Баршаңызға сәлем, қымбатты оқырмандар!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз 📍
💸 1 ақпаннан бастап Ұлттық қордан әр баланың шотына 118-120 доллар шамасында ақша түседі
2007 жылы туған, 2025 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтардың нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды есептеу де 01.02.2025 жылы кешіктірілмей жүзеге асырылады, — деп жауап берді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры баспасөз қызметі.
БЖЗҚ түсетін қаражаттың есебі жүргізіліп жатқанын айтты.
Қаржы министрі Мәди Такиев келер жылы әр баланың шотына 118-120 доллар аралығында ақша түседі деп болжаған еді.
“Сіздің сұрағыңызға келсек, бұл қаражаттың доллармен аударылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар бұл сома уақыт өте өсе береді. 2024 жылы инвестициялық табыс 2,6 пайызды құрады. Егер келер жылы бәрі ойдағыдай болса, 3 пайызға дейін өсім болады деп болжап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз”, – деп жауап берді министр.
Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің болжамы басқа. Реттеуші банк басшысы жан басына шаққанда 130 доллардан бөлінуі мүмкін екенін атап өтті. Жалпы бағдарламаға биыл 890 млн доллар бөлінгенін айтады.
“Жан басына шаққанда әр балаға 130 доллар. Бірақ Мәди Төкешұлы айтқандай, 1 қаңтарға дейін қанша бала дүниеге келеді, қаншасы 18 жасқа толды – осының бәрін есептеп, тиісті ақпаратты жеткіземіз. Ал инфляция қорғалған, өйткені қаражат доллармен сақталып жатыр”, – деп толықтырды Ұлттық банк төрағасы.
Өткен жылы 7 миллионға жуық балаға 100 доллардан түскен болатын👍
🚘 Көлігін 5 минуттан артық қыздырғандарға 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады
Сенат кулуарында депутат Марат Қожаев тұрғындар арасында қызу талқыға түскен көлік қозғалтқышының жұмыс уақытына қатысты тәртіп туралы пікір білдірді.
ІІМ-нің мәліметінше, тұрғын үйлер маңында қозғалтқышы 5 минуттан ұзақ жұмыс істеп тұрған көліктерге тыйым салынған. Ережені бұзғандарға 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл, ал қайталап бұзған жағдайда 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл қарастырылған.
Сенатордың айтуынша, бұл талап жаңа емес, ұзақ уақыт бойы қолданыста бар.
“Бұл норма экологиялық талаптарды сақтау мақсатында енгізілген. Қалаларымыздың ауасының ластануы жоғары деңгейде болғандықтан, осындай шара қолдануға мәжбүрміз. Әрине, бұл тәртіп бойынша жауапкершілікке тарту үшін нақты дәлелдер қажет. Мұндай жағдайларда бейнежазба, уақытты тіркеу секілді әдістер пайдаланылады. Егер ереже бұзушылық анықталса, кінәлі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады”, – деді Қожаев.
Мәссаған, бұған не дейсіз?🤔
🛫 Елімізде бірнеше курорттық аймақта жаңа әуежай салынады
Қазақстанда авиация саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады. Қазіргі таңда бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Автомобиль жолдары
2030 жылға дейін елімізде көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылады. Жаңа автожолдардың жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым, оның 3,7 мың шақырымы – І санаттағы жолдар.
2025 жылы келесі ауқымды жобалар жүзеге асырылады:
* Қызылорда – Жезқазған (208 км)
* Ақтөбе – Ұлғайсын (234 км)
* Қарағанды – Жезқазған (572 км)
* Сарыағаш қаласы айналма жолы (102 км)
* Қызылорда қаласы айналма жолы (20 км)
* Қызылорда – Сексеуіл (470 км)
* Атырау – Доссор (86 км)
* Рудный қаласы айналма жолы (16,9 км)
* Жаңаөзен – Кендірлі (156 км)
* Петропавл қаласы айналма жолы (8 км)
* Түркістан қаласы айналма жолы (29,6 км)
* Астана – Қостанай – РФ-мен шекара (830 км)
* Шымкент қаласы айналма жолы (48 км)
* Атырау – Орал (орташа жөндеу, 516 км)
* Атырау – Шапай (136 км)
* Алматы – Талғар – Бәйдібек би (68 км)
* Алматы – Үшқоңыр (48 км)
* Бейнеу – Сексеуіл (736 км)
* Жайық өзені арқылы өтетін көпір (6,5 км).
Бұл жобаларды іске асыруға жалпы көлемі 9 трлн-нан астам теңге инвестиция көзделген. Қазір инвесторлар тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Теміржол және су көлігі
Теміржол көлігі саласында да бірқатар ауқымды модернизация жоспарланған. 2025 жылы 225 жаңа вагон сатып алынады.
«Достық – Мойынты» жобасы бойынша темір жол құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, тәулігіне 12-60 пойыз жұбының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар «Алматы айналма жолы» жобасы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ «Достық – Бескөл» және «Мойынты – Балқаш» учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Бұл шешім көрсетілген учаскелердегі пойыз қозғалысын жақсартуға және жүк тасымалы мәселелерін шешуге көмектеседі.
Теңіз көлігі және Ақтау порты
Теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды, бұл порттың өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттырады. Бұл Қазақстанның халықаралық логистикадағы орнын нығайтып, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағытындағы контейнерлер тасымалы көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жеткізілетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар портта тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл оның терминалдық қуаты мен контейнерлерді тасымалдаудың тиімділігін арттырады.
Тамаша!😍
☝🏻 Келесі айдан бастап электр энергиясы қымбаттауы мүмкін
Бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құны кВт/сағатына шамамен 2 теңгеге (3 цент) өсуі мүмкін. Ведомство бұйрықты «Ашық НҚА» порталына орналастырды. Сондай-ақ министрлік энергия өндіруші 36 ұйым 1 ақпаннан бастап электр энергиясының шекті тарифін түзетуге өтінім бергенін хабарлады.
Электр бағасын көтерудегі негізгі мақсат — өндірістік мамандардың жалақысын арттыру. Былтыр орташа жалақы 18%-ке артып, 425 мың теңге болды. Ал биыл 15-20%-ке ұлғайту жоспарлануда, бұл орайда жалақы орташа есеппен 490 мың теңгеге көтеріледі.
«Энергетика секторында білікті маман тапшы. Энергетика кәсіпорындарында 4,5 мың маман жетіспейді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қызметкерлердің нақты саны 52,5 мың адам болды. Жалақыны ұлғайту саладағы мамандарды тартуға және ұстап қалуға бағытталған», — деп хабарлады энергетика министрлігі.
Ескере жүріңіз!