары және т.б. қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың ерекше рөлі мен маңыздылығын тағы да атап өтті.
«Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», — деді Президент.
Отырыс барысында Комиссия төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін атап өтті.
«Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынабайланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде.
«Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
1. Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
2. Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.
Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және т. б. мәселелер талқыланды.
ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ол ҚР Президентінің Өкімімен 2014 жылы құрылған.
Дұрыс бастама екен👍
65 этникалық қазақ елде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасын алды
Этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін 65 «Ата жолы» картасы берілді. Елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алды, ал сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды.
«Қазақтар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан біз үшін шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ата жолы» картасын алушылар ішінде инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясының дәрігерлері, педиатрлар және т.б. мамандар бар, олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды, Финляндия, Қырғызстан және Өзбекстан секілді шет елдерден келді.
«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанымен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Бұл Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға өз шығу елдерінің азаматтығын сақтай отырып беріледі.
«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін дербес таңдайды.
«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие.
«Ата жолы» картасының иегерлері (және олардың отбасы мүшелері) мынадай құқықтарға ие:
* медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде қызмет және әлеуметтік төлемдер алу;
* ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;
* ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;
* «Білім туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн орта бiлiм алу, мемлекеттiк орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн орта арнаулы және/немесе жоғары бiлiм алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;
* «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;
* азаматтық саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу.
«Ата жолы» картасы бар адамдардың ҚР Парламенті мен мәслихаттарына сайлануға, сондай-ақ сайлауда дауыс беруге, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ әрі мемлекеттік қызметке қабылданбайды.
Құтты болсын!🔥
Сауда министрлігі халықты 6,5 млн теңгеге алдаған коучты сотта жеңіп шықты
Талдықорғанда алаяқ коучтен зардап шеккен азаматтар сотта жеңіске жетті
Талдықорғанда мемлекеттік сатып алу курсына қатысты даулы іс аяқталды.
Істің басталуына Жұлдыз Ідірісованың Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сапасыз курсқа қатысты шағымдануы түрткі болды. Департамент мамандары бұл жағдайды әлеуметтік желіде жариялап, азаматтарды қабылдау ұйымдастырды. Кейін тағы 8 адам дәл осы коучтың жұмысына шағым түсірді.
Тексеру барысында кәсіпкердің салық заңнамасын елемей, ресми келісім-шарт жасаспағаны және төлем кезінде фискалды чек бермегені анықталды. Ол уәде етілген бір айлық курстың тек 3-4 дәрісін өткізіп, кейін оқытуды тоқтатқан. Бұл ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заңының 13-бабының өрескел бұзылуы деп танылды. Салдарынан азаматтар ақшасын қайтармай, оқусыз қалған. Кейбірі курсқа қатысу үшін несие рәсімдеген.
Жалпы, 18 адам коучтың әрекетінен зардап шеккені белгілі болды. Олардың арасында Жетісу облысынан бөлек, Алматы, Қостанай және Астана тұрғындары да бар. Жоғалған қаржы көлемі 6,6 млн теңгеге жеткен.
Сот процесі барысында кәсіпкер үш тұтынушыға 850 мың теңгеден, екі адамға 450 мың теңгеден қайтарып үлгерді. Алайда сот талапкерлердің мүддесін толық көлемде қорғау туралы шешім қабылдады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 2024 жылы білім беру саласына қатысты 877 шағым түскен. Азаматтар көбінесе сапасыз курстарға, біліксіз оқытушыларға және төлемді қайтарудан бас тартуға шағымданған.
Комитет азаматтарға күмәнді «оңай баю» курстарына сенбеуді, тренерлер туралы ақпаратты мұқият тексеруді, міндетті түрде ресми келісім-шарт жасап, фискалды чек талап етуді ескертеді. Егер күмәнді жағдай орын алса, тиісті органдарға жүгіну қажет.
Алданған азаматтардың құқығы қорғалыпты🙌🏻 Абай болыңыздар!