Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 26 февраля, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Ғылыми жобалардың жүлдегерлері 6 миллионға дейін бірреттік төлем ала алады

Мәжіліс депутаттары білім және мәдениет мәселелері жөніндегі заң жобасына бірқатар түзету дайындады. Олардың қатарында халықаралық ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлеріне біржолғы төлем беру бастамасы да бар. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл шара Президенттің дарынды жастарды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.

Халықаралық деңгейде білім мен қабілет сынға түсетін мұндай байқаулардың жеңімпаздары үшін ең жоғары төлем мөлшері – 6 миллион теңге. Бұл сома жыл сайын өсіп отырады. Бұл бастама талантты оқушыларға қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар моральдық ынталандыру да болмақ. Бұған қоса, оқушылардың жетістікке жетуіне үлес қосқан мұғалімдер де назардан тыс қалмай, оларды ынталандыру шаралары қарастырылмақ.

Сондай-ақ, депутаттар жоғары оқу орындарының кейбір түлектерін мемлекеттік грантты өтеуден босату, ал кейбірі үшін өтеу мерзімін кейінге шегеру мәселелерін де көтерді. Қазіргі заңнамаға сәйкес, мемлекет есебінен білім алған түлектер белгілі бір уақыт ішінде грантты өтеуге міндетті. Алайда, депутаттар тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, ата-ана атанған немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған түлектерді бұл міндеттен босатуды ұсынды. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл бастаманы Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап отыр.

Тамаша мүмкіндік екен!👍

Қазақстандағы “ең бай зейнеткер” 994 мыңға жуық зейнетақы алады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Қазақстандағы зейнетақы төлемдеріне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады.

2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еліміздегі ең жоғары ай сайынғы зейнетақы төлемі 993 040 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қаңтар айында 945 752 теңге болған еді.
Зейнет жасына жеткен азаматтарға БЖЗҚ-дан төленетін орташа айлық төлем 35 523 теңге. Қаңтар айында бұл көрсеткіш 33 906 теңге болған. Орташа төлем мөлшерінің өсуі қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

БЖЗҚ мәліметінше, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 17,24 миллион зейнетақы шоты тіркелген. Бұл көрсеткіш ел тұрғындарының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде қатысып отырғанын дәлелдейді.

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың зейнетақы активтері 22,64 триллион теңгеге жетті. Соңғы 12 айда зейнетақы активтері 4,52 триллион теңгеге немесе 25 пайызға өсті. Бұл өсім қазақстандықтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Мәссаған, бұл кім болды екен?😶

Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына бір жылда 20 млрд теңге салған

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қаржы пирамидаларының кең таралуына алаңдап, Бас прокурор мен Қаржылық мониторинг агенттігіне депутаттық сауал жолдады. Ол халықты жалған жарнамаларға сенбеуге шақырып, әсіресе тұрғын үй кооперативтері арқылы алдану қаупін атап өтті.

Депутат елдегі ең ірі тұрғын үй кооперативтерінің бірі “Asar Baspana” қаржы пирамидасы ретінде айыпталып, қызметі тоқтатылғанын, ұйымдастырушылары қамауға алынғанын айтты. Компания кеңсесінен 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша мен қымбат көліктер тәркіленді. Мыңдаған салымшының тағдыры белгісіз, сот шешімін күту қажет.

Сондай-ақ, “Тендерная биржа” компаниясына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Депутаттың айтуынша, 2023 жылы “алаяқтық” бабымен 45 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, халық қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге салған. Ол мемлекеттік органдарды халықты қорғау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Абай болыңыздар!📌

Депутат елімізде жыныс ауыстыруға тыйым салуды ұсынды

Депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда жыныс ауыстыруға тыйым салуды ұсынды

Депутат Магеррам Магеррамов ұлттық құндылықтарды қорғау мақсатында жыныс ауыстыруға заңмен тыйым салуды ұсынды.

Оның айтуынша, Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен дәстүрлі құндылықтары гендерлік сәйкестілік мәселелерін қайта қарауды талап етеді.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сай, 21 жасқа толған және психикалық немесе мінез-құлықтық бұзылыстары жоқ азаматтарға жыныс ауыстыруға рұқсат етіледі.

Магеррамовтың пікірінше, «жыныстық сәйкестілік бұзылыстары» белгілі бір ауытқушылық ретінде қарастырылуы тиіс. Егер физикалық ауытқулар анықталмаса, бұл жағдай адамның психологиялық немесе мінез-құлықтық ерекшеліктерімен байланысты деген сөз. Сондықтан дені сау адамға гормондық және хирургиялық араласу жүргізу негізсіз деп есептейді.

— Мұндай медициналық араласулар ұлттық мәдениетке жат идеялардың таралуына ықпал етеді, — деді депутат.

Магеррам Магеррамов бастаған партия өкілдері заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін жыныс ауыстыруға уақытша тыйым салуды талап етті. Бұл бастама дәстүрлі құндылықтарды сақтау және ұлттық мәдениетке сәйкес келмейтін көзқарастардың таралуын шектеу мақсатында көтерілді.

Жақсы ұсыныс екен📍