Бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтары

Автор: редактор 04 марта, 2025


Кеш жарық, құрметті оқырман!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅

Мұғалімдердің жалақысы соңғы 5 жылда 2 есе өскен

Оқу-ағарту министрлігі соңғы бес жылда еліміздегі мұғалімдердің жалақысы қалай өскені туралы ресми мәлімет жариялады.

Қазақстанда 8 мыңға жуық мектепте 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Олардың 300 мыңы біліктілік санатына қарай қосымша үстемақы алады.

Жалақы өсімі:
• 2020 жылдан бері мұғалімдердің еңбекақысы 100%-ға артты.
• 2023 жылы қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға көбейді.
• Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандарына 30-35% көлемінде үстемеақы қосылды.

“Педагог мәртебесі туралы” заң аясында:
• Педагог-шебер – 50% үстемеақы алады.
• Педагог-зерттеуші – 40%.
• Педагог-сарапшы – 35%.
• Педагог-модератор – 30%.

Қалалық және ауылдық мұғалімдердің жалақысы:
• Ауыл мұғалімдері қалалық әріптестерінен кемінде 25%-ға көп алады.
• 2024 жылғы дерек бойынша:
• Мұғалімнің орташа жалақысы (16 сағат) – 352 мың теңге.
• Ауыл мұғалімдері – 435 мың теңге.
• 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істейтін ұстаздардың орташа табысы – 581 мың теңге.

Сонымен қатар 2023 жылы 89 мұғалім мемлекеттік марапатқа ие болды, олардың әрқайсысына 3,6 млн теңге (1000 АЕК) сыйақы берілді. Бұл тізімге “Үздік педагог” байқауының жеңімпаздары, Еңбек ерлері және Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары кірді.

Тамаша! Ұстаздардың еңбегі зор!👍

Түркістандық оқушы әлемнің үздік 30 университетінен шақырту алды

Түркістан облысы Арыс қаласындағы Абай атындағы «Білім инновация» ер балалар лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерасыл Жүнісбек әлемнің үздік 30 университетінен шақырту алды. Бұл туралы Baq.kz мәлімдеді.

Ал Ерасылдың сынып жетекшісі бұл қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасы екенін айтады.

Ерасылдың табысы біздің лицей оқушыларының әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп, болашақ түлектерге үлкен жігер сыйлайды. Бұл – қажырлы еңбектің, білімге деген құштарлықтың және табандылықтың нәтижесі. Ерасылды осы керемет жетістігімен құттықтаймыз. Алдағы уақытта биік белестерді бағындыруына тілектеспіз, — дейді сынып жетекшісі Мақсат Темірхан.

Құтты болсын! 😍

Қазақстанда бизнеске несие кепілдігін беретін екі қор құрылады

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында бизнеске арналған кредиттерге кепілдік беретін екі жаңа қор құрылатынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мұндай кепілдік беру тетігі басқа елдерде тиімділігін дәлелдеген, сондықтан Қазақстанда да оны енгізу туралы шешім қабылданды.

Қорлар қалай жұмыс істейді?

• Бірінші қор – шағын және орта бизнеске (ШОБ) арналған. Ол кредиттерге кепілдік беріп, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемін ұлғайтады.
• 2024 жылы бұл қор 1,7 трлн теңгеге 30 мыңға жуық ШОБ жобасын қаржылай қолдайды.
• Екінші қор – ірі бизнеске арналған. Ол стратегиялық маңызы бар жобаларды қажетті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі.

Жақсы мүмкіндік екен!🔥

Мерзімі өткен жеке куәлік пен төлқұжатты енді онлайн ауыстыруға болады

Қазақстандықтар мерзімі өткен жеке куәлік пен төлқұжатты енді онлайн режимде ауыстыра алады.

Бұл Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығының арқасында мүмкін болмақ. Құжат «Ашық НҚА»порталында жарияланды және 19 наурызға дейін талқыланып, содан кейін ол 31 наурызға дейін жүзеге асырылады.

«Жобаның мақсаты – «Қазақстан Республикасының азаматтарына төлқұжаттарды, жеке куәліктерді беру», атап айтқанда жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты жеке куәлік беру мемлекеттік қызметін көрсетуді қолданыстағы тәртіпке балама ретінде 2026 жылдың 1 наурызына дейін онлайн форматқа көшіру», — делінген бұйрықта.

Жобаның қабылдануы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе басқа да теріс салдарға әкеп соқпайды және ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер етпейді, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Бір жұмыс жеңілдемек✔️